Әсел Баймұқанова Каспий теңізі мен ондағы итбалықтарды ластанудан және климаттық қауіптерден сақтау үшін күресіп келеді
Әсел Баймұқанова — Каспий теңізінің қайталанбас экожүйесі мен ондағы тіршілік иелерін, әсіресе итбалықтарды сақтауға барын салып жүрген зерттеуші әрі табиғат жанашыры. Балалық шағы Марқакөлде өткен, ал әкесі табиғи қорықта жұмыс істеген Әселдің қоршаған ортаға, теңізге жақын болуы заңдылық болса керек. Әсел әкесімен бірге зерттеу экспедицияларына шыққан сайын табиғатқа жақындай түскенін айтады. Бүгінде ол ұдайы далалық зерттеулер жүргізіп, жиыстырған деректерге сараптама жасап, Каспий теңізі итбалықтарын сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Әсел — ғылыми топтағы жаңадан қосылған мама. Ол өзінің зерттеулерін жақында Австралияда 1500-нан астам адам қатысқан форум аясында ұсынып, беделді сарапшыға айналды. Жұмысы жөнінде айтқан әңгімесінде табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілік пен кәсіби адалдық сезіледі. Австралиядағы конференция барысында Әсел Каспийдің микропластикпен ластануы туралы маңызды деректерді бөлісіп, әрбір көл мен теңізде өмір қыз-қыз қайнап жатқанын түсіндіре келе, осал тұстарына тереңірек тоқталды. Бұл сұхбат — табиғаттағы әралуандық пен бірегейлікті сақтауға үндейтін әрі Жер Ана мен адамзат арасындағы үйлесімдік үшін күресіп жүрген бойжеткеннің жеңістері мен кәсіби жолы туралы хикая.
Каспий теңізі итбалықтарын зерттеуге не себеп? Бір ғана нәрсеге байланысты бәрі өзгерген кез болды ма?
Бала кезімде ауылда тұрдық, әкем табиғи қорықта жұмыс істейтін. Мен оны ұлы саяхатшы деп білетінмін. Жюль Верннің кейіпкерлеріне қатты ұқсататынмын. Себебі әкем де ашық теңізге шығып, қайықпен жүзетін, ұдайы сапарға аттанып кететін. Ортаншы әпкем екеуіміздің табиғат пен жануарлар әлеміне жақын болуымыздың сыры осы болса керек. Өзен не көлге кетіп қалып, балық, бақа, кесірткелер мен жыландарды зерттеп, бақылағанды ұнататынбыз. Мен биолог болуды армандадым, бірақ әкем бұл мамандықтың жолы ауыр екенін айтып, райымнан қайтарды.
90-шы жылдардың соңында ата-анам білімімізге алаңдап, Алматыға көшу туралы шешім қабылдады. Жаңа қалаға үйрену қиынға соқты: ата-анам таңнан кешке дейін жұмыста болатын. Әкем іссапарға жиі шығатын, мен де оның жұмысына деген қызығушылығымды жоғалта бастады. Оның әрдайым шаршап, үйге түнгі 23:00-де келгенін көріп, ғылыммен айналысудан айни бастадым.
Өскенде өмірімді саудамен байланыстырғым келді, себебі мектепте апайым әкелген ашық хаттарды сатып, жақсы табыс табатынмын. Алайда университетке түскенде бұл мансаптың маған мүлдем қызық емес екенін түсіндім. Дәл сол кезде әкемнің Институты Қазақстандағы су айдындарын зерттеу және табиғи ресурстарды пайдалану бойынша биологиялық негіздеме жазу жөніндегі алғашқы жобаларын алып жатқан еді. Әкем монтаж жасап үйреніп, фильм түсіруге қатысуды ұсынды. Әкемнің ұсынысы көңілімнен шығып, бір жыл бағымды сынап көрейін дедім.
Жұмыс мені тартып әкетті. Келесі жоба Шығыс Қазақстанда өткен түсірілім болды. Зерттеушілердің жұмысын, балықтарды және ландшафттарды түсіріп, монтаждауға көмектестім. Қаптаған масаға, ыстыққа, суыққа, тіпті өрмекшілерге (бұған дейін менде арахнофобия бар еді) қарамастан, бақытты болып жүрдім. Бұл сезім «енді ешқашан бармаймын» мен «Мұнсыз бұрын қалай өмір сүрдім?» арасында ары-бері ауысып тұрды.
