Power & Purpose|Leadership

Арман ақиқатқа айналғанда: Данна Қарағұсовамен эксклюзивті сұхбат

АвторыАнара Кукиева
25.02.2026
Данна Карагусова | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Данна Карагусова | Фотосуретші: Данил Ярощук
Tatler Impact 2025 сыйлығының лауреаты, ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ әйелі Данна Қарағұсовамен арманның орындалуы мен адам мүмкіндігінің шексіздігі туралы сырластық

2025 жылдың қазанында Қазақстанды елең еткізген, қиял-ғажайып ертегідей естілген жаңалық тарады: ғарышқа аттанатын тұңғыш қазақ әйелі – кәсіпкер, First Media Group негізін қалаушы Данна Қарағұсова. Ол ғарыш туризмін дамытып жатқан Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен көкке көтерілді.

Бұл жаңалықты қоғам әртүрлі қабылдады: бірі сүйсініп қуанса, енді бірі мысқылмен қарап, енді бірі салқынқандылық танытты. Алайда Данна үшін бұл сапар – жай ғана техникалық жетістік немесе рекорд емес, оның бүкіл болмысын өзгерткен терең рухани тәжірибе болды. Мұндай сәттер артық түсіндіруді қажет етпейді; олар адамның ішкі әлемін кеңейтіп, «мүмкін емес» деген ұғымның шекарасын мәңгілікке ысырып тастайды.

Ғарышта өткен сол 12 минутта қандай сезімде болдыңыз?

Ең бірінші сезім – қорқыныш. Есік жабылып, кері санақ басталғанда-ақ сол сезімді бірден сезіндік. Қорқыныш бізбен бірге ұшқан «экипаж мүшесі» сияқты болды. Оған дейін ешқайсымыз ғарышта болмағандықтан, алдымызда не күтіп тұрғанын білмедік. Бұл қорқыныш мүлдем белгісіздікке қарай аттанған адам үшін заңды құбылыс еді. Бірақ сол сәттің өзінде қорқыныш кейін шегінеді. Себебі айналаңдағы беймәлім дүниелердің кереметтігі сондай – қорқыныштың «жабысатын» жері қалмайды. Тек терең тыныс алуға тырысасың.

Сол сәтте ақыл мен тән үйренген үйреншікті тіректердің бәрі жоғалады. Гравитацияның жоқтығын сезінгенде, өміріңде бұрын-соңды болмаған мүлдем жаңа тәжірибенің құшағына енгеніңді түсінесің. Терезеге бір қарағанда-ақ ойың шашырап кетеді. Ғарышкерлерді неліктен ұзақ дайындайтыны сонда ғана айқын болады. Адамның психикасы мұндай кеңістікті қабылдауға бейімделмеген. Жерді – өзің өмір сүріп жатқан орта емес, шексіз ғаламның бір бөлшегі ретінде, тұтас жүйе ретінде сырттан көресің.

Дүниетаным түбегейлі өзгереді: біздің алып планетамыздың өзін одан да үлкен, шексіз ғарыш қоршап тұр. Бұл көрініс ішкі тіректеріңді қиратады. Бұған дейін маңызды әрі басты деп санаған дүниелерің кенеттен әлдеқайда ұлы тәртіптің бір кішкентай бөлшегіне айналады. Өз білімің мен бақылауыңның шектеулі екенін сезініп, есіңді жинайсың. Кейбір адамдарда эмоция мен адреналиннің көптігінен бұл естеліктер психикалық қорғаныс ретінде өшіп қалуы да мүмкін. Бұл – сөзбен айтып жеткізгісіз сезім. Әр адамға осындай күйді бастан кешуді шын жүректен тілеймін.

Ғарыш бала кезгі арманыңыз ба еді?

