Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі «Мастерс» сериясының ширек финалына жолдама алды. Қазақстандық теннисші тартысты өткен матчта Украина өкілі Марта Костюкті (WTA рейтингінде 28-орын) екі сетте – 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Бұл туралы WTA ресми сайты хабарлады.
Корттағы кездесу 1 сағат 26 минутқа созылды. Ойын статистикасы Рыбакинаның басымдығын көрсетті: ол бір эйс жасап, екі рет қос қателік жібергеніне қарамастан, 7 брейк-пойнттың 5-еуін сәтті пайдаланды. Ал оның қарсыласы бірде-бір эйс жасай алмады, оған қоса жеті рет қос қателік жіберіп, 6 брейк-пойнттың тек 3-еуін ғана өз пайдасына шеше алды.
Ширек финалда Рыбакина WTA рейтингінде 54-орында тұрған британдық теннисші Сонай Карталмен кездеседі.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының басында Дохада өткен WTA-1000 турнирінде Елена Рыбакина өзінің кәсіби мансабындағы 400-жеңісіне қол жеткізген болатын. Ал өзінің алғашқы жеңісін ол Санкт-Петербургтегі турнирде тойлаған еді.
«Бұл Санкт-Петербургте болған еді, маған іріктеу кезеңіне wild card берілді. Мен бірінші айналымда-ақ үздік ойыншыны жеңдім. Мен үшін керемет апта болды, рейтингім күрт көтеріліп, соның арқасында басқа да WTA турнирлеріне қатысуға мүмкіндік алдым», – деп еске алды Рыбакина матчтан кейінгі сұхбатында.