2014 жылы әкем мұзжарғышпен итбалық бақылауға шығатын топ құра бастады. Міндет — итбалықтар кездесетін жерлерді анықтап, кеме бағыттарын түзету. Көбірек шығып, жұмыс істегім келіп жүрген кез еді, алайда білімім болмағандықтан маған бәрі сенімсіздікпен қарады. Бірақ әкем мені қолдап, командаға кіруге мүмкіндік берді. Барымды салып дайындалып, сапарға аттанатын күнге дейін оқу оқыдым.
Тәжірибесі мол ғалымдардың тобына қосылу оңай болған жоқ. Дегенмен осы сапардан кейін мен туралы пікір өзгеріп, мені итбалықтарды ұстап, таңбалау тобына қосты. Ол кезде итбалықты жақыннан көріп көрмеген кезім еді, жүрегім ауырмайтын, бар ойым зерттеушілермен бірге саяхаттауда болатын.
2015 жылы итбалықтарды жақыннан, бір метр жерден көрдім. Бірі балық аулау торына түсіп қалым, тыныс ала алмай жатты, мен де оған еш көмектесе алмадым. Осы амалсыздық сезімі мені әлі күнге дейін мазалайды.
Балалық шақтан қалған естеліктер немесе табиғатпен не теңізбен байланыс орнатуға көмектескен сәттер туралы айтып бере аласыз ба?
Марқакөлдің жағасында өмір сүргенімде, тіпті бала кезімде де бұл көлдің бізді асырап отырғанын анық түсінетінмін. Адамдардың көбісі теңіз ресурстарын табиғаттың сыйы, ал ондағы жануарларды өздерінің меншігі санайды. Балық таусылғанда не болатыны, көңдегі аммиак суға түскенде, көлдің өсімдікке толып кететіні туралы ойламайды. Мен осының бәрін түсініп, «көк» тау шыңына шығып, ауылдың жанып тұрған шамдарына қарап, алғыс айтатынмын. Алғыс айтарлықтай еді: әкем зерттеу аумақтарына кететін, кейде заң бұзушыларды ұстау рейдтеріне қатысатын. Әрдайым қайықтың дыбысын күтіп, ауа райы тыныш болсын деп тілейтінмен.
Каспий түлендері сіз үшін несімен ерекше және оларды неліктен сақтағыңыз келеді?
Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Олар — қиын жағдайға түсіп қалған, ерекше жануарлар. Оларға қарап, сүйсінемін: жер бетінде кейде күлкілі әрі ебедейсіз болса, суда жүзуден шебер. Көздері саналы әрі мұңға толы көрінеді. Олар өздерін қорғауды да біледі — босатсаң да ырылдап тұрады.
Бұл жануарлардың Каспий теңізіндегі тарихы тереңге кетеді, қауіп-қатер де жиі ұшырайды, өмірі тіршілік үшін күреспен өтеді. Өз мекенінде жайлы өмір сүре алмауы — өкінішті жайт.
Каспий теңізін сақтаудың маңызын қашан білдіңіз және бұл сіздің миссияңызға қалай әсер етті?
Бәлкім, өзімшілдігімнен болар, өйткені Каспий теңізі — Маңғыстау халқының су көзі. Теңіз деңгейінің төмендеуінің салдары қазірдің өзінде байқалады.
Мені Каспий итбалығы қызықтырады. Бұл — қазіргі таңда теңіздегі өзгерістерге бейімделуге тырсып жатқан, индикаторлық түр. Олардың сәтті бейімделе алған-алмағанын әзірге білмейміз. Өлім көрсеткішінің өсуі теңізде бір өзгеріс бар екенін көрсетеді, бірақ оның нақты не екенін әзірге түсіне алмай отырмыз. Адамдар басқа жаққа көше салады, итбалықтарда мұндай мүмкіндік жоқ.
Жұмысыңыз үшін құрбандыққа баруға тура келген жағдайлар болды ма? Ұмтылысыңызды қиындықтарға қарамастан қалай сақтайсыз?
Жобамызды 2015 жылы бастаған кезде ұйқы көрген жоқпыз. 2-3 айлық іссапарларда болдым. Бір жағынан қызық болса, бір жағынан, мысалы, құрбыларыммен концерттерге бара алмадым, жылдар зулап өте берді. Зерттеу жұмыстарын жүргіздік, әдебиет іздедік, материал өңдедік, фильм түсіріп, оларды шығарумен айналыстық.
