Power & Purpose|Impact

Олимп шыңындағы тұлға: Михаил Шайдоров алтын медаль, музыка және байопик туралы

АвторыМаксим Семеляк
26.06.2026
Михаил Шайдоров | шалбар, жейде және галстук: Fuzzz; сағаты: Hublot Spirit of Big Bang White Ceramic (керамика, сапфир циферблат, скелетондалған хронограф) | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | шалбар, жейде және галстук: Fuzzz; сағаты: Hublot Spirit of Big Bang White Ceramic (керамика, сапфир циферблат, скелетондалған хронограф) | Фотосуретші: Данил Ярощук
Михаил Шайдоров – жай ғана жеңіске жеткен мәнерлеп сырғанаушы емес. Ол – отандық спорттағы жеңіске толы өзгерістердің нағыз символы. Спортшы Олимпиада рекордын бағындырып қана қоймай, спорттағы болашағына да зор жауапкершілікпен қарайтын тұлға

Біз Михаилмен тілдесіп отырған сәтте, оның Олимпиададан кейінгі жалақы төленбегені туралы шулы мәлімдемесі қазақстандық медианы әлі дүрліктіріп үлгермеген еді. Бәлкім жастығының әсерінен шығар (немесе керісінше, соның арқасында), бұл спортшы өзін-өзі танытуға және жалпы мансабын қалыптастыруға өте сауатты тұрғыдан келеді. Ол тек өзінің ғана емес, ел спортындағы барша адамның құқығын қорғай білуімен де көпшіліктің құрметі мен ықыласына бөленіп отыр.

Осыдан бір жыл бұрын Tatler-ге сұхбат берген едіңіз. Бірақ ол кезде алтын медаль жоқ тұғын. Сол кездегі Михаил мен қазіргі Михаил екі бөлек адам ба?

Иә, мүлдем екі түрлі адам. Көп нәрсе өзгерді. Ең алдымен, өзіме деген жауапкершілік мен саналылық пайда болды. Мен тұлға ретінде өстім деп ойлаймын. Одан бөлек, Олимпиада чемпионы атанған соң, еліміздегі қаншама балаға шабыт бергенімді айқын көріп тұрмын. Қазір олар мәнерлеп сырғанауға көптеп келіп жатыр. Бұл менің басты жеңістерімнің бірі. Мен өз елімізде бұл спорт түрі футбол, хоккей және басқа да ірі спорт түрлерімен терезесі тең болғанын қаладым.

Михаил Шайдоров | худи, іш киім және шалбар: Ushatava; қолғап: Ainur Turisbek | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | худи, іш киім және шалбар: Ushatava; қолғап: Ainur Turisbek | Фотосуретші: Данил Ярощук

Иә, бұл жай ғана Супербоул сияқты маусымдық спорттық жетістік емес. Сіз енді ұлттық батырға айналдыңыз.

Иә, көк туымызды желбіреткенде, миллиондаған адам мен арқылы елімізді таныды. Бізде биікке самғай алатын қаншама талант бар екенін білді. Сондықтан қазір маған артылған жауапкершілік жүгі еселене түсті. Бір жағынан, спорттағы мәртебемді растап, керемет өнер көрсетуім керек. Екінші жағынан, ел алдындағы жауапкершілік бар. Өзіңіз айтқандай, қазір жұрттың бәрі маған ұлттық батыр ретінде қарайды. Мен бұл жолды ары қарай да жалғастырғым келеді.

Жаңа мәртебе сізге көбірек мүмкіндік бере ме, әлде, керісінше, қандай да бір шектеулерді сезініп жүрсіз бе?

Менің өмірімде ешқашан ешқандай шектеу болған емес. Әрине, түрлі қиындықтар мен мәселелер кездесті. Бірақ мен оларға жеңіп шығу керек кедергі ретінде қарадым. Қазір менде мүмкіндік өте көп. Әрине, бұл туралы армандадым, бірақ дәл осындай дәрежеге жетемін деп ойламаппын. Алдағы уақытта өз жобаларымды дамытпақ ойым бар. Осы жылы өзімнің мұз шоуымды жасағым келеді. Көптеген спортшылар алтын алған соң мансабын аяқтап жатады. Өйткені шыңына жеттім деп ойлайды. Ал мен оны әлі сезінген жоқпын. Алда кезекті олимпиадалық цикл күтіп тұр. Менде әлі де үлкен әлеует бар екенін сеземін.

