Жасанды интеллект биыл өміріміздің барлық саласына сондай қарқынмен ене бастады, тіпті кезінде ересектерге арналған фильмдер арқылы танымал болған Саша Грейдің өзі жеке чат-ботын жасауға ниет білдірді.

Жалпы, бұл саладан жаңалықтар өте көп болды. Мәселен, Албанияда Диэлла есімді алғашқы «ЖИ-министр» тағайындалды. Ол – тірі адам емес, мемлекеттік қызметтерді басқаруға арналған бағдарламалық жүйе болса да, жуырда өзіне көмектесетін 83 «цифрлық көмекшіні» өмірге әкелетінін (яғни, жүйені жаңаратынын) хабарлап, жұртты таңғалдырды. Тағы бір қызық жағдай King компаниясында орын алды: олар жасанды интеллектіні енгізу үшін 200 маманын (штаттың 10%-ы) жұмыстан шығаратынын мәлімдеді. Бірақ ең сорақысы – жұмыстан қысқарғандардың қатарында тап осы алгоритмдерді енгізумен айналысып жүрген мамандардың өздері болып шықты.

Биылғы жылдың басты жұлдызы деп біз Сидни Суиниді атар едік. Ол қазіргі жас буынның нағыз символына айналып келе жатыр. Сидни өзінің қатысуымен болған жарнамалық даулардан абыроймен шығып, «Кристи» фильмінде боксшы қыздың рөлін сомдау үшін сырт келбетін де (салмақ қосу арқылы) өзгертуден қорықпады. Ол ақ көйлек киген Анджелина Джолидің ескі образын керемет қайталап қана қоймай, GQ журналына берген сұхбатында өзіне тиіскен журналиске сауатты жауап беріп, сөзге шешендігі мен тапқырлығын дәлелдеді. Сидни әйел адам үшін тек сыртқы сұлулық емес, ақыл мен ерік-жігердің маңызды екенін көрсетті.
Маусым айында Coldplay концертінде жылдың ең үлкен «тұзағы» орын алды. Концерт барысында Astronomer компаниясының басшысы Энди Байронның өз әйелі емес, әріптесі – HR-директор Кристин Кэботты құшақтап тұрған сәті концерттегі ірі экранда көрсетіліп кетті. Нәтижесінде, бұл «көзге шөп салу» оқиғасы ретінде қабылданып, екеуі де жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Бұл жағдай әлемде «жаңа пуританизмнің» (адамның жеке өмірі мен моральдық бейнесіне қойылатын өте қатал талаптардың) күшейгенін көрсетті. Бір қызығы, әлемде ашық ақпарат пен еркіндік салтанат құрып тұрған заманда, қоғамның мұндай «кірпік қақпайтын» қаталдығы таңғалдырады. Концерт таңдағанда абай болыңыз: кейде камералар сіз күтпеген шындықты әшкерелеп жіберуі мүмкін.

Биыл «Оскар» сыйлығын «Анора» фильмі ұтып алды, бірақ бұл туынды бізге қатты әсер ете қоймады. Оның орнына «Эмилия Перес» фильмінің жұлдызы Карла София Гасконның айналасындағы дау қызық болды. Ол трансперсона бола тұра, әлеуметтік желідегі өткендегі өткір жазбалары (BLM, дін және ЛГБТ тақырыптарына) үшін қоғамдық қудалау (cancel culture) науқанына ілікті. Бұл – қазіргі қоғамда адамның өткендегі кез келген қателігі үшін бүгінгі мансабын құрту үрдісінің әлі де күшінде екенін білдіреді.
Заманауи өнер әлемінде Ив Кляйнның бар-жоғы бір ғана бояумен — қанық ультрамаринмен жазылған «Калифорния» картинасы 18,5 миллион долларға сатылып, жұртты аң-таң қалдырды. Көпшілік бұл оқиғаны «алаяқтық» деп айыптап, тіпті Луврдегі атақты ұрлықпен теңестіргендер де болды (кейбір конспирологтардың пайымдауынша, бұл қылмысты Макроннан өш алу үшін кезінде президент қана емес, ішкі істер министрі де болып, Францияның қылмыс әлемін бес саусағындай білетін Николя Саркози ұйымдастырған-мыс).

Алайда біз өз тарапымыздан нық сеніммен айта аламыз: «Калифорния» – нағыз ұлы өнер туындысы. Бұл Маурицио Каттеланның миллион долларлық «банан-алаяқтығы» емес, сондықтан 18,5 миллион доллар – оның лайықты бағасы. Егер бізде сондай мүмкіндік болса, біз тіпті 20,5 миллион долларымызды аямай, бұл жауһарды Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайындағы алматылық кеңсеміздің төріне іліп қояр едік. Асқақ таулардың аясында Ив Кляйнның көгілдір түсі ерекше құлпырып, көздің жауын алар еді

Сериалдар әлемінде «Переходный возраст» (Adolescence) атты драма үлкен шу тудырды. Драма жасөспірімдердің қылмыстық әлемін баяндайды. Сериал авторлары «жасөспірім – бұл бір жағынан құбыжық, екенші жағынан ақымақ» деген Нобель сыйлығының иегері Мишель Уэльбектің ескі тұжырымын дәлелдеуге тырысқан сияқты.

