2026 жылдың қаңтарында, Қазақстан үшін жеңісті болған қысқы Олимпиада ойындарының қарсаңында елге тарихи жаңалық жетті: қазақстандық теннисші тұңғыш рет ATP әлемдік рейтингінің үздік ондығына табан тіреді. Бұл белесті бағындырған – соңғы жылдардағы теннис әлемінің ең жарқын әрі ерекше тұлғаларының бірі Александр Бублик. Ұзақ уақыт бойы ол кортта ерке бұзақы ретінде қабылданды. Алайда соңғы жылдары Александр айтарлықтай есейіп, ойынға деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Бұл қадам оның жеке басына ғана емес, намысын қорғап жүрген мемлекетке де зор нәтижелер сыйлады. Александр қол жеткізген табыстары туралы күтпеген жерден өте қарапайым баяндап, тәртіп пен өз-өзіңе адал болудың маңыздылығына тоқталады. Мұндай ұстаным жай ғана ақша соңынан қуғаннан гөрі, әлдеқайда салмақты әрі мазмұнды мақсаттардың белгісі екені анық.

АТР үздік ондығына кіруі туралы
Үздік ондық мен үшін әрқашан бағдаршам секілді – әрі әзілдің, әрі асқақ арманның нысаны болған биік меже еді. Тарих бетінде қалу үшін сол белеске бір рет болсын қол тигізуді көздедім. Мен шамамен үздік 10 деңгейіндегі теннисті көрсете алатынымды әрқашан іштей сезетінмін және бұл әлеуетімді 2025 жылғы «Ролан Гарростан» немесе Халледегі турнирден бастап көрсете бастадым. Мен 11-ші орынға табан тіреген кезде, ондыққа қандай жолмен кіруге болатынын есептеп көрдік. Ойша түрлі жоспарларды құрғанымызбен, маусымның алғашқы аптасында-ақ жеңіс тұғырынан көрінемін деген мүмкіндікті тіпті ойламаған едім. Себебі мен маусымды ешқашан мұндай қарқынмен бастап көрген емеспін. Әдетте қалыпты ырғаққа түсу үшін маған біраз уақыт қажет. Бірақ Гонконгтағы турнирге келгенімізде, мен матч сайын қарқынымды үдете түстім. Лоренцо Музеттиге қарсы финалға шыққан кезімде, ондыққа ену үшін маған небәрі он ұпай жетпей тұрды. Сол кезде біз: «Әрине, мұндай жағдай тек біздің маңдайымызға жазылуы керек: ондыққа кіру үшін рейтингте бесінші орында тұрған Музеттиді жеңуім керек болып тұр», – деп күлген едік.
Гонконгтағы жеңістен кейін үздік ондыққа енгенімде өмірімде ештеңе астаң-кестең бола қойған жоқ. Біз бапкеріммен бір-бірімізге қарап: «Біз мұны жасадық. Керемет!» – дедік те, ары қарай жолымызды жалғастырдық. Өйткені мәселе сол деңгейдегі ойынды бір рет көрсетуде емес, осы межені бір апта емес, кем дегенде бірнеше ай немесе жылдар бойы ұстап тұра алуда. Сондықтан мен өзімді үздік ондықтың толыққанды ойыншысы деп тек осы мәртебені уақытпен дәлелдеген кезде ғана айта аламын. Ол үшін не қажет? Ендеше, Tatler оқырмандары үшін нақты мерзімді бекітіп қояйық: бұл ондықта ең кемі бір жарым-екі жыл тұрақтап қалу керек. Тек сонда ғана мен өзімді «үздік ондық ойыншысымын» деп мақтанышпен атай аламын. Әзірге мен тек ондықтың қатарында болып қайтқанымды ғана айтумен шектеліп жүрмін.