Мен екі есе көп күш салуға тырыстым, өйткені менде биологтің білімі жоқ еді, қазір ғана PhD оқуын оқып жатырмын.
Өмірім өзіме ұнайды. Отбасыммен — әкеммен, апайыммен, ағаммен бірге жұмыс істеймін, бір-бірімізге жақынбыз. Далалық жұмыстар барысында әкем екеуіміз бір-бірімізден еш алшақтамаймыз, әр сәтті бағалаймын. Ал анам — «бұлт тәріздес көрпем». Жағдай қиындағанда анамның құшағына еніп, тыныштық табамын.
Каспий итбалығына қандай ірі қауіп төніп тұр және сіздер олармен қалай күресесіздер?
Каспий итбалығына қатысты қауіп-қатер көп: теңіздің ластануы, климаттың өзгеруі, мекендеу ортасының деградациясы, теңіз деңгейінің төмендеуі, адам шаруашылығы, кеме қатынастары, олардың балық аулау торларына ілініп қалуы, су құстарын аулау, эпидемиялардың таралуы. Көптеген зерттеулер нәтижесінде біз Каспий итбалығын сақтау бойынша іс-қимыл жоспарын жасай алдық. Бұл жоспар аясында шұғыл түрде жүзеге асырылуы тиіс шаралар да анықталды.
Табиғатты қорғау бойынша жаһандық күш-жігерге қосқан үлесіңізге қандай баға бересіз? Әлем Каспий экожүйесі туралы не білсе дейсіз?
Әлемдік қауымдастыққа Каспий итбалығы туралы хабарлау бағыты бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Мысалы, жақында «Каспийдің тайыз сулары — Итбалық үні» атты фильм жарық көрді. Фильмде біздің зерттеулеріміз көрсетіледі, сондай-ақ бүкіл әлемді алаңдататын мәселе — теңіз деңгейінің төмендеуі мен климат өзгерісінің әсері талқыланады. Теңіз деңгейінің төмендеуі бірнеше мемлекеттің ғана емес, әлемдік проблема екені дәлелденген болатын.
Осы салада жұмыс істейтін адамның бойында қандай қасиет болуы қажет? Осы қасиеттердің қайсын өз бойыңызда көптеп дамытуға тура келді?
Меніңше, ең басты қасиет — табандылық пен зейін салу қабілеті, сондай-ақ шыдамдылық пен қайсарлық. Жеңіліс пен қиындықтарды қабылдап, сабыр ете қарсы ала білу — жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Сонымен қатар эмоцияларды басқара білу маңызды, әсіресе далалық жұмыс жүргізгенде. Ғылыми мақалаларды оқып, жаңа әдістерді іздеп, сұрақ қоюдан жалықпау қажет. Ең бастысы — қызығушылықты жоғалтпау.
Табиғатпен жұмыс істеу бізді қарапайымдылыққа баулиды. Бұл жұмыс сіздің жеке тұлғаңызды қалай өзгертті?
Бұрын мен эмпатияға толы жан едім. Жалғыз қалып, құмда жатып, ұзақ жылайтынмын. Себебі біз Кендірліде жұмыс істедік, ондағы жануарлар су құстарын ату және заңсыз балық аулау салдарынан суға тереңдеуге мәжбүр еді.
Қазір мен сабырға келе бастадым. Өзіме жүктелген міндеттерді тыныш әрі сабырлы түрде орындаймын. Кәсібилігім пен мықтылығым арта түсті. Ең маңыздысы — бар жағдайды көрсету және адамның ықпалын азайтуға тырысу. Әлі де жүзеге асыруға болатын аз ғана нәрсенің бірі ғой.
Жұмыстан тыс уақытта қалай тепе-теңдік сақтап, күйіп кетуден сақтанасыз?
Достар мен құрбылар, жайлы кештер, би билеу, кейде тауға бару.
Жақында туған жерім — Ұрынхайға барып, бірнеше айға қуат жинадым. Ол өңірді әлі толық зерттемегенімді түсініп, келесі жазда қайта барамын деп отырмын.
Сонымен қатар достарымды дастарханға шақырып, олардың басын қосқанды жақсы көремін. Әңгімелерін тыңдап, маңайымда осы әлемді жақсартуға үлес қосып жүрген, талантты адамдардың көп болғанына қуанып отырамын.