Ал жыл соңындағы ең сәнді сериал – Pluribus болды. Бірақ ол әлі соңына дейін шығып бітпегендіктен, туындыға нақты сарапшылық баға беруге ерте.


Саяси сахнаға келсек, Жапонияда Санаэ Такаитидің ел тарихында алғашқы әйел премьер-министр болып тағайындалғаны бізді ерекше қызықтырды. Ол – жай ғана саясаткер емес, кезінде хеви-метал тобында барабанда ойнап, «темір леди» Маргарет Тэтчерге ұқсайтын өр мінезді тұлға. Біз Жапонияны жақсы көретіндіктен, мұндай жаңалықтарды қалт жібермейміз.

Биылғы жылдың «жыл жұбы» деп Джефф Безос пен Лорен Санчесті атар едік. Олардың айналасында «парасоциалдық қатынастар» қалыптасты. Бұл термин – қарапайым адамның экрандағы жұлдызды (миллиардерді немесе актрисаны) өз туысындай немесе жақын досындай сезініп, оның жеке өмірін қызу талқылауын білдіреді. Жұрт Безостың Венециядағы сәнді үйлену тойы мен Лореннің 4 миллион долларлық жүзігін өздерінікіндей көріп, уайымдады. «Парасоциалдық» – тіпті Кембридж сөздігі бойынша 2025 жылдың басты сөзі болып атанды.

Ким Кардашьян да назардан тыс қалмады. Ол заңгерлік емтиханнан тағы да өте алмай, камера алдында жылап отырған видео түсірді. Ол жылап отырғанда, оның Skims бренді 5 миллиард долларға бағалана түсті. Ким – сәтсіздіктің өзінен, тіпті көз жасынан да ақша жасай алатын нағыз медиа-феномен.

Әлеуметтік трендтер арасында «дәстүрлі әйелдер» (Trad-wives) қозғалысы белең алды. Бұл – заманауи мансап пен бизнес-вумен образынан шаршаған, үй шаруасына, отбасылық жайлылыққа және «ас үйге» оралғысы келетін әйелдер үрдісі. Тіпті Меган Марклдың өзі осы толқынға қосылып, үй декорлары мен аспаздық кітаптар шығара бастады. Бұл оның бұрынғы бүлікші образына мүлдем қайшы келсе де, қазіргі қоғамның жайлылыққа деген сұранысын көрсетеді.

2025 жылдың жазын интернетте «Brain rot summer» (сөзбе-сөз: мидың шіруі) деп атап кетті. Бұл – біздің мәдени шаршауымыздың символы. Қазіргі трендтердің ғұмыры тым қысқа: алгоритмдер мен шексіз видеолар талғамымызды билеп алған заманда, бәрімізге ортақ хит ән немесе біріктіруші мем деген ұғымдар біртіндеп тарихқа айналып барады. Бұқаралық мәдениет жеке-жеке кішкентай «көпіршіктерге» бөлініп кетті. 2025 жыл – әркімнің өз экранында, өз лентасында өмір сүретін жылына айналды.
Егер 2024 жылы Charli XCX өзінің «brat summer» стилімен жұртты соңынан ерте алса, 2025 жылы бұл эстафетаны ешкім іліп кете алмады. Биыл халықтың басын біріктіретін не бір ерекше түс, не хит ән, не шулы жоба шыққан жоқ. Тіпті мемдер де бұрынғыдай біріктіруші күшін жоғалтты: TikTok–ты жасанды интеллект жасаған сапасыз дүниелер басты, ал «Coldplaygate» дауының барлық жерде шығуы – оның жақсылығынан емес, тым ерсі болғандықтан ғана алгоритмдерден өтіп кеткендігінде.
Мұның себебі де түсінікті. Қазір тыңдарман үшін жаңа әннен көрі стримингтегі ескі жинақтар маңыздырақ, ал әлеуметтік желілер аудиторияны мыңдаған ұсақ топтарға бөліп тастады. Медиа кеңістік саяси шуға толып, ірі мәдени оқиғаларға орын қалмады. Маркетинг те бұрынғыдай жаппай «толқын» тудыра алмайтын дәрменсіз күйге түсті.
Қорытынды қандай? 2025 жыл – жалпыға ортақ «массалық мәдениеттің» біржола келмеске кеткен жылы болды. Ал «brain rot» – енді диагноз емес, әлемнің жаңа қалыпты жағдайы. Бүкіл дүниені дүр сілкіндіретін ортақ «вайб» – енді өткен күннің еншісінде қалған сән–салтанат қана.
