Power & Purpose|Impact

Farro негізін қалаушысы Фатима Стыбаевамен шағын сұхбат

Автор Анара Кукиева
18.12.2025
Фотосуретші: Мария Slozhnomarya
IMAGE Фотосуретші: Мария Slozhnomarya
Farro зергерлік брендінің негізін қалаушысы Фатима Стыбаева Жаңа жылдық сыйлықтар, болашаққа берген уәделері мен өзі үшін ең қымбат әшекейлер туралы сыр бөлісті

Өзіңіз үшін ең бағалы әшекей қайсы?

Әжемнен қалған лағыл сырғалар. Мен оларды қайта өңдеп, Safiya коллекциясының стилінде екі сақина жасаттым: бірін анама сыйладым, екіншісін өзім тағамын. Бұл мен үшін жәй ғана бұйым емес, әулетіміздегі әйелдер сабақтастығы мен тарихымыздың белгісі.

Farro топтамаларының ішінде жаныңызға жақыны бар ма?

Әр туындыға жүрегімнің бір бөлшегін саламын, бәрі де ыстық. Бірақ соңғы шыққан, анамның құрметіне арналған Karla сақиналарының орны бөлек. Ондағы әр тасты ерекше мейіріммен таңдадым.

Шаршағанда қалай тынығасыз?

Тауға шығамын немесе көңілді кино көремін. Бірақ ең керемет демалыс – жексенбі күнгі таңды үйде, отбасыммен бірге қарсы алу.

Қоғамда қай тақырыптар көбірек талқыланса екен дейсіз?

Рухани құндылықтар мен адамның өз-өзіне адал болуы туралы. Өзгеге жағыну үшін емес, өз болмысыңды жоғалтпай, шынайы өмір сүру туралы көбірек айтылғанын қалаймын.

Өзіңіз туралы көпшілік біле бермейтін, таңғалдыратын дерек айтсаңыз?

Мен 14 жасымда Токиода алғаш рет жұмыс істей бастадым. Сол кездің өзінде айына 1000 долларға жуық табыс табатынмын.

Балаларыңызға қандай өмірлік кеңес бересіз?

Өз-өзіңе сенуді үйрену және әрдайым жүрек қалауына құлақ түру.

Сүйікті қалаңызда бір күніңізді өткізу мүмкіндігі болса, қайда барар едіңіз?

Әрине, Токиоға. Балалығым өткен аулаға соғып, үй іргесіндегі сушиханадан дәм татар едім. Бала күнгі құрбыларыма жолығып, кезінде өзім жұмыс істеген моншақтар дүкеніне кіретін едім. Велосипедпен тар көшелерді аралап, Уэно саябағында қуырылған кеспе жегенге не жетсін. Соңында Харадзюку ауданын міндетті түрде аралап шығар едім.

Өзіңді жақсы көрудің ең қарапайым жолы қандай?

Бір сәт аялдап, ішкі дауысыңа құлақ түру, шын мәнінде не қалайтыныңды түсіну.

Бойыңыздағы қандай әдетті «зиян» болса да өзгерткіңіз келмейді?

Түстен кейін кофе ішу және жұмысқа беріліп кетіп, жоспарлағаннан ұзағырақ отырып қалу.

Жаңа жылға қандай сыйлықтар ұсынасыз?

Жарыма – сүйікті тобының концертіне билет. Балаларыма – жаңа әсерлер сыйлайтын саяхат пен Аяз атаның ойыншығын. Ал құрбыма Farro әшекейін таңдар едім. Мәселен, Adele, Zoe немесе Neuf топтамаларындағы сақиналар тамаша сыйлық болады.

2025 жылды бір сөзбен сипаттап көріңізші.

Өмірге жаңаша көзқарас.

Келер жылға өзіңізге қандай уәде бердіңіз?

Өз еркімде емес дүниелерді жібере білу. Тағдырға және Жаратқанның ісіне көбірек сенім арту.

Сіз үшін мінсіз мереке қандай болуы керек?

Ешқандай асығыссыз, жаныңа жақын адамдардың ортасындағы жылы атмосфера.