Иә. 13 жасымда мектептегі «Менің арманым» атты шығармама ғарышқа ұшқым келетінін жазғанмын. Сыныптас қызым сол шығармамды осы күнге дейін сақтап қойыпты. Әрине, ол кезде бұл «ертегідегі пыраққа мінгім келеді» дегенмен бірдей естілетін. Технологияның дамуы ол кезде мұндай мүмкіндікті елестетуге де жол бермейтін. Бірақ тілегім шынайы еді. Бала кезгі арманның күші де осында – ол ешқандай «мүмкін бе, мүмкін емес пе» деген шеңберге бағынбайды. Есейе келе біз үй, көлік, тұрақтылық сияқты жердегі дүниелерді армандай бастаймыз. Бала олай ойламайды. Ол жан-тәнімен армандайды. Бұл тілектің тазалығында үлкен қуат бар: ол жерде қорқыныш та, күмән де, ішкі цензура мен әлеуметтік шектеулер де жоқ.

Бірақ арманның өзі іске аспайды емес пе?

Әрине, қанша жерден қиялдап, «тілектер картасын» жасасаң да, әрекетсіз олар тек әдемі қиял болып қала береді. Әрекет ету – ең болмаса ниеттің нықтығын бекіту үшін маңызды. Жеке ғарыш сапарларын ұсынатын компаниялар туралы ақпарат шыға бастағанда, мен соған бірден назар аудардым. Сол сәтте арман мен қиялдың арасы ажырап, нақты мақсатқа айналды. Мен сол компанияларға хат жаза бастадым. Бұл сырт көзге балалық немесе күлкілі көрінген шығар, бірақ ішімде «мен арманым үшін бірдеңе істеп жатырмын» деген нық сенім болды. Осындай әрекеттерден кейін нәтиже бірден келмесе де, ішіңде өзіңе деген реніш болмайды.

Олар артық сұрақ қоймайды – тек «хабарлама қалдырыңыз» дейді, небәрі 500 таңба. Сол 500 таңбаға ішіңдегі бүкіл мақсатыңды сыйдыруың керек. Мен әртүрлі жаздым. Бала кезгі арманымды, Қазақстаннан шыққан әйел екенімді айттым. Айтпақшы, әлемде көбі Қазақстанға ерекше құрметпен қарайды – Байқоңырды бәрі біледі. Хаттың мазмұны әсер етті ме, әлде кездейсоқтық па, бірақ жауап соңғы хатыма келді. Ол хатта мен тәсілімді өзгерткен едім. Өзім туралы емес, адамзаттың болашағы ғарышпен тікелей байланысты екеніне сенетінімді және өз үлгіммен адамдардың назарын көкке, биікке бұрғым келетінін жаздым. Бәлкім, осы сөздер әсер еткен шығар. Немесе ай сайын жаза берген табандылығымды байқаған болар.

Есейген шағыңызда ғарыш туралы арманыңызды «ақылға қонымды ма» деп таразылап көрдіңіз бе?

Әрине. Кез келген идея сияқты бұл мақсатты да сараладым. Және тәуекелден гөрі, мұның маған берер рухани пайдасы басым екенін түсіндім. Бұл саналы таңдау болды. Мен жалпы біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін өмір сүрмейтін адаммын, мені «намысқа тию» арқылы көндіру мүмкін емес. Егер бір іс жүрегіме жақын болса, мен тек өзімнен: «Осыған шыдай аламын ба? Физикалық, психологиялық, эмоционалдық тұрғыдан күшім жете ме?» – деп сұраймын. Егер жауабым «иә» болса – мен соған барамын.

Бұл жетістік қуу емес пе?

Жоқ. Бұл мен үшін кезекті «жеңіс» немесе тізімдегі кезекті мақсатты бағындыру емес. Бұл – «менің қалауым». Егер менің қалауым болса, демек, сол жерде мен үшін маңызды бірдеңе бар. Тауға шыққанда да солай. Жүрегіңнің үніне құлақ түре бастағанда, «керек» немесе «қоғамда қабылданған» деген логика жұмыс істемей қалады. Егер мен сол ішкі дауысты елемесем, өзіме опасыздық жасағандай күй кешемін. Ал мұндай сезіммен өмір сүру кез келген қорқыныштан да ауыр.

Тау демекші... Қазіргі заман адамын биікке неге тартады?

