Power & Purpose|Impact

Tatler Kazakhstan бас редакторы – журнал жұмысының алғашқы жылы жайлы

Автор Анара Кукиева
17.12.2025
Анара Кукиева, Tatler Kazakhstan бас редакторы | Фотосуретші: Сұлтан Арчаков
IMAGE Анара Кукиева, Tatler Kazakhstan бас редакторы | Фотосуретші: Сұлтан Арчаков
Редактор хаты

Tatler-дің Қазақстанға келгеніне – бір жыл. Оқырмандардың менен қандай да бір қорытынды есеп күтері хақ. Дегенмен, маған журналдың алғашқы жылын сәбидің өмірімен салыстырған ұнайды. Кез келген жаңа туған нәресте секілді, ол да өзінің ең нәзік әрі ғажайыпқа толы кезеңін бастан кешіруде. Тұсауы енді кесілген сәбиден ешкім олимпиадалық жетістіктер күтпесі анық. Оның басты міндеті – әлемді тану, барлығын алғаш рет жасап көру. Біздің жағдай да дәл сондай.

Осы жыл ішінде біз балғын балалық шаққа тән барлық сезімдерді бастан өткердік: шексіз қуаныш, журналдың өз үні мен көзқарасының қалай қалыптасып жатқанына деген таңданыс және, әрине, кейде істің насырға шауып, сәл «еркелеп», бізден тек шыдамдылық пен махаббатты талап еткен сәттері де болды. Бірақ мінез де дәл осылай – мінсіздік арқылы емес, жинаған тәжірибе арқылы қалыптасады емес пе? Өз басым Tatler-ге мерзімінен бұрын артық жүк артпауды шештім, маған оның өсуіне көмектесу маңыздырақ. Оның әлемі енді ғана ашылып келеді. Мен оны дәл осы қалпында – өсіп келе жатқан, шулы әрі бәріне құмар күйінде жақсы көремін.

Желтоқсан – Tatler үшін дәстүрлі Most Influential нөмірінің уақыты. Біз журнал беттерінде өз іс-әрекетімен индустрияларды түрлендіріп, мәдениетті байытып, қоғамға демеу болып жүрген көшбасшыларды, жаңашылдар мен визионерлерді атап өтеміз. Бұл материалдың кейіпкерлері – бизнес, ғылым, өнер және қоғамдық өмірде оң өзгерістерге жол ашқан жандар.

Бүгін де, болашақта да желтоқсан айы ықпалы бүгіннің өзінде мұраға айналып үлгерген тұлғаларға ризашылық білдіру мезгілі болса екен деймін. Бұл дәстүр әлемді өзгертетін құдірет – адамдар екенін, ал сол тұлғалардың ең үздіктері дәл арамызда жүргенін жыл сайын еске салып тұрсын. Бәлкім, ол – осы хатты оқып отырған сіз боларсыз, тек өзіңіз бұл туралы әлі ойланып көрмеген шығарсыз.

Келе жатқан Жаңа жылыңызбен! Бар қызық әлі алда.