Қазақстандық теннисші Индиан-Уэллс турнирінің жартылай финалына шығып, әлемдік рейтингте екінші сатыға табан тіреді
Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі (АҚШ, Калифорния штаты) WTA-1000 санатындағы қатты төсеніште өтіп жатқан турнирдің 1/4 финалында америкалық Джессика Пегуланы айқын басымдықпен қапы қалдырды. Кездесу екі сетте 6:1, 7:6 (7:4) есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді.
Осы жеңісінің арқасында Елена әлемдік рейтингте Ига Швёнтекті артқа тастап, 16 наурызда ресми түрде әлемнің екінші ракеткасы атағына ие болады. Алдағы жартылай финалда жерлесіміз украиналық Элина Свитолинамен (әлемдік рейтингте 9-орын) бақ сынасады.
