Power & Purpose|Impact

Сильвия Дамиани: зергерлік өнер, Голливуд жұлдыздарымен жұмыс және Venini муран әйнегінің сұлулығы туралы

АвторыАнастасия Стаханова
22.05.2026
Сильвия Дамиани | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Сильвия Дамиани | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Damiani Group вице-президенті әрі Venini компаниясының басшысы, атақты итальяндық зергерлік үйдің мұрагерлерінің бірі Сильвия Дамиани Алматыдағы алғашқы Venini бутигінің ашылуына орай Tatler журналына арнайы сұхбат берді

Сіз аты аңызға айналған зергерлер отбасында өстіңіз. Отбасылық мұраларыңыздың қадір-қасиетін алғаш рет қашан сезіндіңіз?

Менің балалық шағым нағыз ертегідей өтті: ата-анамның қолынан шыққан ғажайып дүниелердің ортасында өстім. Әрине, кішкентай кезімде бұл әшекейлерге жай ғана қымбат ойыншық ретінде қарайтынмын. Мектептен келе сала ата-анамның жұмыс бөлмесіне кіріп, өзімше «үлкендерге ұқсап» алқа немесе түйреуіштерді тағып көретінмін. Түйреуіштерге деген ерекше махаббатым сол кезден басталса керек. Әшекейлерді қатты жақсы көргендіктен, ештеңені сындырып алмауға тырысатынмын. Дегенмен, мұның жай ғана әдемі заттар емес, біздің отбасылық ісіміз, терең тарихымыз бен мұрамыз екенін кейінірек ұқтым. Университетте оқып жүргенімде құрбыларым: «Қандай бақыттысың! Ата-анаң зергерлік бұйымдар жасайды екен ғой!» – деп тамсанатын. Мен оларға бұл істің негізін 1924 жылы атам қалағанын айтқанда, олар тіпті қайран қалатын. Дәл сол кезде отбасымның ісіне сырт көзбен қарап, өмірге қандай бақытты жұлдыздың астында туғанымды шын түсіндім. Содан кейін ғана бұл кәсіпке деген қызығушылығым оянып, әкем мен анамнан жұмыстары туралы сұрай бастадым. Ақырында, олардың зергерлік өнерге деген шексіз махаббаты бізге – маған және екі ағама толығымен дарыды.

Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі
IMAGE Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі

Бала күніңізден есіңізде ерекше қалған, қатты ұнаған әшекей болды ма?

Иә, өз кітабымда осындай ерекше бір түйреуіш туралы жазғанмын. Ол гауһар мен зүбәржат тастармен көмкерілген, секіріп бара жатқан платина тұлпар бейнесіндегі әшекей еді. Жалпы, жануарлар пішініндегі түйреуіштерді (французша les animaliers деп аталады) және гүл мотивтерін ерекше жақсы көремін. Бала кезде жануарлар сияқты көзге таныс, түсінікті бейнелерді ұнату заңдылық қой. Ал есейе келе дизайнның түпкі мәнін тереңірек ұғынып, формалардың өзіне ғашық бола бастайсың. Damiani бұйымдарының өзегі – ең алдымен, қарапайымнан күрделіге дейінгі формалармен жұмыс істейтін нағыз дизайн. Көзге қарапайым көрінгенімен, қайталанбас дүние жасап шығарудың қаншалықты қиын екенін екінің бірі түсіне бермейді. Мысалы, Minou топтамасындағы атақты Solitaire сақинасын алайық. Өте ықшам, бірақ жаңашыл. Айналасындағы ұсақ гауһар тастар ортадағы негізгі тасты көтеріп, сақинаға заманауи леп берсе, дәстүрлі тісшелер оның мықтап бекітілуін қамтамасыз етеді. Меніңше, түрлі материалдарды араластырып күрделі композиция жасағаннан гөрі, осындай лаконизмге жету әлдеқайда қиын. Негізі зергерлер алқа, білезік сияқты көлемді бұйымдармен жұмыс істегенді ұнатады, өйткені онда қиялға ерік беретін кеңістік мол.