Арманы туралы
Арман – бұл тек бір адамға ғана тиесілі өте құпия, киелі әлем. Сондықтан мен ол туралы жарияға жар салмаймын. Ал мақсат – бұл мүлдем бөлек дүние. Егер мақсат туралы айтатын болсақ, үздік ондықта тұрақтап қалу мен үшін үлкен белес болар еді. Биыл менің жасым 29-ға толады. Мен ондық қатарында бірнеше жыл өткізе аламын ба? Егер ол қолымнан келмесе, тұрақты түрде үздік 15 немесе үздік 20 қатарынан табыламын ба? Міне, бұлар – нақты мақсаттар. Әрине, барлығы нәтижеге келіп тіреледі, әйтпесе кортқа шығуымның мәні де жоқ. Мен ірі атақты жеңіп алғым келеді және жаңа белестерді бағындыруға құштармын. Мен ешқашан «Мастерс» финалында ойнап көрген емеспін, тек жартылай финалға дейін ғана жеттім. «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалы да әлі бағынбаған асу. Бұлар – менің алдыма қойған, қолмен ұстап, өлшеуге болатын нақты мақсаттарым.
Ақша үшін ойнау және мемдер туралы
Ақша – бұл адамды алға итермелейтін өте қуатты күш. Жеке мен үшін олар белгілі бір кезеңде мансабымның басты тірегіне айналды. 2017 жылы мен «Үлкен дулыға» турнирінің негізгі кезеңінде алғаш рет ойнап, үздік 100 ойыншының қатарына ендім. Ол кезде жасым 20-ға да толмаған еді. Сол уақытта мен қаржылық тұрақтылық пен атақ-даңқ болмаған жағдайда, ойынның өзі ерекше ләззат сыйламайтынын тез түсіндім. Ол кезде қоржынымда ірі жеңістер болмады. Осындай алмағайып шақта менің және отбасымның қаржылық әл-ауқаты басты қозғаушы күшке айналды. Мен спортшының ғұмыры қысқа екенін, алдымда небәрі 10-15 жыл бар екенін және табыс табу үшін осы уақытты барынша тиімді пайдалану керектігін ұғындым.


Сол кезде мен алдыма аспандағы емес, жердегі нақты қаржылық меже қойдым. Осы мақсатыма тез жақындай бастаған кезде, бойымды еркіндік биледі. Мен сол уақытқа дейін өзім қалаған дүниелердің бәрін сатып алғанымды (кейін олардан жалыққандықтан, бәрін сатып жібергенімді) сезіндім. Бірақ бұның бәрі жан дүниеме қажетті рахатты сыйлаған жоқ. Сол сәтте санамда үлкен бетбұрыс орын алды. Қаржылық мақсат бірінші орыннан ысырылды. Мен үшін ең үлкен жаңалық – ойыннан ләззат ала отырып та табыс табуға болатыны болды. Ең бастысы, иығымда қаржылық қысым болмағандықтан, жаңа жеңістерге де жол ашылды. Бұл менің қазір тақуалық өмір сүріп жатқанымды немесе ақшаны керек етпейтінімді білдірмейді. Олар маған әлі де қажет және мен оларды сүйсіне отырып табамын. Бірақ олар менің құндылықтар жүйемдегі тұғырынан түсіп қалды.

Бұрын мен «тек ақша үшін ойнаймын» деп айқайлаған кезде, бұл ішінара өзімді жұмысқа жегудің айласы болған еді. Шаршап-шалдыққандықтан, турнирге барғым келмейтін сәттер жиі болатын. Бірақ алдымда мақсат болғандықтан, мен өзімді күштеп көндіретінмін. Себебі мен қандай жағдай болмасын өз дегеніне жететін адаммын. Тек өзгелердің жолын кесіп өтпеймін. Осы ішкі міндеттеме мені алға итермелеп, кейде тіпті ашуымды тудыратын. Содан кейін мемге айналып кеткен эмоциялар мен ащы сөздер шығатын. Қазір мұндай жағдайлар жоқ, өйткені мен енді өзімді қинамаймын.
Қазақстандағы теннис деңгейі туралы
Мен Монакода және кейде Санкт-Петербургте жаттығатындықтан, қазақстандық бапкерлер туралы пікір білдіру маған қиындау. Бірақ жалпы алғанда бәрі өте қарапайым: бапкерлер жұмысының айнасы – олардың шәкірттерінің ойын сапасы. Егер Қазақстанда отандық бапкерлерде жаттығатын мықты ойыншылар болса, демек, мектептің іргетасы мықты. Егер мұндай ойыншылар болмаса, онда мектеп әлсіз деген сөз. Қазір бізде қанша үміт күттірер жастар бар? Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлы бар. Мәселе олардың кімде жаттығатынында болып тұр. Егер олардың командасы мен бапкерлік жұмысы Қазақстанда жүріп жатқан болса, онда бапкерлік әлеуеттің мықты болғаны. Ал егер олар шетелде жаттығып жүрсе, онда дайындық мектебіміздің әлі де әлсіз дегені.
