Өткен орны
Тұңғыш Tatler Ball мен Tatler Impact Awards марапаттау рәсімін өткізу үшін «Целинный» заманауи мәдениет орталығы таңдалып алынды. 2025 жылы байырғы кеңестік кинотеатр ғимараты әйгілі ағылшын сәулетшісі Асиф Ханның қолтаңбасымен қайта түлеп, теңдессіз сәулет туындысына айналды. Ашылу салтанатында Сауд Арабиясынан Лондонға дейінгі әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мәртебелі меймандар назарына ауқымды Barsakelmes шамандық операсы ұсынылған болатын. Ал 11 желтоқсанда «Целинный» жылдың ең мәртебелі зайырлы шарасы – Tatler Ball қонақтарына есігін айқара ашты.

Tatler Impact Awards иегерлері кімдер?
2025 жылы Tatler жеті аталым бойынша: «Инновация», «Бизнес», «Мәдениет», «Қайырымдылық», «Спорт», «Стиль» және Diamond санаттарында үздіктерді анықтады.

Diamond санатында – кәсіпкер-инвестор, «Қайрат» футбол клубының иесі және «Целинный» орталығының негізін қалаушы Қайрат Боранбаев үздік деп танылды. Оның тікелей қолдауының арқасында «Қайрат» футбол клубы биыл тарихта тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының кезеңіне жолдама алып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Стадиондағы мыңдаған жанкүйердің қуатты үнінен маңайдағы үйлердің терезесі дірілдеп, ал көп ұзамай Алматыға аты аңызға айналған мадридтік «Реал» келгенде, қала халқы әлемдік футбол жұлдыздарын ұйқысыз қарсы алған еді.

«Инновация» санатында – SignBridge жобасы топ жарды. Нұрзада Амангелді, Назерке Ғазизова және Бекболат Құрметбектен құралған зерттеушілер тобы бес жыл бойы талмай еңбектеніп, нәтижесінде машинаны қазақ ым-ишара тілін түсінуге үйрететін әлемдегі алғашқы зияткерлік жүйені жасап шығарды. ЖИ-модель қимылдардың түрленуін танып, ишараны – сөзге, сөзді – ишараға айналдыру мүмкіндігіне ие болып отыр; қазірдің өзінде бұл технология отандық телеарналарда қолданысқа енгізілген.

«Бизнес» санатында – кәсіпкер, меценат, Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік Almaty Museum of Art заманауи өнер музейінің негізін қалаушысы Нұрлан Смағұлов марапатталды. Әлемде өнер туындыларын жинайтын кәсіпкерлер аз емес, алайда жеке коллекция негізінде тұтас мәдени орда құруға кез келгеннің батылы мен ықыласы жете бермейтіні анық.

«Мәдениет» санатында – ТМД-дан шыққан тұңғыш ғарыш турисі, бизнесвумен, әлемдік жұлдыздардың концертін ұйымдастырушы Данна Қарағұсова мен «Астана Концерт» компаниясының продюсері, ауқымды іс-шаралардың ұйымдастырушысы Мәлік Хасенов арнайы жүлдеге ие болды. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында 2025 жылы қазақстандықтар Алматыда Backstreet Boys тобын және Астанада Дженнифер Лопесті жанды дауыста тыңдау бақытына ие болды.


«Қайырымдылық» санатында – «Ана үйі» жобасының негізін қалаушы Анар Рахымбаева марапатталды. Осыдан 13 жыл бұрын басталған бастама бүгінде мыңдаған отбасының тағдырына оң әсер ететін тұрақты жүйеге айналып үлгерді. 2025 жылы жаһандық ауқымға шыққан жоба Harvard Business School оқулықтарына еніп, халықаралық деңгейде мойындалды.

«Спорт» санатында – қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева үздік шықты. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Sharjah Masters 2025 супертурнирінде үшінші гроссмейстерлік норманы орындап, мансабында алғаш рет 2500 рейтингісін бағындырған ол, Қытай мен Үндістан жұлдыздарын қоса алғанда, барлық қарсыластарын шаң қаптырды. Осылайша, Асаубаева Қазақстанда халықаралық гроссмейстер атағына ие болған екінші әйел атанды.

«Стиль» санатында – Қазақстанның люкс нарығын жаңа деңгейге көтеріп, 2025 жылы әлемдік BoF 500 рейтингіне енген Viled компаниясының бас атқарушы директоры (CEO) Айгүл Әміржанова марапатқа ие болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет Executive санатына біздің өңірдің өкілі еніп отыр. Жаһандық ықпалы дәлелденген санаулы басқарушылар ғана ілігетін бұл тізімде биыл небәрі жеті адам болса, солардың қатарында Dior, Ralph Lauren және Loewe топ-менеджерлері бар.