Сіз бастапқыдан-ақ отбасылық кәсіпті жалғастырамын деп шештіңіз бе? Әлде студент кезіңізде басқа жоспарларыңыз болды ма?

Шынымды айтсам, мен үнемі осы отбасылық іспен айналысатынымды білетінмін. Жақындарымның өз жұмысына деген құштарлығы көз алдымда болды, ал құштарлық – жұқпалы нәрсе. Бірақ, егер басқа отбасында дүниеге келген болсам... бәлкім, адамдармен араласуды қажет ететін, дизайнмен байланысты бір жолды таңдар ма едім. Өйткені мен адами қарым-қатынасты қатты бағалаймын. Жалпы, мен визуалмын: мен үшін көзбен көріп, түйсінетін дүниелер бірінші орында. Креативтілігім де жақсы дамыған. Lifestyle бағытының түрлі көріністерін жақсы көремін. Сондықтан отбасымыздың Venini брендін сатып алуы мен үшін үлкен қуаныш болды. Бұл – өзінің вазалары мен шамдалдары арқылы даңқы шыққан муран әйнегінің әйгілі мануфактурасы ғой. Өз үйімнің интерьерін қандай шабытпен безендіретінімді, сәулет өнеріне деген қызығушылығымды ескерсек, осы салада жұмыс істеп, даму мүмкіндігіне қаншалықты қуанғанымды елестете беріңіз.

Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі
IMAGE Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі

Venini компаниясын осыдан шамамен 10-жыл бұрын сатып алдыңыздар. Бұған не басты себеп болды?

Venini біздің, яғни менің және ағаларымның өміріне бала күнімізден еніп кеткен еді. Ата-анамыз бұл брендтің бұйымдарын баяғыдан жинайтын. Компанияны сатып алу мүмкіндігі туғанда, ағаларыммен бірге өндіріс орнына барып, пештер мен шеберханалардың жұмысын көріп, бірден ғашық болдық. Мурано шеберлерінің құпиясына тең келер ғажайып еш жерде жоқ. Venini шыны мануфактурасы 1921-жылы (дәл біздің атамыз Damiani компаниясын құрып жатқан жылдары) ашылған. 100-жылдан астам уақыт бойы мұнда нағыз шыны тарихы жазылды: компаниямен Карло Скарпа, Фульвио Бьянкони, Джо Понти, Этторе Соттсасс сияқты дизайн алыптары жұмыс істеді.

Бүгінде бұл дәстүр жалғасын тауып, Venini үшін Питер Марино сияқты танымал суретшілер еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда бүкіл ХХ-ғасыр бойы Италия мен Еуропаның ең маңызды ғимараттарын әрлеген, банктер мен вокзалдардың, ең таңдаулы қонақүйлер мен элиталық үйлердің залдарын жарықтандырған Venini тарихымен таныспай, дизайн тарихын зерттеу мүмкін емес. Негізі, компания өз жолын дәл осы шамдалдардан бастаған, ал оның әйгілі вазалары кейінірек пайда болды.

Қазір де біздің басты назарымыз шамдалдар өндірісіне бағытталған. Өйткені әйнек пен жарық – ғажайып үйлесім: жарықты әйнектей шағылыстыратын ештеңе жоқ, әрі нағыз муран әйнегінің сұлулығын тек жарық қана толық ашып көрсете алады. Біздің мақсатымыз – Venini брендін бүкіл әлемге таныту, біздің өнімдер әлі жете қоймаған елдерде де қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Біз танымал брендтердің тапсырыстарымен де жұмыс істейміз: Bvlgari, Tiffany, Damiani, әрине, Dior, Loro Piana, Bottega Veneta және тағы басқалар үшін арнайы шамдалдар топтамасын жасаймыз. Бұл бағыт бізге дәстүрлі муран әйнегінің қаншалықты ғажап екенін адамдарға паш етуге мол мүмкіндік береді.