Михаил Шайдоров | былғарыдан жасалған жейде: Ainur Turisbek | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | былғарыдан жасалған жейде: Ainur Turisbek | Фотосуретші: Данил Ярощук

Енді сіз өзіңізді тек спортшы ретінде ғана емес, жұлдыз, танымал тұлға ретінде де ұстауыңыз керек. Сіздің имиджіңізді біреу ойлап таба ма, әлде бағыттап отыра ма?

Әрине, имидж қалыптастыруға көмектесетін мамандар бар. Дегенмен, негізгі шешімді өзім қабылдаймын. Мәселе мынада: мен ешқашан жасанды әрекетке бармаймын. Мен әрдайым ашықпын. Адамдар келіп суретке түсейік десе, ешқашан бетін қайтармаймын. Жалпы, менің стилім зумерлерге көбірек ұқсайды. Десе де, әлеуметтік желілерге суреттерді сирек саламын және сұхбатты да көп бере бермеймін.

Неліктен сирек?

Өйткені бар назарым жұмысқа және өмірдегі өз орнымды табуға бағытталған. Қандай да бір қосымша бейне жасауға уақытым жоқ. Сондықтан бір істі қолға алсам, мейлінше ашық әрі табиғи болуға тырысамын. Меніңше, жұрттың көз алдында жүрген адамға керегі де осы жасандылықтан ада қасиет.

«Алда кезекті олимпиадалық цикл күтіп тұр. Менде әлі де үлкен әлеует бар екенін сеземін»

- Михаил Шайдоров -

Зумерлер туралы сөз қозғап қалдыңыз. Оның үстіне, Gen.T туралы нөмірдің мұқабасына шығып отырсыз. Өзіңізді осы ұрпақтың бір бөлшегімін деп сезінесіз бе, әлде мұз айдынындағыдай жалғызсыз ба?

Қағаз жүзінде мен зумерлер қатарына жатамын. Бірақ менің өмір салтым басқа ұрпақтардың тәжірибесіне көбірек сүйенеді. Мен үнемі өзімнен әлдеқайда үлкен тұлғаларды бақылауға тырыстым. Мысалы, Юдзуру Ханю, Патрик Чан, Евгений Плющенко, Алексей Ягудин, Дайсукэ Такахаси сияқты мәнерлеп сырғанаушылар. Олар өте көп. Әдетте, мен олардың тарихынан ең жақсы тұстарын алып, оны өз стилімде жүзеге асыруға тырысамын.

Михаил Шайдоров | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | Фотосуретші: Данил Ярощук

Мені таңғалдырғаны да сол, сіз өте жас бола тұра, өз бағдарламаңызда өткеннің аңыздарына жүгінесіз, мейлі ол футуристік бағытта болсын. Мысалы, мұз айдынында «Дюна» фильмінің әуеніне билейсіз. Басқа бір көрсетіліміңізде Димаш Құдайберген орындайтын 2000 жылдардың басындағы Челентаноның әні қосылады. Ал «Пятый элемент» фильміндегі ария – тіпті 1990 жылдардың туындысы.

Шын мәнінде бұл музыканы мен осыдан 5 жыл бұрын таңдағанмын. «Пятый элемент» фильмін өте көп көрдім. Маған бұл жанр ұнайтын... аты қалай еді, сөзді ұмытып тұрмын... мысалы, киберпанк делік, бірақ өткен ұрпақтың көзқарасымен. Ондағы басты кейіпкер қыз маған қатты ұнайтын. Ол бір жағынан басқа ғаламнан келгендей көрінеді. Екінші жағынан, өте икемсіз әрі түсініксіз. Бұл жерде де зумерлермен параллель жүргізуге болады. Зумерлер көбінесе өз бетімен дамиды. Не істегілері келсе, соны істейді. Бәлкім, бұл қасиет менің бойымда да бар шығар. Мен осы әлемге көбірек ашылуға тырысамын. Бірақ мұның бәрін тек өз жүрегімнің қалауымен ғана жасаймын.

Жалпы, сіздің спортыңызда музыка шешуші рөл атқаратын сияқты. Оны дұрыс таңдау табысқа қаншалықты әсер етеді?

Шындығында, барлығы дерлік музыкаға тіреліп тұрады. Егер мәнерлеп сырғанаушы өзіне ұнамайтын әуенге билесе, бағдарлама шықпайды. Ол жанды тебірентпейді және ешқандай оқиғаны баяндап бере алмайды. Көбінесе музыканы өзім таңдаймын және оған өте байыппен қараймын. Менің ойымда дайын нұсқалар өте көп. Менің бүкіл өмірім музыкадан тұрады десем де болады. Көлікте, серуендегенде тыңдаймын. Музыкамен сырғанаймын. Фильм көргенде де оның саундтрегіне міндетті түрде назар аударамын. Музыкаға дұрыс көзқарас болмаса, мәнерлеп сырғанаушыға өте қиын болады.