Маған келетін болсақ, мен тауда өзімді іздедім және өзімді ести алатын мекенді таптым. Қазіргі әлем тым шулы. Біз еріксіз өзімізді басқалармен, өзгенің үмітімен немесе жасанды бейнелермен салыстырамыз. Соның салдарынан өз дауысымызды ажырату қиынға соғады. Ал тауда сен жалғызсың: ешкіммен жарыспайсың, ешкімнің алдында жасанды кейіп танытпайсың. Биіктіктегі тыныштық сондай – өзің кім екеніңді, шынайы болмысыңды анық түсінесің. Бәлкім, нағыз күш алатын мекен осы шығар.

Шыңды бағындыруда да «рекорд орнату» мақсаты жоқ па?

Сырт көзге бұл рекордқа ұмтылу немесе «мықтылығын дәлелдеу» сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін бұл мүлдем басқа дүние. Бірде үлкен ұлыммен бірге Gallup тестін өтіп көрген едім, ол адамның басты таланты мен қабілеттерін анықтайды. Сонда менің «челленджге ұмтылу» көрсеткішім ең соңғы орындардың бірінде болды. Мен ешкіммен, тіпті өзіммен де жарыспаймын. Көбі тау да, ғарыш та адамның нағыз болмысын ашатын, бүкіл жасанды қорғанысты сыпырып тастайтын орын екенін айтады. Бұл – шындық. Ғарышта бұрын сенің намысыңа тиетін немесе ренжітетін ұсақ-түйек дүниелердің қаншалықты маңызсыз екенін түсінесің. Кешірім сұрау, кешіре білу, маңызды әңгімелерді кейінге қалдырмау мен үшін әлдеқайда оңай бола бастады. Ішкі «тежегіштер» жойылып, өмірде не маңызды, не бос әурешілік екенін анық ұқтым.

Сапар туралы жаңалық шыққанда, реакция өте қызу болды. Мен Threads желісін әдейі қарап шықтым, сізді «Бейбіттің бұрынғы әйелі», «Гүлжан Жанпейісқызының қызы» ретінде атап, тіпті сапарыңыз туралы теріс пікірлер де айтылды. Мұндай сөздер көңіліңізге тимей ме?

Көңіліме мүлдем тимейді. Мен ешқашан да көпшілік алдында жүретін атақты адам болған емеспін. Маған әрқашан өзімнің ішкі ұстанымым маңызды еді. Кім екенімді, не істеп жүргенімді, қайда және не үшін бара жатқанымды жақсы білемін. Сондықтан ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ. Негатив пікірлер болды, мен оларды көрдім. Бірақ мен одан да көп жағымсыз реакция болады деп күткен едім. Олар шамамен 20%-ды ғана құрады, ал Парето қағидасы бойынша бұл қалыпты жағдай. Есесіне, 80% қолдау мені таңғалдырды. Маған мүлдем танымайтын, мені өмірде көрмеген адамдар хат жазды. Олар үшін бұл сапар менің жеке жетістігім емес, үлкен бір символға айналды.

Бірде мынадай сөз естідім: «Сенің осы сапарыңның арқасында мен алғаш рет өзім үшін де, балаларым үшін де емес, ортақ бір дүние үшін мақтаныш пен қуанышты сезіндім». Бұл сөз өте дәл айтылған: біз көбіне өз шеңберімізде – үй, жұмыс, отбасы деп өмір сүруге үйренгенбіз. Ал мұнда кенеттен бәріне ортақ, шынайы әрі біріктіруші қуаныш пайда болды. Мен үшін бұл өте әсерлі әрі маңызды болды. Егер арманыңа барар жолда біреудің көкжиегін кеңейте алсаң – бұл нағыз құндылық.

Ғарышқа ұшу – бұл үлкен қаражат пен мүмкіндік мәселесі. Жалпы, сіз үшін материалдық табыс деген не?

Материалдық байлық – әрқашан адамның ішкі күйінің көрінісі. Мұны мен өз өмірімнен анық көрдім. Ішіңде хаос болса, ешқандай тұрақты береке туралы сөз болуы мүмкін емес. Лотереядан қыруар ақша ұтып алып, оны ұстап тұра алмайтын адамдардың мысалын көп білеміз. Себебі ішкі тұрақтылық – бұл қалыптасатын дағды. Ол ақшамен бірге автоматты түрде келмейді. Мен «өзін-өзі іске асыру» жолында біртіндеп дамуды қолдаймын. Өйткені материалдық жағдайдың тым шұғыл секірісі адамның психикасын шайқалтып жіберуі мүмкін. Дүниенің бәрі бар, бірақ өзін бақытсыз сезінетін жандарды көріп жүрміз.

