Алматы қаласы тек іскерлік пен салқынқандылықтың орталығы емес, сонымен бірге айналасына мейіріммен қарай білетін, әр адамның тағдыры мен ішкі әлеміне үңіле алатын парасатты қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпараттандыру күніне орай, Айман Тұңғышбаева жақын достары мен серіктестерін қайырымдылық кешіне жинады. Harmony қоры ұйымдастырған бұл кеш пен аукцион жыл сайынғы ізгі көктемгі дәстүрге айналып келеді. Шараның басты кейіпкерлері – ерекше қажеттілігі бар суретшілердің жиырмаға жуық туындысы. Harmony қоры бұл талант иелеріне жай ғана бағыт-бағдар беріп қоймай, олардың Алматы жұртшылығына танылуына, әлеуметке бейімделуіне Айман Тұңғышбаеваға тән іскерлік қарқынмен жол ашып келеді.



Айманның өзі үшін бұл инклюзивті жоба – жай ғана кезекті бастама емес, жеке тағдырымен сабақтас өте маңызды іс. Ол қайырымдылық туралы қалыптасқан түсінікті өзгертіп, ерекше жандарға жай ғана жәрдем беру емес, олардың өзгелермен терезесі тең дәрежеде өзін көрсете алуына жағдай жасау қажеттігін үнемі баса айтып келеді.



Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қор ерекшелігі бар суретшілердің кәсіби деңгейге көтерілуіне көмектесіп, сонымен бірге олардың портфолиосын қалыптастырудан бастап, арт-нарықта өз орнын табуына дейінгі тұрақты модельді құруға септігін тигізеді.



Бұл кеште қордың қамқорлығындағы үш талантты суретші – Жасмин Назар, Алан Мұхитдинов және Сабина Сұлтанбаеваның еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Әр автордың өзіндік бейнелеу тілі мен ерекше интонациясы бар. Сол себепті аукционның беташарында белгілі өнертанушы Ольга Батурина әрбір жұмыстың мән-мағынасын ашып берді. Ол мұндай таланттардың дауысы естілуі үшін уақыт пен қолдау көрсететін қолайлы ортаның қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды.

Аукционды Роман Александров жүргізіп, кештің қызуы мен залдың назарын шебер үйлестіріп отырды.



Дәл осындай шығармашылық ортаны Harmony қоры күнделікті жұмысында қалыптастырып келеді.

Шара қорытындысы бойынша 20-дан астам картина сатылып, жиналған қаражат мөлшері 20 миллион теңгеден асты. Жас қор үшін бұл тек құрғақ цифр емес, қоғамның бұл өнерге деген шынайы қызығушылығы мен сенімінің айқын индикаторы. Айман мен Harmony қоры айтқандай: ерекше суретшілердің жұмысын аяушылықпен қолдаудың қажеті жоқ, оларды көре білу және таңдау маңызды. Бұл – кештің ең негізгі қағидасына айналды.



