Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылғы маусымдағы жеңістер саны бойынша әлемдік рейтингті бастап тұр. Ол тіпті ерлер арасындағы әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнердің өзін басып озды.
Биыл Еленаның қоржынында 27 жеңіс бар. Бұл әйелдер (WTA), сондай-ақ ерлер (ATP) арасындағы ең үздік көрсеткіш болып отыр. Оның басты бәсекелесі, италиялық Янник Синнер одан бір жеңіске қалып келеді (26 матч).
Отандасымыз өзінің соңғы жеңісіне Мадридте өткен беделді «мыңдық» турнирде қол жеткізді. Онда Рыбакина әлемнің 36-шы ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньді 4:6, 6:4, 6:3 есебімен ұтып, жарыстың 1/8 финалына жолдама алды.
Енді ширек финалға шығу үшін Елена Анастасия Потапова (Австрия) немесе Елена Остапенко (Латвия) жұбының жеңімпазымен бақ сынайды.
Айта кетейік, Рыбакина Мадридтегі жарысын румыниялық Елена-Габриэла Русені айқын басымдықпен ұтудан бастаған болатын.
