Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Tatler Asia бренді өзінің аңызға айналған алғашқы балын сонау 1987 жылы өткізген еді. Ал 90-жылдарға қарай бұл бастама жыл сайынғы игі дәстүрге айналып үлгерді. Бүгінде Азияның ең беделді тұлғаларының басын қосатын бұл шара Гонконгтан бастап Сингапур мен Тайландқа дейінгі сегіз елде тұрақты түрде өтіп келеді. Міне, енді бұл тізімге Қазақстан да қосылып отыр.
2025 жыл біздің ел үшін ерекше жыл болғалы тұр. Себебі бұл – жай ғана кезекті шара емес, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Tatler балы. Алайда қуаныш мұнымен шектелмейді. Дәл осы тарихи кеште редакция алғаш рет Tatler Impact Awards марапатын табыстамақ. Бұл – өтіп бара жатқан жылда бизнес, ғылым, мәдениет және қоғам өмірінде айрықша із қалдырған, еңбегімен көпке үлгі болған тұлғаларға көрсетілетін зор құрмет.
Марапат жалпы саны жеті аталым бойынша үлестіріледі: оның төртеуі негізгі бағыттарды (инновация, бизнес, мәдениет, қайырымдылық) қамтыса, үшеуі қосымша (спорт, стиль, Diamond) номинациялар болмақ. Лауреаттардың есімі аталған соң, қонақтарды салтанатты гала-ас күтеді. Бұл – бір дастарқан басында, жайлы ортада еркін сұхбат құрып, пікір алмасуға таптырмас мүмкіндік.
Ескерте кетейік, Tatler Ball – есігі жабық, тек редакцияның арнайы шақыруымен ғана кіруге болатын эксклюзивті шара. Дресс-код – дәстүрлі black tie. Оның қыр-сыры туралы толығырақ мына сілтемелерден (әйелдерге және ерлерге арналған) оқи аласыздар.
