Айяны күте тұра, іштей алдағы әңгімеміздің желісін құрып, «Ол мен үшін жалпы кім?» деген сұраққа жауап іздеумен ескі хаттарымызды ақтарып шықтым. Жеке хабарламалар желісі мені алдымен 2017, одан кейін 2019 жылдарға жетеледі. Ол кезде Айя Венада графикалық дизайнды оқып жүрген студент болса, мен косметикалық брендтің өкілі ретінде жарнамалық интеграцияның шарттарын талқылап жатқан едім. Айяның жұлдызы ол кездің өзінде-ақ жарқырап тұрған: ол өз өмірін шынайы әрі ашық көрсетіп жүріп, аудиториясы оны шексіз жақсы көрді. Жазылмандар Аяны тек «мөлдір көздері» үшін ғана емес (шыны керек, мен көрген ең сұлу жанарлардың бірі болса керек), сонымен қатар оның жеткізген ойлары мен көтерген өткір тақырыптары – ең алдымен, әйелдер мәселесі үшін қатты бағалады.
2020 жылы Айя өзінің дипломдық жұмысы аясында AIEL жобасын жарыққа шығарды. Бұл жоба ұлттық дәстүрлер, сексизм, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құрбанды кінәлау (виктимблейминг) сияқты қазақ әйелдерінің күні бүгінге дейін бетпе-бет келіп жүрген ең ауыр әрі өзекті мәселелерін арқау етті. AIEL оның шығармашылығындағы ең маңызды манифестердің біріне айналды. Дәл осы сәттен бастап көпшілік Айяның кім екенін, не ойлайтынын және қандай құндылықтарды қорғауға дайын екенін нақты түсінді. AIEL арқылы ол өзіне жақын тақырыптарды таңдап, қоғамдағы өз ұстанымын шегелеп берді. Осылайша, бұл жоба оның шығармашылық жолының берік іргетасы болып қаланды.

Айяның медиа-танымалдылық тұзағына түсіп қалмағаны таңғалдырады. Ол сирек кездесетін бір парадоксқа тап болды: ықпалы артқан сайын, цифрлық ізі барынша азая түсті. Аудитория назары еселенген сайын, ол медиакеңістіктегі өз орнын саналы түрде шектеп, камерадан таса болуға ұмтылды. Әрбір инфлюенсер мен танымал тұлға өз өмірінің әр минутын сатуға тырысатын қазіргі заманда бұл өте сирек құбылыс. Әдетте танымалдылыққа қолы жеткен адам жылдамдығын үдетіп, оқырмандарын контентпен «қоректендіре» бастайды, жаңалық-жарнамалар жасап, үздіксіз сұхбат бере бастайды. «Жо-жоқ, – дейді Айя үзілді-кесілді. – Мен үшін мұның еш мәні жоқ. Егер нақты талқылайтын тақырып немесе себеп болса – бір сәрі, мен дайынмын. Бірақ біреулер мені көпшілік алдында талқылап, ішкі дүниемді қазбалауы үшін ғана подкастқа барудың қажеті қанша? Мен үшін бұл – жеке шекараны бұзу. Менде ешқашан атақ қуу мақсаты болған емес. Желідегі парақшам өте табиғи түрде дамыды: ол кезде блог жүргізу трендте жоқ, мен жай ғана адамдармен араласқым, жазғым, ойымды бөліскім келді. Ал кейін бұл ауқымды деңгейге жеткенде, маған ауыр тие бастады. Сондықтан ақпаратты сүзіп, аз мөлшерде ғана беретін болдым. Мен бір айға еш қиындықсыз жоғалып кете аламын. Актерлер немесе блогерлердің мұны не үшін істейтінін түсінемін – олар үшін бұл PR-кампания, жоба. Өнімдерін ілгерілету үшін оларға халық назарын жаулап алу керек. Ал маған бұл назар онсыз да жеткілікті. Керісінше, көзден сәл таса болғым келеді».

