Power & Purpose|Impact

Батырхан Шүкенов қалдырған өшпес із

АвторыСергей Калугин
28.04.2026
Батырхан Шүкенов | Фотосуретші: Николай Постников
IMAGE Батырхан Шүкенов | Фотосуретші: Николай Постников
Бүгінгі мақаламызда Батырдың шығармашылық жолын еске алып, қалдырған мұрасына тоқталамыз

Осыдан дәл 11 жыл бұрын, 2015 жылдың 28 сәуірінде отандық музыка индустриясына орасан зор үлес қосқан аты аңызға айналған әнші Батырхан Шүкенов өмірден өтті. Елімізде оның әндерін, A’Studio тобының хиттерінен бастап жеке шығармашылығындағы туындыларына дейін, жатқа білмейтін адам кемде-кем шығар. Дегенмен Батыр жай ғана әртіс емес, қазақ эстрадасына жаңа леп әкеле отырып, оны біз бүгін сүйіп тыңдайтын заманауи деңгейге көтерген басты тұлғалардың бірі болды.

Батырхан Шүкенов | Фотосуретші: Николай Постников
IMAGE Батырхан Шүкенов | Фотосуретші: Николай Постников

Өзіндік музыкалық қолтаңбасы бар әнші

Болашақ эстрада жұлдызының өнердегі жолы саксофоннан бастау алып, ол алдымен Ленинградта, ал кейінірек Алматы консерваториясында (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) академиялық білім алып шығады. Дәл осы кәсіби дайындық әншінің қайталанбас стилін қалыптастырып, оны үлкен жетістіктерге жетелегені сөзсіз. Нәтижесінде Батыр эстрадаға джаздың күрделі иірімдерін, фанктің жұмсақтығын, сондай-ақ мінсіз ырғақ сезімін алып келді.

Батырхан Шүкенов | Фотосуретші: Николай Постников
IMAGE Батырхан Шүкенов | Фотосуретші: Николай Постников

А’Studio

Батырхан Шүкенов – дискографиясы «Джулия», «Нелюбимая», «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви» сияқты хиттерге толы A’Studio тобын құрушылардың бірі. Бастапқыда «Алма-Ата» деп аталған бұл ұжым кейін бірнеше рет атауын өзгертіп, алдымен «Алма-Ата Студио», сосын көпшілікке таныс A’Studio нұсқасына тоқтайды. Бұл соңғы атау топтың Алла Пугачевамен таныстығынан кейін түпкілікті бекітілгенін де айта кету керек, себебі ресейлік әнші бұл ұжымды ерекше жақсы көрген.

«Мен үшін A’Studio-ның орны қандай екенін жақсы білесіздер. Мен оларды қатты жақсы көремін. Бұл топтың шығармашылығы – тұтас бір әлем, оларға тең келер ешкім жоқ», – деген еді ол бір сұхбатында.

80-ші жылдардың соңында эстраданың жеңіл ырғағын түрлі жанрлармен, халықтық мотивтермен шебер ұштастыра білген A’Studio нағыз мәдени феноменге айналып, тыңдарман жүрегінен терең орын тапты. Музыканттардың жетістігі шынымен де орасан еді: олар тоқтаусыз гастрольдік сапарларға шығып, Пугачеваның «Ән театрында» өнер көрсетіп қана қоймай, үзбей жаңа әндер жазып отырды. A’Studio-ның фронтмені ретінде Батыр топтың тұтас бір буынның үніне айналуына өлшеусіз үлес қоса білді. Осылайша ұжым өздерінің ұлттық болмысын сақтай отырып, әлемдік деңгейде мойындалуға ұмтылған еді.

Жеке өнер жолы мен сахна сыртындағы жетістіктері 

2000 жылы Батырхан Шүкенов A’Studio-дан кетіп, өзінің жеке музыкалық мұрасын қалыптастыруға бел буады. Осы шешімнен кейін небәрі 2 жыл өткенде, ол композитор Қуат Шілдебаевпен бірлесе отырып қазақ тіліндегі «Отан-ана» атты алғашқы жеке альбомын жарыққа шығарады. Бұл кезеңде әнші этникалық музыка жазуға ден қойып, түрлі байқаулар мен телешоуларға қатысу арқылы көптеген сыйлықтардың лауреаты атанады. 2009 жылы Шүкенов UNICEF-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі болып тағайындалса, бір жылдан кейін бірден екі пластинкасын («Осторожно, милая девушка!» мен «Все пройдет...») ұсынып, «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағына ие болады.

Қалдырған ізі мен мұрасы

2015 жылдың 28 сәуірінде инфаркт кесірінен ғұмыры кілт үзілген музыканттың қазасы бүкіл ТМД елдеріндегі миллиондаған жанкүйердің қабырғасын қайыстырған ауыр қайғы болды. Дегенмен Батырдың тарихы осымен аяқталған жоқ, себебі оның мұрасы таспадағы әндерінде ғана емес, жүйелі түрде қолға алынған бастамаларда да жалғасын тауып келеді. Мәселен, Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қор жас таланттарға арналған білім беру платформасы мен Batyr Lab музыкалық резиденциясын құрып, кейіннен «91-23. О популярной музыке независимого Казахстана» атты кітапты жарыққа шығарды.

Бүгінде Батырханның ықпалы музыкадан бастап қалалық кеңістіктерге дейін жан-жақты сезіліп тұр. Мәселен, осыдан бір жылдай бұрын әнші M’Dee желіде «Пламя и лед» трегін жариялап, көпшілікті қуантқан болатын. Ең қызығы – бұл әнде Батырдың архивте сақталған дауысы қолданылған. Әртістің жарқын бейнесі қалаларымыздың келбетінде де көрініс тауып жатыр: Алматыда оның есімімен көше аталса, туған жері Қызылордада Шүкеновке қоладан ескерткіш бой көтерген.

Батырхан Шүкеновтің консерватория студентінен UNICEF-тің ізгі ниет елшісіне дейінгі жүріп өткен жолы – өз ісінің шебері болу мен туған тамырына адалдық музыканы қалайша өлмес туындыға айналдыратынының айқын көрінісі. Кезінде Батыр бекітіп кеткен сапа стандарты мен өз өнеріне деген махаббаты әлі күнге дейін бүкіл қазақстандық сахнаның басты іргетасы әрі айқын бағдары болып қала бермек.

Фотосуретші: Николай Постников
IMAGE Фотосуретші: Николай Постников