Осы күзде супермодель Хелен Кристенсен Алматыға Bvlgari бутигінің жаңартылған нұсқасының ашылуына келді. Оның брендпен ынтымақтастығы көп жыл бұрын балаларды қорғау жобасынан басталып, бүгінде шынайы достыққа ұласқан
Ол амандасу үшін қолын созған сәтте-ақ бірден түсінесіз: «супермодель» деген сөз – өткен күннің жаттанды тіркесі емес, бұл – оның дәл қазіргі болмысын сипаттайтын ең дұрыс атау. Ол бірден: «Модель бизнесі туралы айтпай-ақ қояйықшы, әбден мезі болдым. Жай ғана өмір мен өнер туралы сөйлессек қайтеді?» – деп ұсыныс тастады. Мен бірден ішім жылып, басымды изедім. Оның биік тұлғасында дат патшайымының салтанаты мен перуандық бақсының жабайы рухы ғажайып үйлесім тапқан (оның әкесі – дат, ал анасы – перуандық). Хелен Кристенсен – 90-жылдардағы «таңдаулы жетеудің» бірі. Алайда, оған қарағанда, еске модельдер емес, мүлдем басқа дәуірдің актрисалары – Флоринда Болкан, Клаудиа Кардинале, Ракель Уэлч түседі. Егер ол киноға түссе, Лиз Тейлордан кем түспейтін Клеопатра шығар еді.

Суретте: Balmain көйлегі; Serpenti Tubogas алқасы мен білезігі; Tubogas Classic (сары алтын, оникс, бриллианттар) Bvlgari сырғалары мен сақинасы | Фотосуретші: Темірлан Фарзалиев
Сіз фотограф та, модель де болдыңыз. Яғни, процестің екі жағында да болып көрдіңіз. Қай жағында болған өзіңізге ыңғайлырақ?
Мен модель болғанға дейін-ақ фотосурет түсіре бастағанмын. Фотография мен үшін тыныс алу сияқты (терең дем алады – Tatler), ол маған өмір сыйлайды. Ал модель ретінде түскенде, бәрінен абстракцияланып, бар назарды өзіңе шоғырландыру маңызды. Ал өзім түсіргенде, сәтті ұстап қалу маңызды. Осы екі өнердің арасындағы синергия – нағыз ғажайып.
Бір қызығы, сіз фэшн мен гламурды емес, босқындар лагерін, яғни Magnum агенттігінің (деректі фотография түсіретін әйгілі халықаралық фотоагенттік) стиліне жақын дүниелерді түсіреді екенсіз...
Ах, рахмет! Бұл менің арманым ғой – бір күні Magnum-нан хабарласып: «Бізге қосылғыңыз келмей ме?» деп сұраса (күлімсірейді). Фотографияның мені баурап алатын тұсы – оның өмірге ұқсайтындығы. Біз үнемі бірдеңені көреміз және кез келген сәтті статикада сақтап қалу мүмкіндігіне иеміз. Бұл мені әлі күнге дейін қатты шабыттандырады. Қолымда фотоаппарат болмаса да, үнемі көзіммен қандай да бір заттарды, бет-әлпеттерді, ерекше жарықты «ұстап алумен» боламын. Мен үнемі ізденіс пен бақылау үстіндемін. Ең үздік объектив – көздің өзі.
Бірақ сіз әрқашан мінсіз суреттің өзі болдыңыз, ал енді кадрдан шығып, режиссерлік ете бастағандайсыз. Бұл қандай сезім? Ешқашан өз образыңыздың тұтқынында болғандай сезінбедіңіз бе?
Менің болмысымда әуелден еркіндік болды, себебі мен бастапқыда фотограф едім. Модель болып жұмыс істегенде, айналаңда үнемі нұсқау беріп тұратын адамдар көп болады: фотограф, арт-директор, тапсырыс беруші, стилист, гример... Кенеттен сен өз тарихыңды айтуың керек, бірақ сонымен бірге басқалардың тілектерін де естуің керексін. Сондықтан, түсірілім алдында мен әрқайсысына жақындап: «Бұл түсірілімде сіз үшін не маңызды?» деп сұраймын. Осыдан кейін мен ештеңе естігім келмейді де, барлық айтылғандардың негізінде өз тарихымды құрастырамын. Сұлулық дәл осы еркіндіктен туады: сен жан-жаққа жалтақтамай, адамдардың сенімінен ләззат алып, өз ісіңді жасайсың. Өйткені, егер сені ештеңе шектемесе, сенің қимылың мен рухың бәрін жақсырақ жеткізеді.
Ал фотографтардың ішінде кім сіздің тарихыңызды ең жақсы айтып бере алды?
Білесіз бе, менің жолым ұлы шеберлерге түсті. Көп жыл бойы мен Херб Ритцпен, Питер Линдбергпен, Карл Лагерфельдпен өте жақын араластым, олармен бірге өстім десем де болады. Бұл адамдар сенің бойыңдағы басқа, ерекше бір нәрсені ұстап ала алатын, соның арқасында сен өзіңді басқаша сезіне бастайтынсың. Бірақ мен үшін ең маңызды сәт – Ирвин Пеннмен жұмыс істеу болды. Біз небәрі үш-ақ рет түсірілім жасадық, бірақ мен оның ақ-қара портреттері мен күміс баспасын әрқашан ерекше жақсы көрдім.
Сізге қарап отырып, Ирвин Пенннің кезінде Трумен Капоте мен Стравинскийді де түсіргенін еске аламын. Яғни, сіз сол ұлы ескі стильдің дәуірімен байланыстырушы тұлғасыз...