Жақында ғана Айя әлемдік арт-нарықтың ең ықпалды алаңдарының бірі – Art Basel Hong Kong заманауи өнер жәрмеңкесінен оралды. Онда оның туындыларын нью-йорктік Sapar Contemporary галереясы ұсынған болатын. Айяның матриархатқа құрылған World of Peri көркем әлеміндегі сүйікті нысандарды – семсерлер мен қанжарларды енді Азия жұртшылығы да тамашалай алды (2023 жылы бұл жұмыстарды аталмыш галерея Untitled Art Miami Beach көрмесіне де апарған еді). «Көрермендердің шынайы реакциясына қатты қуандым, ал басты экспонатымыз кадрға өте сәтті түсетін болғандықтан, желіде тез таралып кетті. Дегенмен, біздің өнеріміздің бағыты өзгешелеу. Кескіндеме – түсінуге жеңіл әрі тез сатылатын актив, ол әдетте fine-art-қа қарағанда жақсырақ өтеді. Мен жасайтын мұндай институционалдық нысандарды көбіне музейлер сатып алып жатады. Бірақ бұл жолы да бірнеше туындым сатылды».
Өнер саласындағы алты жыл ішінде тұтас бір ғалам жасап үлгерсе де, Айя өзін бұл ортада әлі де үйренері көп шәкірт ретінде қабылдайды. Гонконгтегі көрме – оның осы жылдар ішінде жинаған бүкіл шығармашылық капиталы деп айтуға болады. «Мұның аз не көп екенін дөп басып айту қиын, бірақ Орталық Азияның басқа да суретші қыздарымен қатар осындай беделді галереяның қолдауына ие болу – мен үшін үлкен бақ», – дейді ол. «Жас суретші ретінде халық назарына ілігіп, өз аудиторияң қалыптасқан кезде, белгілі бір қысым пайда болады. Жұрт сенен үнемі бір жаңалық күтетін сияқты. Бірақ мен өзіме әрқашан өз қарқынмен жұмыс істеу керектігін ескертіп отырамын. Sapar Contemporary галереясының негізін қалаушылар Раушан мен Нина маған осы тұрғыда үлкен қолдау көрсете отырып, «инстаграмдық» емес, өте сау, қалыпты ырғақты ұстанады. Сондықтан мен ешқайда асықпаймын», – деп ағынан жарылды Айя.

Осы көктемде Айяны тағы бір дебют күтіп тұр: жақында режиссер Айжан Қасымбектің «Бикеш» атты қазақтілді телехикаясы жарық көріп, онда Айя басты рөлдердің бірін сомдайды. Оны бұрын да киного шақыратын, бірақ ол үнемі бас тартып келген еді. Алайда бұл жолы бәрі басқаша өрбіді: «Сценариймен таныса келе, бұл жобаның кем дегенде көз тоятын әдемі кадрларға толы болатынын және идеясы маған өте жақын екенін түсіндім. Жобаны әйел адам басқарады, түсірілім тобының негізгі позицияларында да кілең қыздар жұмыс істеді». 2025 жылдың жазын ол толықтай түсірілімдік дайындыққа арнап, Алматыда Ли Страсберг әдісімен сабақ беретін актерлік шеберлік мектебінің негізін қалаушысы, актриса әрі коуч Салтанат Наурызбенен шеберлігін шыңдаған. Сериалдың өзіне келсек, ол қыркүйек және қазан айларында Қаскелең шатқалында түсірілді. «Бұл өте күрделі процесс болды, – дейді Айя. – Бізде актрисалардың неліктен аз екенін енді ұқтым: бұл физикалық тұрғыдан адамды әбден қалжырататын, қиын жұмыс екен. Ағзаға түсетін ауыртпалық өте зор. Қазір артқа қарап, «Бұдан да жақсырақ ойнай алар ма едім?» деп ойланамын. Жоқ. Мен сол кезде қолымнан келгеннің бәрін жасадым, бойымдағы бар күшімді сарп еттім».

