Видеокарталардың жаңа буыны, тері анализаторы және тағам мен сусынды суытуға арналған қонжық: CES 2025 көрмесінен тағы не көрдік?
Лас-Вегаста Consumer Electronics Show (CES 2025) технологиялық көрмесі өтті. Бұл шарада инновациялық өнертабыстар мен жаңа тұрмыстық техниканың түр-түрі таныстырылды. Көрмеге келушілер әртүрлі компаниялардың стендтерін аралап, құрылғыларды сынақтан өткізді, конференцияларға қатысып, индустрия көшбасшыларының қызықты ой-пікірлерін тыңдап қайтты. CES 2025 көрмесіндегі басты трендтер: алып теледидарлар, смарт-көзілдіріктер, электронды сия технологиясының кең қолданылуы, жетілдірілген робот-шаңсорғыштар және экран кеңістігі ұлғайған ноутбуктар. Осы көрмеде таныстырылған маңызды жаңалықтар мен ерекше құрылғылар туралы біздің мақаладан оқи отырыңыз.
L'Oréal Cell BioPrint
Парфюмерия мен косметика өндірісімен танымал L’Oréal компаниясы көрмеде L’Oréal Cell BioPrint портативті құрылғысын таныстырды. Бұл құрылғы протеомика (ақуыздарды жоғары дәлдікпен зерттеу) әдісі арқылы теріні бес минутта талдап береді. L’Oréal Cell BioPrint терінің биологиялық жасын анықтап, белсенді ингредиенттерге сезімталдығын және ықтимал косметикалық мәселелерді болжай алады. Құрылғының арқасында тұтынушылар тек қажетті косметиканы пайдаланып, қажетсіз өнімдерге ақша жұмсамайтын болады. Жоспар бойынша құрылғы 2025 жылдың соңында нарыққа шығады.

Lenovo ThinkBook Plus Gen 6 Rollable
Lenovo компаниясы ThinkBook Plus Gen 6 Rollable ноутбугын ұсынды. Оның OLED-дисплейі тік бағытта 14-тен 16,7 дюймге дейін кеңейе алады. Экранды үлкейту арнайы перне немесе қимыл арқылы жүзеге асады. Ноутбукта экрандарды бөлек пайдалану функциясы бар. Оның корпусында 50% қайта өңделген алюминий мен кейбір компоненттерінде қайта өңделген пластик қолданылған. ThinkBook Plus Gen 6 Rollable ноутбугы 2025 жылдың маусымында сатылымға шығарылады.

Lenovo Legion Go S
Lenovo компаниясы Legion Go S жаңа портативті компьютерін таныстырды. Оның басты ерекшелігі – SteamOS операциялық жүйесінің қолданылуы. Бұл жүйе Valve шығармаған құрылғыда алғаш рет ресми түрде орнатылып тұр. Құрылғы 2025 жылдың мамырында сатылымға шығады.
CES 2025 конференциясында Microsoft компаниясының ойын құрылғыларын дамыту жөніндегі вице-президенті Джейсон Рональд портативті Xbox консолін жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтты.

LG UltraFine 6K Monitor және LG UltraGear OLED GX9
CES 2025 көрмесінде Thunderbolt 5 интерфейсі бар 32 дюймдік LG UltraFine 6K мониторы таныстырылды. Оны сарапшылар Apple Pro Display XDR-дың үздік баламаларының бірі деп бағалап жатыр.
Сонымен қатар LG стендінде әлемдегі алғашқы 5K2K мүмкіндігі бар иілгіш OLED-монитор – LG UltraGear OLED GX9 ұсынылды. Бұл мониторда алдын ала орнатылған тұнықтық пен жаңарту жиілігі сияқты режимдер арасында ауысуға мүмкіндік беретін Dual-Mode функциясы бар.


Belkin Stage Powergrip және Bitmo Lab GAMEBABY
CES 2025 көрмесінде мобильді құрылғыларға арналған ерекше аксессуарлар ұсынылды. Мысалы, Belkin компаниясы Stage Powergrip деп аталатын эргономикалық фотокамера түріндегі 10 000 мА/сағ қуаты бар магниттік сыртқы аккумуляторын көрсетті. Сондай-ақ Bitmo Lab ұсынған GAMEBABY қаптамасы телефонды трансформациялап, оны GAMEBOY-ды еске түсіретін ретро-консольге айналдырады.


NVIDIA GeForce RTX 50
CES 2025 көрмесіндегі асыға күткен оқиғалардың бірі – NVIDIA компаниясының жаңа өнімдерінің таныстырылымы. Олар GeForce RTX 50 сериялы жаңа буын видеокарталарын және DLSS 4 технологиясын ұсынды. DLSS 4 – тек RTX 50 видеокарталарына арналған, көпкадрлы генерацияны қолдайтын озық технология.
Флагмандық RTX 5090 моделі 30 қаңтарда сатылымға шығады, құны $1999 тең болады. Ал RTX 5080, RTX 5070 Ti және RTX 5070 сәл кейінірек $999, $749 және $549 саудаланады.

InkPoster
PocketBook және Sharp компаниялары бірлесіп, InkPoster құрылғысын таныстырды. Бұл – ePaper технологиясына негізделген, көзге қауіпсіз және қағаздың текстурасын имитациялайтын, әлемдегі алғашқы түрлі-түсті цифрлық арт-постер. InkPoster өнер туындыларына еркін қол жеткізуді қамтамасыз етіп, пайдаланушыларға мыңдаған шығармаларды ұсынады.

Yukai Engineering: Mirumi және Nékojita FuFu
Yukai Engineering компаниясы CES 2025 көрмесінде бірнеше ерекше концептіні таныстырды:
Mirumi – қолға ұстағыш ретінде сөмкелердің тұтқасына жабысатын сүйкімді үлпілдек робот. Ол қашықтық және қозғалыс сенсорлары арқылы адамдармен әрекеттеседі. Робот бірнеше мінез-құлық моделіне ие: заттарды тексеру, қозғалатын объектілерді қадағалау және «ұялу». Жоба 2025 жылдың ортасында краудфандинг арқылы іске қосылады.
Nékojita FuFu – тағам мен сусынды суытуға арналған кішкентай робот. Қонжық тәрізді құрылғы ыдысқа бекітіліп, аккумулятормен жұмыс істейді. Ол Fu-ing System алгоритмін пайдаланып, ауаны үрлеудің күшін және ырғағын реттейді. Бұл құрылғыны да 2025 жылдың ортасында нарыққа шығару жоспарланған.


