Зумерлер қарым-қатынастың үйреншікті түрін қалай ауыстырып жібергенін айтамыз
Gen Z әрдайым әлемді өзгертіп отырса, енді олар махаббатқа көшті. Бір сәтте жанып-өшетін Friends With Benefits, тұрақсыз situationship – осының бәрі цифровизация уақытында пайда болды. Байланыстың жылдамдығы (тіпті төсек байланысы) тек Gen Z үшін ғана емес, жалпы бәріне жаңа нормаға айналды.
Situationship
Егер қатынаста «Біз кімбіз?» деген сұраққа нақты жауап бере алмасаңыздар, онда, бәлкім, сіздер situationship-те (ағыл. situation және relationship – жағдай және қарым-қатынас – Tatler) жүрген боларсыздар.
Situationship – бейресми романтикалық байланыс. Онда нақты атау немесе міндеттемелер болмайды. Мұндай қарым-қатынаста әдетте эмоциялық жақындық пен физикалық байланыс бар, бірақ дәстүрлі қарым-қатынастарға тән рөлдер анықталмаған. Бұл түрлі түсініспеушіліктерге немесе аралас сезімдерге әкеп соғады.
Situationship-тің классикалық мысалы ретінде 90-шы жылдардағы танымал «Friends» телехикаясындағы Росс пен Рейчелдің қарым-қатынасының алғашқы кезеңдерін айтуға болады. Бірнеше маусым бойы олар бір-бірімен флирт жасап, алайда толықтай жауапкершілік алудан бас тартады. Бұл олардың қарым-қатынасын тұрақсыз және үнемі өзгеріп отыратын күйге түсіреді.

Friends With Benefits
FWB (пайдасы бар достық) – дәстүрлі романтикалық қарым-қатынасқа тән міндеттемелерсіз, дос бола тұра, төсектес болуға келісетін байланыс түрі. Бұл достық пен романтикалық қарым-қатынастың арасындағы бейресми байланыс.
Мысал ретінде 2011 жылы шыққан «Friends with Benefits» атты романтикалық комедияны айтуға болады. Фильмде Джейми (Мила Кунис) мен Дилан (Джастин Тимберлейк) дос бола тұра, ешқандай сезімсіз жай ғана физикалық қарым-қатынаста болуға келіседі. Бірақ кейіпкерлерде шынайы сезім пайда болып, олардың бастапқы келісімінің күші жойылады. Бұл фильм екі адамның арасында сенім мен достық болса, физикалық жақындық пен эмоциялық байланыс арасындағы шекараны сақтау қиын екенін көрсетеді.

Talking stage
Talking stage – қарым-қатынастың ресми түрде айтылмаған, түсініксіз уақыты. Бұл кезде жастар күнде сөйлеседі, кездесулерге барады, тіпті жұп сияқты жүруі мүмкін. Бірақ ешкім нақты не болып жатқанын мойындағысы келмейді. Олар бір-бірінен күнде «Қайырлы таң!», «Тамақ іштің бе?» деп сұрайды, күнде сөйлеседі, алайда жұп емес.

Полиаморлық қатынас
Полиамория – екі немесе одан да көп адам арасындағы романтикалық (кейде жыныстық) қарым-қатынасты сипаттайтын ашық және адал қатынас түрі. Қарапайым тілмен айтқанда, полиаморлық қарым-қатынаста жүрген жұптар басқа адамдармен кездесуге, флирт жасауға немесе бір-бірімен жүруге болады. Бұл жағдайда әр адам өзінің бастапқы жұбынан жетіспейтін нәрсені басқа адамнан табуға тырысады.

Әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасау тәсілін түбегейлі өзгертті. Алайда бұл өзгерістер эмоциялық байланыстан алыстататын орта қалыптастырды.
Танысу қосымшалары романтикалық қарым-қатынасты ойынға айналдырды. Жастар махаббатты мәміле ретінде қабылдайтын болды. Олардың көбісі қысқа мерзімді қарым-қатынастарды жөн санайды. Мұндай қатынастарда шынайылық пен эмоциялық тереңдік маңызды емес сияқты көрінеді. Бүгін лайк басып, ертең байланыссыз кету қалыпты құбылысқа айналып барады.
Зумерлер digital өмірде ашық әрі шынайы болуды, саналы өмір сүруді насихаттайды. Бірақ көбісі қалыпты қарым-қатынастан және жауапкершіліктен қорқатындай. Патриархалды қоғамдағы ер адамдарға өз сезімін білдіру қиын. Оларға кішкентай кезінен «нағыз еркек бол», «көз жасыңды көрсетпе» дегенді жиі айтады. Бұл олардың есейген шақта эмоциясын ашық білдіре алмайын қыңырға айналдырып, ішкі күйзеліспен күрестіріп, жалғыздыққа душар етуі мүмкін. Нәтижесінде күйзеліс пен жалғыздыққа тап болады.
Тәуелсіз болу – Gen Z үшін маңызды құндылықтардың бірі. Бірақ «мен тәуелсіз боламын» деген сөздің артында «мен ешкімге үйреніп кеткім келмейді» деген ой бар сияқты. Осы себепті олар ашық болудан, сезімін білдіруден қашады. Сондықтан да Gen Z үшін қарым-қатынастың альтернативті формалары ыңғайлырақ шығар.