Михаил Шайдоров | костюм: Ushatava; туфли: Martine Rose | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | костюм: Ushatava; туфли: Martine Rose | Фотосуретші: Данил Ярощук

Ал бала кезіңізде жаттығуды қандай музыкамен өткізетін еді?

Алексей Ягудиннің бағдарламаларындағы әуендермен жиі сырғанағаным есімде. Вивальдидің «Қыс» шығармасы және басқа да классикалық туындылар болатын. Мен классикамен өстім. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені ол барлығының негізі. Содан кейін оған басқа нәрселерді қосуға болады. Жалпы алғанда мәнерлеп сырғанауда заманауи композициялар өте аз. Бірақ оларды қосып жату өте маңызды. Өйткені заманауи аудиторияны тарту керек. Мысалы, зумерлерге классика ішпыстырарлық болып көрінеді.

Мәнерлеп сырғанауда және жалпы спортта кездейсоқтық немесе сәттілікке орын бар ма? Мысалы, жақында Усик пен Верхувеннің бокс жекпе-жегі өтті. Усик жеңіліп жатқан жерінен соңғы сәтте қарсыласын нокдаунға жіберді. Сіз кездейсоқтыққа сенесіз бе?

Иә, футболда да бәрі болжаусыз, ауыспалы болады. Аяқ астынан автогол соғылуы мүмкін немесе біреу қатарынан үш рет гол салады. Спортта сәттіліксіз ештеңе істей алмайсың. Бірақ ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Сәттілік кездейсоқ келмейді, мен осылай дер едім. Жасөспірім шағымда кейбір спортшылардың жалқаулық танытып, толық жұмыс істемейтінін көрдім. Соларға қарап, мен бұлай істегім келмейтінін түсіндім. Кейін бір жерде жеткілікті жұмыс істемедім-ау деп өкінгім келмейді. Кез келген спорт түрінде бүгінде баспен көп жұмыс істеу керек. Өйткені спорт, оның ішінде мәнерлеп сырғанау да қатты дамып кетті.

Михаил Шайдоров | костюм: Ushatava; туфли: Martine Rose; сағаты: Hublot Big Bang Original Unico Titanium Coal Blue (титан, ішінде flyback-хронографы бар HUB1280 Unico автоматты калибрі) | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | костюм: Ushatava; туфли: Martine Rose; сағаты: Hublot Big Bang Original Unico Titanium Coal Blue (титан, ішінде flyback-хронографы бар HUB1280 Unico автоматты калибрі) | Фотосуретші: Данил Ярощук

Ал бұл даму неден байқалады?

Бұл әр олимпиадалық цикл сайын болып тұрады. Мәнерлеп сырғанау ережелері өзгереді. Жас спортшылар келеді. Олар алдыңғы буын спортшылары жасағаннан сәл көбірек еңбектенуді бастайды. Егер біз Ягудин мен Плющенконың үлкен текетірестерін еске алсақ, бір кездері олардың деңгейіне ешкім жете алмайтын. Олардың орнына басқа мәнерлеп сырғанаушылар келіп, жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы, қазір әлемде Илья Малининнің төрт айналымдық акселін немесе менің күрделі каскадтарымды әлі ешкім орындай алған жоқ. Жаттығуларда кейбір спортшылар жасаған шығар, бірақ жарыстарда мәнерлеп сырғанауға бұл жаңалықты тек екеуіміз ғана әкелдік.

Қазір келесі олимпиадалық цикл басталып жатыр. Бәрі өз ретімен жүруде. Жаңа жігіттер келеді, жарыс ережелері өзгереді. Ал мен бұл циклге әлдеқайда саналы түрде кірмекпін. Мен небәрі 21 жастамын. Сондықтан өз әлеуетімді барынша толық ашқым келеді. Бала кезімде әкем маған ең бастысы – мәнерлеп сырғанаушы ретінде өсіп, даму керектігін сіңірді. Мен әртүрлі адамдардың сырғанауын көремін. Әр жолы өз ісіме жаңа бірдеңе қосқым келіп тұрады. Менде әрқашан осындай мотивация бар. Сол себепті барлық қиындықтардан өттім. Алда бұдан да үлкен қиындықтарды жеңіп шығатыныма сенімдімін.