Сіздің зергерлік өнердегі жетістіктеріңіз баршаға мәлім. Сонымен қатар, сіз жарнама саласында да нағыз жаңашылсыз. Жарнамалық науқандарға Гвинет Пэлтроу, Брэд Питт, Шэрон Стоун сияқты Голливуд жұлдыздарын тарту идеясын зергерлік индустрияда бірінші болып сіз бастадыңыз. Бұл ой қалай туындады?

Әрине, қазір мұндай жарнамалар қалыпты дүние сияқты көрінеді: барлық жерден сұлу актрисалар мен танымал әйелдердің (Брэд Питті еске алғандықтан, ер адамдардың да) қатысуымен түсірілген роликтерді көреміз. Айтпақшы, бүгінде Damiani бет-бейнелерінің бірі – Оңтүстік Корея әншісі I.N. Ол көптеген жастар үшін үлгі бола алатын, өте талантты жігіт. Бірақ мен жұмысты жаңа бастаған кезде бәрі басқаша еді. Зергерлер үшін бұйымның мінсіздігін, тастардың сапасы мен шебердің еңбегін көрсету маңыздырақ саналатын, сондықтан бар назарды тек әшекейге аударып, барынша жақындатып түсіретін. Ал мен адамдарға бұл әшекейдің таққан кезде қандай болатынын, қандай сезім сыйлайтынын, адамның өзіне деген сенімділігін арттырып, стилін қалай қалыптастыратынын түсіну жетіспейтінін байқадым. Бұл идея осылайша дүниеге келді.

Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі
IMAGE Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі

Сөз орайы келгенде I.N туралы сұрайын. Бүгінде Damiani Азия нарығында, оның ішінде Қазақстанда да белсенді түрде кеңейіп келеді. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия, әсіресе Корея туралы айтар болсақ, ондағы зергерлік бұйымдарға деген қызығушылықтың күрт артуын немен түсіндірер едіңіз?

Бұл сұраныстың артында қандай күш тұр? Жалпы, Азия нарығы luxury-сегмент үшін өте тартымды. Ал егер «ауыр люкс» – зергерлік бұйымдар мен сағаттар туралы айтатын болсақ, Азияға тең келер ешкім жоқ. Damiani бұйымдары – талғамы биік азиялық тұтынушылар үшін ең оңтайлы таңдау, өйткені бізде олар қатты бағалайтын жоғары сапа мен заманауи және дәстүрлі дизайнның мінсіз үйлесімі бар. Оның үстіне, менің байқауымша, Азия әйелдері әдемі киімдер мен әшекейлерді тек ерекше мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де тағып, үнемі жарқырап жүргенді жақсы көреді. Damiani топтамаларында салтанатты жиындарға арналған күрделі әшекейлер де, күнделікті тағуға болатын талғампаз бұйымдар да бар екенін ескерсек, біз олардың сұранысына дөп түсіп отырмыз.

Сіздің көзқарасыңызша, қазақстандық сатып алушы Еуропа, Таяу Шығыс немесе басқа Азия елдеріндегі тұтынушылардан несімен ерекшеленеді?

Біріншіден, қазақстандық қыздар – өте сұлу әрі мықты әйелдер. Сіздің елде мені тәнті ететін бір қасиет бар – ол адамдардың өмірге деген шынайы құштарлығы. Қазақстанда достарым өте көп. Мысалы, Жанна Канмен (Damiani бренді ұсынылған зергерлік бутиктер желісі кіретін Zhanna Kan Group компаниясының негізін қалаушы. – Tatler) біз әшекейлерді 2004-жылдан бері бірге ұсынып келеміз. Жанна мен оның командасы арқылы мен көптеген керемет ханымдармен таныстым. Олар үшін отбасылық құндылықтар өте маңызды, бірақ сонымен қатар олар қоғамда өз орнын табудан, өзін-өзі дамытудан еш қорықпайды.

Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі
IMAGE Сильвия Дамиани | Фотосуретші: Әділ Мәметәлі

Қазір көптеген люкс брендтердің өкілдері миллениалдардан кейін келген жаңа буынға кілт таба алмай жатқандарын, зумерлердің өмірге деген көзқарасы мүлдем басқа екенін айтып шағымданады. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Егер келіссеңіз, сол кілтті табудың сыры неде? Әлбетте, Damiani жаңа буынның сұранысына әрқашан баса назар аударады. Мысалы, біз жастарға зергерлік іске қатысты мамандықтарды үйрететін Damiani академиясын құрдық: біз геммологтарды, дизайнерлерді және өз қолымен ғажайып туындылар жасай алатын нағыз шеберлерді дайындаймыз. Venini шеберханалары да жас шыны үрлеушілерді оқытады. Қазіргі жастардың қол еңбегіне аса құлықты емес екенін білемін, осыдан 10-жыл бұрын бұл істі үйренгісі келетіндерді табу қиынның қиыны еді. Бірақ Италияда крафтинг (қолөнер) дәстүрі өте мықты дамыған, мұнда көптеген элиталық бұйымдар тек қолмен жасалады. Өз басым қолынан шынайы шедевр тудыратын адамдарды қатты құрметтеймін. Мұндай шеберлер аз, сондықтан олардың еңбегі жоғары бағаланады. Қуантарлығы, соңғы кездері жастар арасында бұл мамандықтарға деген қызығушылық қайта артып келеді, ал бұл Италияның мәдениеті, экспорты мен имиджі үшін өте маңызды.

Қазіргі жастарға келер болсақ, олар жаңашылдыққа қаншалықты құмар болса да, өздерін тамыры мен тегі арқылы тануға жиі ұмтылатынын байқадым. Жаңа ғана қазақстандық қыздардың өз ұлтының дәстүрлерін құрметтейтініне сүйсінгенімді айттым ғой. Мен негізінен қазақстандық ханымдармен жиі араласқандықтан соларды мысалға алып отырмын, бірақ бұл ретте ер азаматтардың да ұстанымы сондай екеніне күмәнім жоқ. Итальяндық жастар да қазір осы бағытты ұстанып келеді – олар дәстүрді жойғысы келмейді. Әрине, бұл олардың инновациялар жасауына, жаңалықтарға қызығуына, тіпті менен әлдеқайда жақсы меңгерген жасанды интеллектіні қолдануына еш кедергі келтірмейді.

Яғни, сіз өзгерістерден мүлдем қорықпайсыз ба?

Өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ, онымен бірге өмір сүруді үйрену керек – бұл өміріміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан мен өзгерістерден қорықпаймын, оларды қабылдаймын. Бірақ, сонымен бірге, мысалы, 22 жастағы ұлыммен сөйлескенде, оның бойына мәңгілік құндылықтарды сіңіруге тырысамын. Оған не маңызды, ал не екінші кезектегі дүние екенін ажырата білуді үйретемін.

Damiani жалпы ағымға қарсы жүзіп бара жатқан сияқты. Мысалы, бүкіл әлем автоматтандыруға және өндірісті Қытайға көшіруге бет бұрып жатқанда, сіздер итальяндық жастарды қолөнерге баулып жатырсыздар.

Жаппай машиналық өндірісті сынайтын ең соңғы адам мен шығармын. Жаппай өндіріс қарапайым халықтың, әсіресе табысы төмен жандардың тұрмысын жеңілдетіп, қажетін өтеу үшін керек-ақ. Бірақ егер сөз люкс, оның ішінде бағалы әшекейлер туралы болса – бұл мүлдем басқа әңгіме. Қымбат әшекей адамға өзін ерекше, қайталанбас тұлға ретінде сезінуге мүмкіндік береді, демек оның өзі де ерекше болуы тиіс. Оның жоғары бағасы тек материалдардың құндылығымен ғана емес, сонымен қатар көзге көрінбейтін, өте нәзік әрі күрделі қол еңбегімен ақталады. Мен италиялықпын, сондықтан біздің бұйымдар – Damiani болсын, Venini болсын – бойына елімнің рухы сіңгеніне және оның қайталанбас қолтаңбасын сақтайтынына кәміл сенемін.