Маған мұндай бағамен келетін байлық керек пе? Жоқ. Ақша – бұл бірдеңені өзгерте алатын құрал. Содан кейін «нені өзгертемін?» деген сұрақ туындайды. «Астронавттар» жиналатын ортада ешкім сенің неше балаң бар екенін, Ironman жүгіргеніңді немесе ресми жұмысыңды сұрамайды. Бұл ешкімге қызық емес. Жалғыз маңызды сұрақ: «Сен өмірде не істеп жүрсің? Басқа адамдар үшін не жасадың? Айналаңдағы өмірді қалай жақсарттың? Осы ортаға қандай пайдаң тиді?» Бұл тәсіл адамға қанат бітіреді. Ол сені тек тұтыну үшін емес, бірдеңені өзгерту мүмкіндігі үшін ақша табуға ынталандырады. Өйткені байлықтың өзіңе бірдеңе сатып алумен өлшенетін кезеңі тез өтеді. Белгілі бір сәтте саналы адам: «Мен өзіме бәрін сатып алдым, енді өзгелер үшін не істей аламын?» – деген сұраққа келеді. Бұл – іштей есейген, жауапкершілікті сезінетін, тек алуды емес, беруді де үйренген адамдардың деңгейі.

Сіздің жаныңызда отырып, үлкен энергияның көзін сезінемін. Бірақ қазіргі жаһандық шаршау белең алған заманда, көптеген адамдарда бірдеңе істеуге емес, тіпті армандауға да күш-қуат жоқ.

Мен әрқашан осындай болғанмын (күледі), мұны анам да растай алады. Маған үнемі бір жаққа бару, бірдеңе істеу керек, үнемі бірдеңені қалап тұрамын. Өмірлік энергия қорым өте мол. Ал апатия – батпақ сияқты. Батпақтан тек әрекет арқылы ғана шығуға болады. Менің жағдайымда тәрбиенің әсері болғанына сенімдімін. Мені еңбекқор етіп өсірді, жұмысқа ерте араластым. Біздің отбасымызда білім мен еңбек – адам өміріндегі ең басты екі құндылық болды. Даму мектеппен немесе университетпен бітпейтінін, оның өмір бойы жалғасатын процесс екенін санамызға құйды. Мұны мен анамнан да көремін. Ол 75 жаста, бірақ әлі күнге дейін күнделікті істерінің тізімі бар. Ол күні бойы диванда жата алмайды. Ағылшын тілін, қазақ тілін үйренеді, күніне 15 000 қадам жасайды. Оның жоспарлары бар. Бұл – таңдау емес, өмір сүру салты. Біз соған үйренгенбіз.

Бұл жақсы ма, жаман ба – білмеймін. Біреулер мұны «психологиялық жарақат» деуі мүмкін. Мүмкін, бірақ біздің шындығымыз осындай. Зумерлер (Z ұрпағы), мысалы, мұны түсінбейді. Бірақ мен өз буынымның адамымын. Әрине, мұның екінші жағы да бар: кейде демалу, өзіңді тоқтату, кідіріс жасау қиынға соғады. Бірақ бәрібір бұл тәсілдің пайдасы көбірек. Демалуды да бір күні үйренермін. Нағыз миллениал сияқты жауап берейін: «бәрін жол-жөнекей реттейміз». Бұл құндылықтар біздің бойымызға сол кездегі ортаның әсерінен сіңді. Біз молшылықта өскен жоқпыз. Мектепте, үйде, отбасында – бәріміз бірдей өмір сүрдік. Шынын айтсақ, жағдайымыз мәз болған жоқ. Анам менің сабағымның көптігіне қарамастан: «тамақ пісір, жина, тазала, сосын сабағыңды оқы» дейтін – бұл қалыпты жағдай еді. Ол кезде ешкім ұйқының қанықтығы, D дәрумені, серуендеу немесе психотерапия туралы ойланған жоқ.

Осы қасиеттерді балаларыңыздың бойына сіңіріп жүрсіз бе?