Картина 17 ғасырдағы қазақ ауылында өмір сүретін, тағдыры алдын ала жазылып қойған қоғамда өз орнын табуға тырысқан текті әулеттің үш қызы туралы сыр шертеді. Айяның кейіпкерінің есімі – Айсұлу. Ол 22 жаста, көпшіліктің үмітін ақтайтын «үлгілі үлкен қыз», бойындағы бәрін мінсіз орындауға тырысатын әдетімен қоғамдық күтілімдердің мінсіз айнасына айналған келіншек. Өте жауапты, басқаларға үлгі, әрине, тұрмысқа шыққан және ұстаз болып жұмыс істейді – бұл өте маңызды деталь, өйткені ол заманда ұстаздықпен негізінен ер адамдар ғана айналысатын.
Айсұлудың басты қасіреті – оның сол қоғамдық күтілімдердің құрсауында қалуы. Жұрт не ойлайды деп қатты алаңдайтын ол, бала көтере алмай жүргеніне іштей қиналып, күйеуінің туыстары тарапынан көретін қысымнан әбден қажыған. Ол күйеуінің ауылынан төркініне, сіңлісінің ұзатылу тойына дайындыққа келген кезде оқиға тіпті шиеленісе түседі. Барлық тартыс осы той төңірегінде өрбиді. Айя «Бикешті» әзілдеп «қазақша Бриджертондар» деп атағанымен, өте маңызды бір ерекшелікті алға тартады: бұл – өзіміз туралы хикая. Апалы-сіңлілер, ата-ана, туысқандар мен қоғам арасындағы қарым-қатынас жайлы. Жалпы алғанда, кез келген қазақстандық әйелдің басынан кешетін күнделікті жағдайлар. Айяның айтуынша, оқиға тарихи кезеңде өрбігенімен, ондағы мәселелер бүгінгі қоғамнан да ешқайда кеткен жоқ. «Оқиғалар 17 ғасырда болғанына қарамастан, мен үшін бұл сериал – тарихи фонға орналастырылған қазіргі қазақ қызы туралы. Сондықтан бұл қатаң тарихи деректі дүние емес, керісінше, аздап ертегіге ұқсайтын оқиға.

Біз тілдің әдеби нақышын сақтай отырып, оны тым заманауи етіп жібермеуге тырыстық. Ал визуалдық жағы – қойылым, костюмдер – қазақ киносы үшін өзінше бір терапия болғандай. Әдетте біздің тарихи жобалар қандай болушы еді? Бітпейтін қайғы-қасірет, сұрқай тірлік, жоқшылық пен соғыс. Ал мұнда біз адамды баурап алатын, мүлдем басқа, эскапистік әлем құрдық: тау бөктеріндегі гүлденген ауыл, жарқырай киінген адамдар, ал басты проблемалар тек адами қарым-қатынастар деңгейінде қалады. Продюсерлер көрерменге әдемі көрініс сыйлағысы келді: қазақтар – кір-қожалақ, езілген халық емес, ал әйелдер – бүкіл оқиғаның тізгінін ұстаған басты кейіпкерлер», – деп бөлісті Айя.
Шын мәнінде, «Бикеш» – Айя үшін өзін толғандыратын тақырыпты, яғни қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің орнын жаңа форматта жеткізудің тағы бір жолы. Ол түсірілім алаңында нағыз матриархат орнағанын күле еске алады. «Кейде біз қандай да бір құпия феминистік жоба түсіріп жатқандай сезімде болдым», – дейді ол. Құпия дейтіні – қатысушылардың бәрі бірдей қандай жобаға тартылғанын толық түсіне қоймауында. Бірақ фактіні жоққа шығаруға болмайды: бұл – әйелдердің атынан айтылатын, әйелдердің ішкі күйзелісі мен сезімдері туралы жоба. Экрандағы күйеуінің рөліне актерді ұзақ уақыт іздегендері де көп жайттан хабар береді. Көптеген актерлер бұл рөлден бас тартқан, себебі кейіпкер көп сөйлемейтін, әдеттегі «басты» позициядан айырылған образ еді. Сюжет бойынша Айяның кейіпкері барлығын өзі шешетінін ескерсек, мұның өзінде үлкен ирония жатыр. Ол жауапкершілікті өз мойнына алып, жоспар құрып, әрекет етеді.