Сондай-ақ тек көзге түсіп жүргендерге ғана қарау жеткіліксіз. Іс жүзінде, Әмір мен Заңғар – 18-19 жастағы қалыптасқан спортшылар. Қазіргі таңда 14-16 жастағы жасөспірімдердің нәтижелеріне қарағанымыз маңызды, себебі дәл осы буын арқылы Қазақстандағы теннис мектебінің қаншалықты жүйелі жұмыс істейтіні белгілі болады.

Ұлы туралы
Менің өз балам арқылы жүзеге асырғым келетін, орындалмаған армандарым жоқ. Бұл мен үшін түбегейлі мәселе. Менің балалық шағымнан айырмашылығы сол, оның таңдау құқығы бар. Оның әкесі – кәсіби теннисші, ал анасы – оған барлық уақытын арнайтын қамқор жан. Оның өмірі жайлы әрі тыныш, ең бастысы, оның еркін таңдау жасау артықшылығы бар. Егер бір күні ол келіп: «Әке, мен де сен сияқты теннисші болғым келеді», – десе, мен оны бұл жолынан қайтармаймын. Мен бұл жолдың өте күрделі екенін және кәсіби маман болудың оңайға соқпайтынын ашық айтамын. Бірақ оның бағын сынап көруіне, әрине, мүмкіндік болады. Бұл менің емес, оның өз шешімі болуы тиіс.

Өзін-өзі тәрбиелеу туралы
Егер мен бір күні көпшілік танитын тұлғаға айналсам, ойымды нақты тұжырымдай білуім және аз да болса дүниетанымым болуы керек екенін әрқашан түсінетінмін. Сондықтан мен осы бағытта жұмыс істей бастадым. Менің бұл әрекетім: «Бүгін Шопенгауэрдің кітабын оқып, дәйексөздер жазамын» тәрізді құрғақ жоспарға ұқсаған жоқ. Бірақ мен өмірімнің белгілі бір сәттерінде жаңа ақпаратқа сусындағым келді. Мысалы, 2018-2019 жылдардан бастап өткен жылға дейін, мен кортта «мемдердің адамы» болып жүріп, «теннис ақша үшін керек» деп айқайлаған кезде, мені ішкі тыныштық мәселесі қатты мазалады. Мен осы тақырыптағы әдебиеттерді оқуға тырыстым, өзімнен үлкен әрі өмірлік тәжірибесі мол, жолы ұзақ адамдармен сөйлестім.
Бұл өзімді-өзім талдау әрекеті – қай жерде қызықтырақ, ақылдырақ, білімдірек бола алатынымды түсінуге талпыныс болды. Нақты кітаптар туралы айтатын болсақ, 19-20 жасымда Гётенің «Фаусты» менің ең сүйікті шығармаларымның біріне айналды. Мен оны шамамен төрт рет қайталап оқып шықтым. Сонымен қатар мен Макс Фрайдың «Ехо лабиринттері» топтамасының шығармашылығын жоғары бағалаймын. Бұл қиял-ғажайып хикая болып көрінгенімен, іс жүзінде өмірлік мәні өте жоғары дүние. Кейіпкер ойдан шығарылған, бірақ өте шынайы сезілетін әлемде өз соқпағын табады. Онда тұрмыстық, адами мәселелер көп, бірақ бұл ең алдымен таңдау туралы хикая. Ал үш күн бұрын мен Мария Кореллидің «Шайтанның қасіреті» атты кітабын аяқтадым. Маған жалпы өмірге әсер ететін тылсым күштер бейнеленген әдебиеттер ұнайды. Ондай шығармаларда кейіпкерлер барлық шешімді өздері қабылдайтынына және бәрі тек өздеріне байланысты екеніне сенімді болады. Мен олай есептемеймін, сондықтан маған Булгаковтың «Майталман шебер мен Маргаритасы» және Гогольдің кейбір туындылары өте қызықты.