Тырысамын. Бірақ қазіргі балалар үшін бұл қиынырақ, өйткені олар тым жайлы ортада өсіп жатыр. Өмірдің қиындығын сезсін деп оларды әдейі «темір кереуетке» жатқызғым келмейді. Сондықтан басқа жолдарды – қатал өмірлік сабақтар арқылы емес, жұмсақ әрі саналы әдістермен іздеуге тура келеді. Шынымды айтсам, нәтижесі қандай болатынын білмеймін, балаларым әлі толық есейген жоқ. Бірақ тәрбие мен белгілі бір дүниелерге деген құрмет мәселесінде бұл мүмкін екенін көріп жүрмін. Және бір нәрсені нақты білемін: мұндай құндылықтар тек жеке үлгімен ғана сіңеді. Балалар әрқашан ата-анасына қарап өседі.

Ал сіз олардан не үйренесіз?

Ең бастысы – өзіңді таңдауды, өзгелер үшін жауапкершілікті арқаламауды және өз құндылығыңды сезінуді үйренемін. Мысалы, ұлым менің кезекті бір идеямды тыңдап болып: «Анашым, сен мұны қазір мен үшін істеп жатырсың ба, әлде өзің үшін бе?» – деп сұрайды. Бұл сұрақтар мені тоқтатып, ішімдегі дүниенің басын ашып алуға көмектеседі. Ол жиі мені өзіме қайтарып: «Мама, бізде бәрі жақсы. Тоқташы. Енді өзіңе көңіл бөлші», – дейді. Міне, осыны ұлымнан үйренемін. Немесе қызым. Ол: «Мен бара алмаймын, өйткені менің жуынатын бөлмедегі күтімім (bath time) бір жарым сағат алады», – деп нық айта алады.

Мен: «Жылдамдатуға болмай ма? Қысқартсаңшы», – десем, «Жоқ», – дейді. Ол өзін таңдайды. Оның өз кестесі бар және ол содан ауытқығысы келмейді. Ол біреуге ыңғайлы болуға тырыспайды – бұл өте құнды қасиет.

Өміріңізде қолданған ең жақсы кеңес қандай?

Сыртқы жағдаймен алысқанша, ішкі күйіңді өзгерт. Мен шын жүректен сенемін: ішкі әлеміңде тәртіп орнағанда, сыртқы шындық та соған сай өзгере бастайды. Мұны өз өмірімде талай рет тексердім және әлі де көз жеткізіп келемін.

Өзіңізге берген уәделеріңіз немесе жоспарларыңыз бар ма?

Бұрын мен нақты мақсаттар қойып, сандар мен мерзімдерді жазып жүретінмін. Бірақ кейде содан опық жейтінмін. Сондықтан қазір өзіме қатаң уәде бермеймін. Бұл – қауіпті аймақ. Қазір мен тек бағытты айқындаймын: өзіме мұқият болу, энергиямды сақтау, өзіме адал болу. Айтпақшы, өзіңе адал болу – мен үшін ең қиын дағдылардың бірі болды, мен оны енді ғана шын мәнінде үйреніп жатырмын. Өзімді сондай шебер алдайтынмын, кейде оны байқамай да қалатынмын (күледі). Сондықтан ешқандай қатал уәде жоқ.

Егер «материалдық» жағын айтар болсам, қазір мен өзім қатты сенетін жобамен жұмыс істеп жатырмын. Ол осы әлемге бір жақсылық әкелсе, адамдарға қиындықты еңсеруге көмектессе деймін. Армандайтыным – осы жобаның сәтті жүзеге асуы. Біз 2026 жылы өзін-өзі реттеуге арналған IT-құралын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Керемет. Қазір бұл бәрімізге ауадай қажет.

Иә, адамдарға бұл әлемде өмір сүру шынымен қиындап кетті. Саяси, әлеуметтік, ақпараттық қысым адамды бағытынан, тірегінен айырады. Біз адамның ең жақын құралы – телефоны арқылы өзіне пайда тигізе алатын дүние жасап жатырмыз.

Бірақ сіз әлі де армандауды тоқтатпағансыз ғой?

Жоқ, қиялымды қанат қылып, мақсатыма нық қадам басамын...