Power & Purpose|Impact

Алуа Шабдармен сұхбат: бәрін бақылауда ұстау әдеті, күйеуімен мінсіз кеш және армандаған киім үлгісі

АвторыАнара Кукиева
11.05.2026
Алуа Шабдар | Фотосуретші: Нури Дуйсепа
IMAGE Алуа Шабдар | Фотосуретші: Нури Дуйсепа
Кәсіпкер әрі жаңа буын инфлюенсері Алуа Шабдар өзінің осал тұстары, жолдасымен мінсіз кеші пен армандағы гардеробы туралы баяндап берді

Егер біреудің гардеробын «тонау» мүмкіндігі туса, кімді таңдар едің?

Peggy Gou. Оның сөмкелер топтамасын көрдіңіз бе өзі?

Гардеробыңдағы ең құнды зат?

Марқұм әжем сыйға тартқан бір сөмке бар – оны әлі күнге дейін ұстап жүрмін және қолыма алған сайын әжемді еске аламын.

Жұрттың бәрі ес-түссіз берілген, бірақ сен түсіне алмаған wellness-тренд?

Мұның әлі де трендте екеніне күмәнім бар, бірақ бронекофенің несі керемет екенін ешқашан түсінген емеспін – меніңше, өте дәмсіз сусын. Айтпақшы, гхи майына деген obsession де (жаппай құмарлық) осы санатқа жатады.

Мінезіңдегі басты осал тұс?

Бәрін бақылауда ұстау әдеті. Кейде жағдайды өз ағымына жібере салуға болатын кездің өзінде бәрі ойымдағыдай болғанын жақсы көремін. Одан қалды, егер көңіл күйім жоқ болса, оны міндетті түрде өзгелерге де жұқтырамын.

Қайта-қайта барғың келе беретін мейрамхана?

P.F. Chang’s :) Шынымды айтсам, тамаққа үйден тапсырыс беріп, оны теледидар алдындағы диванда жатып жегенді көбірек ұнатамын.

Сәуір айында Алматыда немен айналысуға болады?

Естуімше, егер алматылықтың басын шауып тастаса да, ол тағы екі күн бойы жүріп барып, «летникте» отырады екен. Сондықтан – терренкурмен серуендеп, күн шуағы түсіп тұрған бір жерде таңғы ас ішіп отыру керек.

Күйеуіңмен мінсіз кеш деп нені айтар едің?

Күйеуім барлық істі өз қолына алып, бәрін өзі жоспарласа, ал менен тек сол жерге әдемі болып бару ғана керек кездерді айтар едім.

Өз өмірбаяныңды кітап қылып шығарсаң, оны қалай атар едің?

«Бәріне үлгеруге тырысқан әйел» деп атар едім.

Өзің туралы ешкім біле бермейтін жайт?

Барлық әйелдер мінсіз деп санайтын адам үшін мен өзіме тым қаталмын. Менің ішкі дауысымды естісеңіздер ғой – кәдімгі мадам Гестапо дерсіз (бірақ мен бұл бағытта жұмыс істеп жатырмын).

Ұлың үйреткен ең басты сабақ?

Азғантай ұйқының өзінде қаншама шаруа тындыруға болатынын ұғындым! Ал шындап келгенде, ол маған дәл қазіргі сәтпен өмір сүруді үйретті. Сондай-ақ ата-анамның мені қаншалықты қатты жақсы көретінін түсіндім – бұл үйреншікті сөз сияқты естілуі мүмкін, бірақ балаңа деген шексіз махаббаттан жүрегің кеудеңе сыймай жарылып кете жаздайтын осы бір сезімді өз басыңнан өткермейінше, оны түсіну расымен де өте қиын.

Және сөз соңғы сұрақ – өзің әлі күнге дейін түсінуге тырысып жүрген нәрсең?

Өмірімді немен байланыстырғым келетінін әлі күнге дейін түсінуге тырысып жүрмін. Екі бірдей (қазірде аяқталған) жоба мен декреттіктен кейін аздап бағдарымнан адасып қалғандаймын. Әзірге нақты қандай мақсатқа бара жатқанымды көріп тұрған жоқпын, бірақ блогым осы бағытты табуға көмектесіп жатыр. Мен әйелдерге көмектескенді шын жүректен ұнатамын, тіпті ол бьюти-жаңалықтармен бөлісу немесе күнделікті киетін күшті футболканы қайдан табуға болатынына бағыт-бағдар беру сияқты қарапайым дүниелер болса да. Блогымда жарнама мүлдем жоқ деуге болады (шынымды айтсам, мұның жақсы не жаманын өзім де білмеймін), мен тек өзім тұтынатын заттарды ғана оқырмандарыммен шын жүректен бөлісемін.