Осы қаңтарда сіз «Жеті шыңды» бағындырып, Қазақстан мен Орталық Азия тарихына ендіңіз. Мұндай мақсатқа жету қандай сезім? Антарктидадағы Винсон массиві – сіз бағындырған «Жеті шыңның» соңғысы. Антарктиданың ең биік нүктесі мен Оңтүстік полюсте тұрғанда адам не сезінеді?
Сезімдерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені асқақ арманға ұзақ уақыт бойы ұмтылғанда, оған қол жеткізген сәттегі эмоцияларды бірден саралау мүмкін емес екен. Есімде қалған бір ғана сезім – Винсон массивіне шығып бара жатқанда, жетістіктерімді әкемнің көре алмағанына қатты мұңайдым.
Бұл зор мақсатқа – идеядан бастап финалдық шыңға дейін қанша уақыт кетті? Дайындық пен экспедициялар арасындағы уақыт қалай бөлінді?
Бұл жолға шамамен екі жыл уақытымды арнадым. 2024 жылдың ақпанында алғашқы шыңым – Африкадағы Килиманджароға көтерілдім. Жалпы, осы екі жылды былай жоспарладым: бірнеше ай бойы жаттығу үдерісі жүрді, одан кейін бірден экспедицияға аттандым. Осылайша, 2024 жылы үш шыңды бағындырсам, 2025 жыл мен 2026 жылдың басында қалған төртеуіне шықтым.
Альпинизмге қалай келдіңіз? Тауға деген қызығушылығыңыз неден басталды?
Спортқа 2019 жылдың соңында келдім – альпинизмнің қысқы мектебіне түстім, содан бастап жолым ашылды. Бірақ тауға деген махаббатым одан ертерек, шамамен 10-11 жыл бұрын жүгірумен белсенді айналыса бастағанда оянған еді. Хайкингке жиі шығып, трейлраннинг пен скайраннинг жарыстарына қатыстым. Уақыт өте келе одан да биікке ұмтылып, шыңдарды бағындырғым келді. Альпинизм мектебіне баруыма тағы бір қайғылы жағдай түрткі болды. 2020 жылдың қысында тауда қаза тапқан қазақстандық азаматтың оқиғасынан кейін бұл спортқа үлкен дайындықпен және техникалық дағдылармен келу керек екенін түсіндім.
«Жеті шыңды» бағындыру идеясы қашан және қалай туындады? Сіз үшін басты себеп не болды?
Негізі басында Эверестке шықсам деген үлкен арманым болды. Альпинизм мектебінде нұсқаушымнан ол шыңға әлі бірде-бір қазақ қызы шықпағанын естігенде, осы ой маған маза бермеді. Бірақ бұл арман қомақты қаржыны талап еткендіктен, оны біраз уақытқа ысырып қоюға тура келді. Дегенмен, демеушілерім – Everest Development-пен және Мақсұт Жұмаевпен (әлемдегі барлық 14 сегізмыңдықты бағындырған қазақстандық альпинист – Tatler.) кездескеннен кейін бәрі сәтімен аяқталды. Эвересттен соң биік таулардың табиғатымен танысып, «Жеті шың» жобасын толық орындауға деген құлшынысым артты. Бұл жобаның тартымдылығы – сені барлық материктерге жетелеп, әр қиырдағы жаңа мәдениетпен, жаңа елдермен таныстыратындығында.
Соңғы жылдары альпинизмде әйелдердің есімі жиі атала бастады. Ал сіздің жол басындағы шабытыңыз кім болды? Қазір кімге қарап бой түзейсіз?
Менің басты мотиваторым – әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаев. Ал әйелдер арасында соңғы уақытта Алина Пекованың жетістіктері тәнті етеді. Ол – Жұмаев сияқты 14 сегізмыңдықты бағындырған алғашқы ресейлік әйел. Менің де арманым – осы жобаны аяқтап, олардың ізімен жүру. Қазір қоржынымда үш сегізмыңдық бар. Ендігі кезекте осы мақсатқа ден қоймақпын, себебі бұл үлкен қаржылық және физикалық күшті талап етеді.
Сіздіңше, альпинизмдегі әйелдердің орны қалай өзгеруде? Бұл әлі де «ерлер әлемі» ме, әлде кедергілер артта қалды ма?
Қазір жағдай айтарлықтай жақсарып келеді. Бұрын ерлер басым болған салаларда, соның ішінде альпинизмде де әйелдер көбейді. Дегенмен, биік тау альпинизмінде ерлер әлі де басым. Жеңіл немесе туристік бағыттарда әйелдер көп болғанымен, нағыз биіктікте біз әлі де азбыз.
Жеті шыңның ішінде қайсысы физикалық тұрғыдан ең ауыр, ал қайсысы рухани төзімділікті көбірек талап етті? Неліктен?
Физикалық тұрғыдан Солтүстік Американың ең биік нүктесі – Денали (Мак-Кинли) ең қиыны болды деп ойлаймын. Онда ауа райы бұзылып, ұзақ уақыт биіктікте қалып қойдық: 4200 метрде 10 күн, ал 5200 метр биіктікте, –50°C аяз бен дауылды желде 7 күн отырдық. Бұл тау рухани жағынан да ауыр тиді, өйткені әр шың – үлкен жауапкершілік. Ауа райы қолайсыз болып, күн санап мүмкіндік азайған сайын физикалық және эмоционалдық қысым күшейе береді.
Осы жолда шаршаған, қорыққан немесе табиғаттың қатал мінезіне тап болған сәттер аз болмаған шығар. Бәрін тастап кеткіңіз келген кез болды ма? Оны қалай жеңдіңіз?
Бәрін тастап кету туралы ой ешқашан келмепті. Мен үшін әр экспедиция – кішігірім бір ғұмыр. Маған процесс те, шыңда тұру да ұнайды. Кез келген жағымсыз ойды жеңуге отбасымның, достарым мен демеушілерімнің қолдауы көмектеседі. Олар маған шын жүректен сенеді және егер бірдеңе қолымнан келмей жатса, оған өте салмақты себеп бар екенін түсінеді.
Жақындарыңыз бұл мақсатыңызды қалай қабылдады? Тоқтауыңызды өтінген кездер болды ма?
Жақындарым менің кез келген бастамама қолдау білдіреді. Тек әрдайым уайымдап отыратыны болмаса, тоқта деп айтқан емес. Кейде анам алдағы экспедицияның соңғысы болатын-болмайтыны туралы сұрақтар қойып тұрады, бірақ жалпы алғанда маған әрқашан тіреу болады.
«Жеті шыңға» барар жолда өзіңіз, адамдар және әлем туралы қандай маңызды жаңалық аштыңыз?
Мен өзімнен күте білу қабілетін аштым. Бұрын өзімді өте шыдамсыз адам деп есептеуші едім, бірақ тауда мүлдем басқа екенмін. Мен максималды түрде жинақталып, эмоцияны өшіріп, басқалардың жүйкесі сыр берген сәтте де ауа райын сабырмен күте алатынымды түсіндім. Деналиде солай болды: біз ауа райын тым ұзақ күттік, соңында топтың жартысы төменге түсіп кетті.
Ал адамдар туралы айтсам – тауды әрдайым қызықты әрі мейірімді жандар таңдайтынына көзім жетті. Мүмкін, таудағы адамдардың жақсы болатын себебі, олар да мен сияқты «неғұрлым биік болсаң, Құдайға соғұрлым жақынсың» деп сенетін шығар. Сондықтан тауға тек таза ниетпен және игі оймен бару керек.