Сәттілікке сенуі туралы
Егер адам өзін бәрінен ақылды санап, өмірдегінің бәрі тек өзіне байланысты деп есептесе, бұл өте қате түсінік деп ойлаймын. Біздің бақылауымыздан тыс, құдіретті күштер бар. Маған «Майталман шебер мен Маргаритадағы» мына ой жақын: кірпіш ешқашан ешкімнің басына себепсізден-себепсіз түспейді. Мен осы ұстаныммен өмір сүремін. Әрине, күнделікті әрекеттеріміз, тәртібіміз бен таңдауымыз бізге байланысты екені даусыз. Мысалы, мен ертең жаттығуды тоқтатсам, ештеңе ұта алмаймын. Бірақ жаттыққан күннің өзінде де, бұл жеңіске жүз пайыз кепілдік бермейді. Сондықтан менің ұстанымым мынадай: өзіңе байланыстының бәрін жасау керек, ал ары қарай тағдырға сену қажет. Кортқа шығып, барыңды салып ойнау керек, бірақ нәтиже тек саған ғана байланысты емес. Теннисте кем дегенде нәтиженің тең жартысы қарсыласқа байланысты болады. Доптың торға тиюі, сызыққа түсуі, төрешінің қателесуі – бұлар сенің бақылауыңда емес. Өмірде де солай: сен жұмыста, отбасыңда, қарым-қатынаста қолыңнан келгеннің бәрін жасайсың, ал ары қарай көп нәрсе жағдайдың ағысына қарай өрбиді. Жалпы алғанда, Макс Фрай айтқандай, қай жерде жолың болатынын ешқашан алдын ала біле алмайсың.

Бос уақыты туралы
Теннистен басқа спорт түрлерін мен аса қатты бақыламаймын. Бірақ ММА әлемі мені баурап алды. Аралас жекпе-жекке мені әріптесім Карен Хачанов «баурады». Ол көп нәрсені түсіндіріп берген соң, маған бұл спорт өте қызықты көрінді. Кареннің жекпе-жек жұлдызы Арман Царукянмен жақын достығы бар, ал мен Ислам Махачевпен жақсы қарым-қатынастамын. Олардың жекпе-жегі жоспарланған кезде, біз Каренмен оны талқылап, әрқайсымыз өз досымызға тілеулес болдық. Нәтижесінде жекпе-жек өтпей қалғанымен, мен ММА әлеміне осылайша ден қойдым. Жекпе-жектерді бақылап, зерттеп, тікелей трансляцияларды көре бастадым. Өз көзіммен көрген соңғы турнир – Пэдди Пимблетт пен Джастин Гейджидің жекпе-жегі болды.
Теннис мансабынан кейінгі өмірі туралы
Мен мансабым аяқталған соң, адамдар мені ойыннан шынайы ләззат алған және әрдайым жеңіске жетуге адал талпынған спортшы ретінде еске алғанын қалаймын. Нақты жоспарлар туралы айтатын болсам, мен үшін Санкт-Петербургте балаларға арналған теннис академиясын салу – басты арман. Бұл мен өскен және қазір де тұрып жатқан қалам. Мен ол жақтан шыққан, теннис ойнауды меңгерген жалғыз ойыншымын. Ол жерде әлі күнге дейін жүйелі дайындыққа қажетті заманауи база жоқ. Іс жүзінде мен маусым алдында жаттығатын бір ғана клуб бар, ол талаптарға сай және ATP турнирлерін қабылдаған, бірақ жалпы жағдай жеткіліксіз. Егер менде мүмкіндік болса, балаларға арналған академия – кәсіби тұрғыда шыңдалатын орын ашқым келеді. Ал Қазақстанға келетін болсақ, мұнда жағдай мүлдем бөлек. Елде спортқа үлкен қаржылық қолдау көрсетіледі, көптеген корттар салынған, Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың зор қолдауы бар. Сондықтан мұнда маған басқарушы ретінде қажеттілік жоқ, Александр Бубликтен әлдеқайда білікті әрі тәжірибелі адамдар жеткілікті. Қалай болғанда да, мен Қазақстан теннис федерациясының ойыншысымын және әрқашан еліме пайдалы болуға дайынмын.
