Халықаралық ALTO клубы атақты модель Наталья Водяновамен арнайы жабық кездесу өткізді. Шілденің 3-і күні Париждегі әйгілі Fondation Louis Vuitton орталығында ұйымдастырылған басқосуда қайырымдылық, мәдениет, қоғамдағы теңдік пен әйелдер көшбасшылығы сынды өзекті тақырыптар ортаға салынды.

Ал клуб мүшелері өз кезегінде Наталья Водянованы Орталық Азияда жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалармен және халықаралық Be Woman Asia тұғырнамасымен жақынырақ танысуға шақырды.
«UNICEF-тің қайырымдылық бастамасына үлес қоса отырып, бұл қадамымыз осындай маңызды таныстыққа ұласады деп ойламаппыз. Наталья Водяновамен бүгінгі кездесуіміз алдағы уақытта үлкен достық пен ортақ жобаларға жол ашады деген сенімдемін», – деп атап өтті Жанна Кан.

Айта кетейік, бұл кездесу бұған дейін Тәжікстанда өткен UNICEF аукционында арнайы лотты сатып алудың арқасында жүзеге асты. Ол кезде жиналған қаражат толығымен балаларды қолдау бағдарламасына бағытталған еді.
