Power & Purpose|Impact

Бейонсе миллиардер атанды

Автор Tatler Kazakhstan
29.12.2025
Бейонсе | Kevin Mazur / WireImage for Parkwood
IMAGE Бейонсе | Kevin Mazur / WireImage for Parkwood
Crazy In Love және Halo хиттерінің авторы музыка тарихында дәулеті миллиард доллардан асқан бесінші музыкант болды

Соңғы бірнеше жылда бұрын-соңды болмаған екі бірдей алып әлемдік турнесін өткізген Бейонсенің байлығы $1 млрд-қа жетті. Бұл туралы америкалық Forbes жазды.

Бәрі 2023 жылы басталды: Бейонсе The Renaissance World Tour сапарына шығып, бір маусымның өзінде қоржынына $600 млн-ға жуық табыс салды. Келесі жылы жарық көрген Cowboy Carter кантри-альбомы әншінің мерейін тағы бір өсіріп, «Грэмми–2025» марапатының ең басты – «Жыл альбомы» және «Үздік кантри-альбом» аталымдарында топ жарды. Сонымен қатар, ол Рождестводағы NFL матчында өнер көрсетіп қана қоймай, 2025 жылдың ең табысты гастрольдік сапарының иесі атанды.

Forbes басылымының пайымдауынша, Бейонсенің капитал жинауына оның музыкасы басты арқау болған. Табыстың басты құпиясы әншінің өз туындыларына толықтай қожалық етуінде жатыр: ол әндеріне тиесілі авторлық құқықты ғана емес, әлемдік турлардан түсетін әрбір тиынды да өз бақылауында ұстайды. Жұлдыздың шығармашылығы мен деректі фильмдерін 2010 жылы өзі негізін қалаған Parkwood Entertainment компаниясы тізгіндеп отыр. Музыкадан бөлек, Бейонсенің иелігінде шаш күтіміне арналған Cécred бренді, SirDavis виски маркасы және Ivy Park киім желісі бар.

Бейонсе – тарихта 1 миллиард доллар табыс тапқан небәрі бесінші музыкант. Бұған дейін мұндай биікті оның жары Jay-Z, Рианна, Тейлор Свифт және Брюс Спрингстин бағындырған еді.