Әлемнің екінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Штутгартта өткен WTA 500 турнирінде жеңіске жетті. Финалдық кездесуде ол әлемдік рейтингте 12-орында тұрған чехиялық спортшы Каролина Мухованы 7:5, 6:1 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Бұл – Рыбакинаның биыл Australian Open додасындағы триумфынан кейінгі екінші, ал кәсіби мансабындағы 13-ші кубогі. Германиядағы сәтті ойыны үшін Елена 500 рейтингтік ұпай, 160 мың еуро көлеміндегі сыйақы және су жаңа Porsche 911 Carrera S Cabriolet көлігін иеленді.
Айта кетейік, қазір спортшының гаражында немістің қос суперкары тұр: 2024 жылы ол Porsche Taycan 4S Sport Turismo ұтып алса, енді міне, коллекциясы 911-ші сериялы кабриолетімен толықты.
Бұл Рыбакинаның Штутгарттағы екінші жеңісі екенін айта кеткен жөн – мұндағы алғашқы титулын ол 2024 жылы жеңіп алған болатын. Осы табысынан кейін қазақстандық теннисші 25 жеңіс пен небәрі 5 жеңіліс көрсеткішімен 2026 жылдың қорытынды нәтижелері бойынша іріктелетін чемпиондық жарыста қайта көш бастады.