Tatler командасының лауреаттарды қалай таңдайтыны туралы толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Ең стильді қонақтар
Tatler Ball және Tatler Impact Awards марапаттау рәсімі – тек редакцияның арнайы шақыруымен ғана кіруге болатын жабық форматтағы іс-шара. 2025 жылы журнал нұсқасы бойынша жылдың ең ықпалды тұлғаларын анықтау үшін жиналған 250 қонақ «Целинный» алдындағы қызыл кілемді сән салтанаты жарасқан айрықша кеңістікке айналдырды. Голливудтың «Алтын ғасырынан» бастап винтажды жауһарлар мен авангардтық эксперименттерге дейін құбылған қонақтар формальды дресс-кодты шебер түрлендіріп, Asia's Most Stylish қатысушыларына тән биік талғам үлгісін көрсетті.
Carrera y Carrera асыл тастар кеңістігі
«Целинныйда» өткен Tatler Ball кешінде Tatler Asia Kazakhstan-ның бас серіктесі – Carrera y Carrera бұрышы (корнері) бой көтерді. 1970 жылдары ағайынды Мануэль және Хуан Хосе Каррера құрған, тарихы сонау 1885 жылы аталары Сатурио Эстебан Каррера негізін қалаған мадридтік шеберханадан бастау алатын испандық зергерлік үйдің бұл кештегі орны ерекше болды.
Қазақстандық аудиторияның Carrera y Carrera жауһарларымен танысуы Жанна Кан мен ол басқаратын Constella компаниясының арқасында мүмкін болды. Кеш барысында қонақтарды арнайы бөлінген орында жеке қарсы алған Жанна Кан әшекейлердің тарихы мен сыры жайлы әңгімелей отырып, асыл тастарды жай ғана экспонат емес, бал атмосферасының ажырамас бөлшегіне айналдырды. Сонымен қатар, қонақтарға сол жерде зергерлік шедеврларды тағып көруге және қалауына қарай сатып алуға да мүмкіндік ұсынылды.



Sea Breeze корнеріндегі саяхат рухы
Tatler Asia серіктесі – Sea Breeze корнеріндегі мұздан қашалған кеме мүсіні кештің басты сәніне айналды. Бұл мүсін – Баку іргесіндегі Sea Breeze курортында бой көтеріп жатқан теңдессіз Caspian Dream Liner жобасына жасалған әдемі сілтеме. Аталмыш кешен Каспий теңізінің дәл ортасындағы жасанды аралда орналасқан. Ашық көк теңізде әсерлі жүзіп бара жатқан кеме пішініндегі 11 қабатты апарт-отель – сәулет өнерінің озық үлгісі.
«Целинный» шамының жарығында жарқыраған мұз мүсін ауасы тұзды, көкжиегі шексіз, ал өмірі курорт ырғағымен өрбитін мекенге сапар шегу идеясын паш еткендей әсер қалдырды. 750 гектар аумақты алып жатқан бұл мекенде резиденциялар мен виллалардан бастап, мейрамханалар, wellness-орталықтар және білім беру мекемелеріне дейін – жаңа деңгейдегі өмір сүру салтына қажеттінің бәрі қарастырылған. Осы орайда, біз Sea Breeze командасына Tatler Ball-ға қолдау көрсетіп, өңірдің мәдени ортасын дамытуға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіреміз.

Көңіл-күйге кім жауапты болды?
Tatler Ball кешіндегі көңіл-күй тізгіні ұлыбританиялық әнші Laura Mvula-ның қолында болды. Өз тобымен бірге Алматыға тікелей Лондоннан ұшып келген ол, өзімен бірге залдың тынысын бір арнаға тоғыстыратын, музыкасынан ғана емес, өзі атсалысқан фильмдер мен театр қойылымдарынан да естуге болатын сол бір танымал, кинематографиялық саундты ала келді.


BRIT Awards номинанті және карьерасы баяғыда-ақ «поп-формат» шеңберінен шығып кеткен, қоржынында Santana және Нил Роджерспен коллаборациялар бар Лораның әрбір жанды бағдарламасы – күш, парасаттылық және шынайылықтың сирек үйлесімі. Бейсенбі, 11 желтоқсан күні «Целинныйда» орнатылған сахнадан сиқырлы дауысымен ән шырқаған әнші кешті қажетті толқынға баурап, ерекше атмосфера сыйлады.





