Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонтодағы беделді WTA-1000 турниріндегі өнерін аяқтады. Ақтық сында қазақстандық спортшы польшалық Ига Швентекке жол берді.
1 сағат 16 минутқа созылған бұл матч – қос теннисшінің тарихындағы он үшінші кездесу. Осыған дейін олардың өзара көрсеткіші тең (6:6) болатын. Алайда бұл жолы Швентек ойын тізгінін бірден өз қолына алды: ол бірінші сетте-ақ ерте брейк жасап, небәрі 29 минуттың ішінде партияны жеңіспен аяқтады.
Рыбакина үшін бұл – Торонто турниріндегі мансабындағы алғашқы финал (бұған дейін ол тек ширек финалға дейін жеткен). Жалпы, қазақстандық спортшы бұл жарыс барысында кортта 11,5 сағатқа жуық уақыт өткізді. Ол төрт бірдей үш сеттік матч ойнады, оның ішінде түн жарымынан ауа аяқталған Коко Гауффпен өткен ауыр жартылай финал да бар.
Матчтан кейін Елена өзінің қатты шаршағанын жасырмады. «Менің әлім мүлдем қалмады. Аяқпен жұмыс істеуге күшім жетпегені көрініп тұрды. Орынсыз қателіктер көп болды. Зейінімді толықтай жоғалтып алдым», – деп ағынан жарылды ол. Статистикаға сүйенсек, ол кездесу барысында бір ғана эйс жасап, төрт қос қателік жіберді және екі брейк-пойнттың бірде-біреуін жүзеге асыра алмады.
Ал Швентек, керісінше, мінсіз ойын өрнегін көрсетті. Ол 5 брейк-пойнттың 4-еуін сәтті пайдаланып, артқы шептен мықты қорғаныс пен дәл соққылар жасай білді. Бұл жеңіс – польшалық теннисшінің осы маусымдағы алғашқы, ал WTA-1000 санатындағы мансабындағы 12-титулы.
Жеңіліске қарамастан, Рыбакина 650 рейтинг ұпайы мен шамамен 565 мың доллар көлемінде табысқа кенелмек. Сондай-ақ, ол әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен арадағы ұпай айырмашылығын айтарлықтай қысқартты – қазір оларды 354 ұпай бөліп тұр. Ендігі кезекте қазақстандық теннисшіні Цинциннатидегі WTA-1000 турнирі күтіп тұр. Онда Елена өзінің былтырғы жартылай финалдық нәтижесін қорғайтын болады.
