Power & Purpose|Leadership

Bloomberg Нұрлан Смағұловты миллиардерлер тізіміне енгізді

АвторыTatler Kazakhstan
08.05.2026
Нұрлан Смағұлов | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Нұрлан Смағұлов | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Америкалық Bloomberg агенттігі қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұловты ресми түрде долларлық миллиардер деп таныды. Оның байлығы шамамен 1,5 миллиард долларға бағаланып, кәсіпкер Bloomberg Billionaires Index тізіміне енді

Басылым Смағұловтың жай ғана дәулетті бизнесмен емес, КСРО ыдырағаннан кейінгі Қазақстанның экономикалық трансформациясының нағыз символы екенін атап өтті. Оның кәсіпкерлік жолы 1990 жылдардың басында Алматыда, сол кезде тапшы болған жеке көлік саудасынан басталған. Алғашқы келісімшарттарын «КамАЗ» жүк көліктерінен бастаған кәсіпкер көп ұзамай Ресей мен Жапониядан жеңіл автокөліктер әкелуге көшеді. Bloomberg мәліметінше, дәл осы «Лада» мен Toyota саудасы оған бес-ақ жыл ішінде алғашқы миллион доллар пайда әкеліп, Astana Motors компаниясының іргетасын қалауға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар, басылым Смағұлов жетістігінің бірегейлігіне ерекше назар аударады: аймақтағы көптеген ірі ойыншылардан айырмашылығы, ол өз капиталын шикізат немесе қаржы секторынан емес, тікелей тұтынушылық нарықтан – автокөлік саудасы мен ритейлден жинаған.

Бизнестің одан әрі өркендеуі еліміздегі мұнай бумымен (Теңіз және Қашаған жобалары) тұспа-тұс келді. Урбанизация мен халық табысының артуы аясында Смағұлов коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығына қадам басып, 2006 жылы Алматыда алғашқы MEGA ойын-сауық орталығын ашты.

Bloomberg материалында автобизнес пен девелопменттегі табыстардан бөлек, Смағұловтың коллекционер ретіндегі мансабына да арнайы тоқталып өткен. Естеріңізге сала кетейік, Смағұлов 2025 жылы есігін айқара ашқан Almaty Museum of Arts өнер мұражайының негізін қалаушысы. Bloomberg мәліметінше заманауи өнер туындыларының топтамасын жинауға шамамен 70 миллион доллар жұмсалған. Алғашқы айлардың өзінде-ақ мұражайға 188 мыңға жуық адам барса, 2030 жылға қарай Смағұлов өнер ордасын кеңейтіп, туристер ағынын жылына 1 миллион адамға дейін арттыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Нұрлан Смағұлов «Бизнес» номинациясы бойынша Tatler Impact Awards сыйлығының жеңімпазы атанған, сондай-ақ Tatler Most Influential нұсқасы бойынша ең ықпалды тұлғалар тізіміне енген болатын.