Биыл сыйлыққа үміткер ретінде 33 өтінім түсті. Жеңімпаз ашық дауыс беру арқылы анықталды. Заманауи Қазақстан туралы ең үздік романға берілетін бас жүлдені «Бүкір» шығармасымен жазушы Есболат Айдабосын жеңіп алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бүкір» романы тұлпардың тағдыры арқылы адамдық қадір-қасиет, әлеуметтік теңсіздік, ар-намыс және рухани жаңғыру тақырыптарын терең ашады.
Лауреатқа табысталған басты сыйлық – қазақстандық Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясы ұсынған ерікті жедел аннуитеттік сақтандыру полисі. Бұл марапат авторға өмір бойы ай сайын 500 доллар көлеміндегі тұрақты қаржылай сыйақы төленуін қамтамасыз етеді.

Салтанатты жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, сыйлық меценаты, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, жобаның негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков, сондай-ақ байқау финалистері мен оқырмандар қатысты.
«Бүгінде кітап оқу ақпарат қабылдаудың басқа форматтарынан қалып қойғандай көрінуі мүмкін, алайда әдебиет өз құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Адам кез келген ұрпақ үшін өзекті саналатын тереңдік пен моралдық бағдарды дәл осы кітаптардан табады. Осы құндылықтарды бөлісе отырып, Freedom қатарынан бесінші маусым бойы Mecenat.kz сыйлығына қолдау көрсетіп келеді. Біз қазақ классикасына және заманауи авторларға деген қызығушылықтың, әсіресе жастар арасында, сақталып отырғанын көріп отырмыз. Біздің үлесіміз заманауи қазақ әдебиетінің дамуына және осы мұраны келер ұрпақ үшін сақтап қалуға септігін тигізеді деп сенеміз», – деп бөлісті Тимур Турлов.

Шара аясында қонақтарға бесінші және алтыншы маусымдарға енгізілген жаңалықтар таныстырылып, байқаудың мерейтойлық маусымына арналған деректі фильм көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, Mecenat.kz – отандық көркем әдебиетті дамытуға, авторларды қолдауға және қазақстандық кітаптарды халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған тәуелсіз азаматтық жоба.