«Саған қазақ киносында мықты әйел бейнесі жетіспейтін сияқты ма?» – деп сұрадым мен. «Мәселе тек күшті көрсетуде емес, – деп жауап берді ол. – Керісінше, ауқымдырақ спектрді көрсету маңыздырақ. Барлығы ер адамға бағытталған (male-centered) парадигмада қала берсек, әйел тек қыз, жұбай, ана, ене немесе қайын ене рөлімен шектеліп қала береді. Бұл үнемі басқа біреуге тәуелді рөлдер.
Бір модельді екіншісімен алмастырып қана қоймай, сол кеңістіктің өзін кеңейту маңызды. Алуантүрлілік пен таңдау жасайтын мүмкіндік болуы қажет». Дегенмен, Айя ондай әлемде өмір сүргісі келгенімен, оның қаншалықты утопия екенін өте жақсы түсінетінін де жасырмайды: «Әйелдердің көпшілігі матриархатта өмір сүргісі келгенімен, шындыққа келсек, бұған ешкім дайын емес. Өйткені бұл мүлдем басқа жүйе, ал біз басқа ортада қалыптасқанбыз. Жақында бір қызық ой естідім: патриархат – бұл иерархия, тік сызық. Ал матриархат – бұл шеңбер. Яғни, бұл «әйелдің жоғарыда тұруы» емес, жалпы алғанда қатаң иерархияның болмауы. «Матриархат» деген сөзді естігенде, көбі оны басында тек әйел адам тұрған патриархаттың айнадағы көшірмесі ретінде елестетеді. Бірақ ол мүлдем басқа құрылым».

Бүгінгі 30 жастағы Айя мен оның кейіпкері Айсұлу бір-біріне мүлдем ұқсамаса да, ол одан өзінің жас, өзіне сенімсіздеу болған, түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген кезін көреді: «Оның ана болуға қатысты тәжірибесі мен уайымын мен, әрине, бастан өткере алмаймын – оны тіпті қолдан жасауға тырысқан да жоқпын. Коучпен бірге оған жаным ашуы үшін басқа эмоционалды триггерлерді іздей келе, оны «идеалды үлкен қыз» тақырыбынан таптық. Қазір, 30 жасымда өзімді әлдеқайда еркін сезінемін, бірақ оған қарап, өткен шақтағы өзімді көремін. Ол жаста менде де өмірден өз орнымды таба алмай қалам ба деген қорқыныш, өзімнің бірдеңеге тұрарлық екенімді дәлелдеу қажеттілігі болғандықтан, осы тұста кейіпкер екеуміз қатты ұқсаймыз. Бұл күйзелістің шарықтау шегі Нью-Йоркте тұрып жатқан кезімде көрініс тапты. Ол кез өзіме: «Мен не істеп жүрмін? Қайда бара жатырмын?» деген азапты сұрақтарды қоюмен өтті. Бұл ішкі қақтығысқа психологым қойған жалғыз қарапайым сұрақ нүкте қойды: «Саған ол жақ ұнамайды ғой? Сен ол жерде бақыттысың ба өзі?» Және мен елге оралдым. Осы күнге дейін бұл ең дұрыс шешімдерімнің бірі болды деп санаймын».

Тұсаукесер жақындаған сайын толқу бар ма? Халықтың кез келген реакциясына дайынсың ба? «Әрине, уайымдаймын. Бірақ актриса ретінде өз міндетімді толық орындап шықтым – бар назарымды рөлге және кейіпкерімнің жан дүниесін ашуға арнадым. Ал жобаның өзіне келсек... Меніңше, адамдар мін тағатын нәрсені бәрібір табады – тарихи ақаулықтар немесе басқа да сәйкессіздіктер дегендей. Суррогат ана тақырыбына қатысты бірнеше көрініс бар, оларды көрермендердің тура мағынасында қабылдамағанын қалар едім. Әйелдер қауымына көркемдік жағынан бірдеңе ұнамай қалса да, бәрібір қолдау білдіреді деп ойлаймын – өйткені бұған дейін мұндай жоба мүлдем болған жоқ. Ал ер адамдар ше? Әрине, қарсылық білдіріп, шу шығаратындар да табылады. Ол сөзсіз. Ең бастысы, мүлдем қаралмай қалмаса болғаны».

Мен сұхбаттасқан әрбір дерлік әйелге қоятын бір сұрағым бар: егер қоғамдағы бір ғана стереотипті жою қолыңнан келсе, нені таңдар едің? Айя бір секундқа да ойланбастан былай деп жауап берді: «Қоғам санасына әбден сіңіп қалған стереотипті – ер адамды басты мақсат немесе жетістік ретінде қабылдауды. Біздің елде ер адам жиі әйелдің басты мақсаты немесе жүлдесі сияқты дәріптеледі. Мұндай жағдайда әйел өзінің ең негізгі күшін – таңдау жасау құқығын жоғалтады».
Маған оның осы бір әйелдік центристік көзқарасы қатты ұнайды.