Мені шабыттандыратыны – дөрекілеу айтсам, мен «мәнерлеп сырғанайтын» елден шыққан жоқпын. Көптеген спортшылар жаттығуларын керемет жағдайларда бастайды. Ал мен сауда орталығында бастадым. Жапон, америкалық, еуропалық мәнерлеп сырғанаушылар өте көп. Ал Қазақстанда біз азбыз. Менің 32 жыл ішінде еліміз үшін алғаш рет алтын медаль жеңіп алуым маған қатты мотивация береді. Мен қайдан бастағанымды және қандай жолдан өткенімді жақсы түсінемін. Әрине, Олимпиададан кейін ішкі жан дүнием босап қалғандай күй кештім.

«Кез келген спорт түрінде бүгінде баспен көп жұмыс істеу керек»

- Михаил Шайдоров -

Неге олай болды?

Жалпы, бұл мен үшін өте ауыр маусым болды. Көп нәрседен өтуге тура келді: қиындықтар, қорқыныш. Кей жерлерде өзімнен күткен үмітті ақтай алмадым. Олимпиада ойындары – әлем чемпионаты емес. Ондағы психологиялық қысымды ешнәрсемен салыстыруға келмейді. Ол жерде қысым барлық жерде сезіледі. Ауада таралған энергия сияқты. Бәрінің жүйкесі жұқарады. Мұндай қысымнан бойды аулақ ұстау өте қиын.

Алтын медаль алған күнді қалай өткіздіңіз?

Алдымен микст-аймақта үш сағат бойы журналистермен сөйлестім. Сосын бүкіл делегациямыз келіп құттықтады. Одан кейін Олимпиада ауылына бардым. Ол кезде түнгі сағат үш шамасы болған. Сол жерде құттықтауларды оқи бастадым. Ол қандай бақыт екенін ешқашан ұмытпаймын. Адамдар өз мәселелерін ұмытып, бүкіл елдің ортақ жеңісін тойлап жатты. Мен екі тәулік бойы ұйықтаған жоқпын. Барлығымен телефонмен сөйлесіп, жазбаларды, пікірлерді оқыдым. Мемдерді қарадым. Бұл бір ғажап сезім болды. Ұмытылмас күн еді.

Михаил Шайдоров | жейде және галстук: Fuzzz | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | жейде және галстук: Fuzzz | Фотосуретші: Данил Ярощук

Сіз үшін мінсіз күн қандай екен? Немесе ол қандай болғанын қалар едіңіз?

Жақсылап ұйықтап тұру. Содан кейін таңғы ас. Мұз айдынында алты сағаттай жаттығу жасау және... тіпті не қосарымды білмей тұрмын (күледі). Менің өмірімде басқа ештеңе жоқ қой. Музыка тыңдау, тауға бару. Барлық алматылықтар сияқты жазғы кофеханада отыру. Бірақ мұның бәрі бір күнге сыймайды. Өзін-өзі дамыту, жаңа нәрсені үйрену. Мысалы, мен фортепианода ойнауды үйренгім келеді.

Ал чемпион ретінде сіз үшін «нағыз байлық» деген ұғымға не кіреді?

Мен зумермін ғой. Мендегі сән-салтанат түсінігі онша байыпты емес шығар (күледі). Мен үшін нағыз байлық – бұл мәдени кодқа қатысты ұғым. Бұл көбінесе білім, мәдениет және этика туралы.

Сіз тура Маргарет Тэтчер сияқты сөйлеп тұрсыз. Ол бірде көне тілдермен айналысатын адам туралы «Не деген сән-салтанат!» деген екен.

Иә-иә, дәл солай. Ал заттарға келсек... әрине, маған қымбат сағаттар ұнайды. Бірақ нағыз байлық – бұл сауатты болуың. Жақсы тәрбие мен біліміңнің болуы. Бойыңда мәдениеттің болуы.

Былтырғы сұхбатта сізден сүйікті кейіпкерлеріңіз бен актерлеріңіз туралы сұраған едік. Ал енді сұрақты басқаша қою керек сияқты. Кинода сіздің рөліңізді кім сомдай алар еді?

Тимоти Шаламе ме? Өзіңіз туралы байопик түсіруді кімге сеніп тапсырар едіңіз? Мен туралы байопикті Кристофер Нолан түсіргені дұрыс шығар (күледі). Кино сүйер қауым мені түсінеді деп ойлаймын.

Михаил Шайдоров | жейде, шалбар және жағасы: Mechanical Piano | Фотосуретші: Данил Ярощук
IMAGE Михаил Шайдоров | жейде, шалбар және жағасы: Mechanical Piano | Фотосуретші: Данил Ярощук