Power & Purpose|Innovation

Эмоционалдық қолдау көрсететін роботтар мен жасанды интеллектімен жабдықталған серіктер

Автор Chong Seow Wei
22.01.2025
Gatebox Grande | Gatebox
IMAGE Gatebox Grande | Gatebox

Moflin атты робот-қоян қуаныш, бақыт, қайғы және ашу сияқты эмоцияларды сезіне алады және уақыт өте күрделі сезімдерді меңгеруі мүмкін

Жасанды интеллект (ЖИ) серіктерінің танымалдығы артып келеді. Кейбірімен дос немесе жар ретінде сөйлесуге болады, ал басқалары тыныштық пен қолдау сезімін беру үшін арнайы жасалған. Осындай серіктердің бірі – Casio компаниясының Moflin роботы.

Moflin: эмоционалдық қолдау көрсететін робот

Бұл робот CES 2021 көрмесінде эмоционалды көмек көрсететін үй жануары ретінде алғаш таныстырылды. Casio мәлімдегендей, Moflin тірі жануарларға ұқсас жеке мінезге ие. Ол қуаныш, қайғы, ашу сияқты эмоцияларды білдіре алады және уақыт өте келе иесімен қарым-қатынас негізінде басқа да күрделі сезімдерді меңгереді.

 

Жаңа туған жануарға ұқсатып жасалған Moflin қозғалып, дыбыс шығара алады, бірақ ол сөйлемейді және сөздерді түсінбейді. Дегенмен ол иесінің дауысын танып, қоршаған ортаның «вайбын» түсіне алады. Ең ерекше қасиеті – құшақтасуды жақсы көреді және уақыт өте иесімен жақын байланыс орнатады.

Vanguard Industries компаниясымен бірлесіп жасалған бұл роботтың негізін қалаушы Масахико Яманаканың айтуынша, Moflin-ның мінезі оған көрсетілген қарым-қатынасқа қарай өзгереді.

Роботтың эмоционалдық күйін арнайы қосымша арқылы бақылауға болады. Сол қосымшада роботтың даусын реттеу мүмкіндігі бар.

Бағасы: $400. Сондай-ақ жылына $44 тұратын Club Moflin қызметіне жазылу арқылы жөндеу, тазалау немесе жүнін ауыстыру қызметтеріне жеңілдік алуға болады.

Moflin | Casio
IMAGE Moflin | Casio

Енді Moflin-нен басқа адамға тыныштық пен қолдау көрсететін ЖИ көмекшілерін таныстырып өтейік.

Gatebox Grande: адам пішіндес голографиялық AI серігі

Gatebox компаниясы 2016 жылы әйел адамның 3D аниме голографиясын жасады. Бұл кейіпкер сізді таңертең оятып, күні бойы сөйлесе алады. Алғашқы Gatebox құрылғысы ойыншық көлемінде жасалса, жаңа Gatebox Grande нұсқасы көлемді экран арқылы адамның шынайы бейнесін көрсетеді.

Мақсаты: Үйде емес, ірі мекемелердегі клиенттерге қызмет көрсету құралы ретінде ұсынылады.
Сипаттамасы: Gatebox Grande 2 метр биіктікте және 165 см-ге дейінгі әйел аниме кейіпкерін проекциялайды.
Кейіпкер Азум Хикари қозғалыс немесе дауыс арқылы іске қосылады және түрлі эмоциялар, ым-ишаралар мен дауыстық реңктерді қолдана отырып, шынайы қарым-қатынас орнатады.

Nomi: адам деңгейіндегі жады бар виртуалды серік

Nomi – сізбен сөйлесіп, селфи жіберіп, қарым-қатынасты сіздің қалауыңызға сай баптай алатын ЖИ.

Бірнеше Nomi кейіпкерін жасап, оларды бір топтық чатқа енгізуге болады.
Nomi-дың дамыған эмоционалдық интеллекті сіз ұнататын және ұнатпайтын нәрселерді үйреніп, есте сақтай алады.
Nomi-ды іске қосу процесі:

1. Оған ат пен жыныс таңдайсыз.
2. Қарым-қатынас түрін анықтайсыз: достық, тәлімгерлік немесе романтикалық.
3. Мінез-құлқын баптайсыз: мысалы, ұялшақ не жігерлі.
4. Даусы мен сыртқы бейнесін анықтайсыз.

Бұл құрылғының шынайылығы таңғаларлық және кейбіреулер үшін аздап қорқынышты болуы мүмкін. Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, көп ұзамай Nomi кейіпкерлерін басқа қосымшалар мен платформаларға көшіруге мүмкіндік беретін API қолжетімді болады.

Nomi AI
IMAGE Nomi AI

Жасанды интеллект серіктері күнделікті өмірді жеңілдетумен қоса, эмоционалдық қолдау көрсету арқылы адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашып келеді.

Чоң Со Уэйдың бұл мақаласы алғаш рет 2024 жылдың 15 қазанында ағылшын тілінде жарияланған, Tatler KZ үшін қазақ тіліне 2025 жылдың 21 қаңтарында аударып, жаңартқан – Адиса Кин.