Дәл солай. Мен үшін бұл – нағыз сиқыр. Ойлап көріңізші, мен Жер бетінде кімдермен бір уақытта өмір сүрдім? Жер тарихының миллиондаған жылы, адамзат тарихының мыңдаған жылы... Мен осы аңыздармен бір дәуірде өмір сүріп қана қоймай, олармен бірге жұмыс істей алдым. Мұның орындалу мүмкіндігі соншалықты аз болғандықтан, Пенннің кезінде Капотені, басқа да аңыздарды, солармен бірге мені де түсіргеніне әлі күнге дейін сене алмаймын.
Бірақ сіздің өзіңіз де «Wicked Game» бейнебаянынан кейін музыкалық иконаға айналдыңыз. Айта кету керек, сол жылдардағы әріптестеріңіздің ішінде сізге ең керемет ән бұйырған...
Иә, бұл – жазылған әндердің ішіндегі ең әдемісі, ол уақытқа бағынбайтын, өте әсерлі туынды. Бұл тіпті Херб Ритцтің өзіне үлкен сынақ болды, бірақ ол әннің бар болмысын экранда соншалықты терең жеткізе білді. Ритц әйелдерді шынымен жақсы көрді, ол олардың физикалық күшін, сонымен бірге нәзік болмысын сезіне алды, сондықтан бұл екеуінің үйлесімі нағыз жарылыс болды.

Бұрын модельдер поп-музыкаға әлдеқайда белсенді араласатын еді. Мұның бәрі қай кезде тоқтады?
Тарихта модельдік өнер, фотография, музыка, өнер – бәрі бір-бірімен керемет үйлесіп, мағынаға толы болған кездер болды. MTV өз рөлін атқарды, музыкалық бейнебаяндар ағыны басталды. Енді бәрі өзгерді. Меніңше, мен 20 жасымда ең керемет уақытта өмір сүрдім, оның ішінде музыка жағынан да. Біз сияқты 90-жылдары есейген кез келген адам сол кездегіден артық музыка, жақсы клубтар болмағанын біледі. Барлық жерде шынайы, қарқынды рух сезілетін. Әрине, әркім өз жастық шағын ең жақсы кез деп санайды, бірақ біздің кезімізде шөп шынымен де жасылырақ болды. Мұны қазіргі жастар да түсінеді, сондықтан олар үнемі өткенге көз жүгіртеді. Біз – интернеттің үнемі араласуынсыз, өмірдің ең жақсы сәттерін сезініп үлгерген соңғы буынбыз.
90-жылдардағы кештердің қазіргіден айырмашылығы неде?
Ол кезде ешқандай камера болған жоқ, адамдар ұсақ-түйекке алаңдамайтын. Біз сәтті «ұстауға» тырыспадық, біз сол сәттің ішінде өмір сүрдік: тек біз, тек музыка, ешқандай жаттандылық. Бәрі әдемі, шынайы және құпия еді. Қазір бәрі «кім кімді уақытында суретке түсірді, кім неден құр қалды» дегенді уайымдайды.
Модель индустриясының болашағын қалай елестетесіз?
Шынымды айтсам, мен ол туралы мүлде ойламаймын. Модель болып жұмыс істегенде, бұл әрқашан жеке саяхат болады, өйткені сен әрқашан жалғызсың. Мен бұл жұмыс маған әлі де бақыт әкеле ме, жүрегімді жиірек соқтыра ма, тек соны ғана ойлаймын. Менің жолым болды: жақсы көретін адамдармен жақын қарым-қатынастамын, керемет жерлерге саяхаттаймын, әлі күнге дейін әртүрлі образдарда өнер көрсете аламын. Мен суретке түсірер алдында ойланбаймын, өнер туындысын сатып аларда ойланбаймын, тек ішкі түйсігіммен сезінемін.
Ал сіздің қабырғаңызда қандай өнер туындылары ілулі тұр?
О, оны сипаттауға бір апта да жетпес. Мен бала кезімнен коллекция жинаймын. Әрине, ескі шеберлердің кенептерін емес, жайма базарлардан табылған ұсақ-түйектерді, ескі фотосуретерді жинаймын. Кейде біреу тастап кеткен затты тауып аламын. Осының бәрі маған өмірімді, не сезінгенімді еске салады. Бұл менің жеке мұражайым сияқты.
Ал мойныңыздағы Bvlgari алқасы жайма базардан табылған жоқ...
Мен Bvlgari-мен бірге өстім десем болады. Олардың зергерлік бұйымдары үйде болмаса да, мен бала кезімнен олардың науқандарына тамсанатынмын. Мен жалпы классика мен ескі зергерлік үйлердің талғамын жақсы көремін. Бұл уақытқа бағынбайтын дүниелер, оларды тағу – мен үшін үлкен мәртебе.
Бүгінде Қазақстандағы жас қыздар өздерінің ұлттық болмысына көп көңіл бөледі. Сіздің кезіңізде, сән жаһандық болғанда, осындай ой болды ма?
Меніңше, өз тамырың мен тарихыңды мақтан тұту сезімі адамның бойында әрқашан болған, бірақ қазір, әлем бөлшектеніп жатқан кезде, бұл бұрынғыдан да маңыздырақ бола түсті. Сонымен бірге, басқа мәдениеттерге ашық болу, бәріміздің нелікттен әртүрлі екенімізді түсіну өте маңызды. Менің әкем – нағыз дат, ал анам – нағыз перуандық. Мен осы тепе-теңдікті бойымдағы бата ретінде сезінемін. Жаңа буын, үміттенемін, одан да аралас болады және адамдар өздерінің неліктен соншалықты күрделі әрі әдемі екенін ұмытпайды.
