Power & Purpose|Impact

«Әйелдер ортасы»: пианист Нұргүл Нүсіпжанова музыка, спорт және шабыт туралы

АвторыTatler Kazakhstan
09.03.2026
«Әйелдер ортасы»: пианист Нұргүл Нүсіпжанова музыка, спорт және шабыт туралы
8-наурыз мерекесіне орай Tatler Kazakhstan ұсынған «Әйелдер ортасы» арнайы жобасы – Қазақстанның бес жарқын әйелінің өзара еркін пікір алмасқан оңаша сұхбаты. Мұнда әр түрлі салада жүрген, жасы мен өмірлік тәжірибесі әрқилы кейіпкерлер журналистердің қатысуынсыз-ақ бір-біріне толғандырған сұрақтарын қойып, өнер мен спорттың, сұлулық пен IT саласының басын қосатын ерекше форматта өзара ой бөлісті

Бұл жолы Орталық Азиядан шыққан, әлемнің жеті биік шыңын бағындырған тұңғыш әйел-альпинист Анар Бурашева өзінің жақын досы, танымал пианист Нұргүл Нүсіпжановамен сұхбаттасады. Олардың бүгінгі әңгімесі музыка мен ішкі тепе-теңдікке, әйел затына өз кәсіби деңгейін үнемі дәлелдеуге тура келетін ортада өзіңді жоғалтпау жолдарына арналды.

Елестетіп көрші: сен «Грэмми» әділ қазылар алқасының мүшесісің. Сыйлықты кімге берер едің?

О, бұл сөзсіз Оливия Дин болар еді – ол мен үшін «жыл жаңалығы».

Ал «Жыл альбомы» номинациясы бойынша ше?

2024-жылдан бері сүйікті британдық соул-орындаушым Cleo Sol-дың «Mother» альбомын қайталап тыңдаудан жалыққан емеспін. Бұл туынды мен үшін әйел нәзіктігі мен ішкі қуатының өзіндік манифесіне айналды. Сыйлықты осы альбомға қисақ қалай болады?

Қызық екен! Ал отандық орындаушылардан қазір кімдерді тыңдап жүрсің?

Kunzharyq, Orynkhan және Dudeontheguitar.

Айта кетсең, шығарма авторының ер немесе әйел болғаны сен үшін маңызды ма?

Мен үшін оның еш маңызы жоқ. Шығармамен жұмыс істегенде автордың жынысына емес, оның не айтқысы келгеніне және сол ойдың менің ішкі дүниеммен қаншалықты үндесетініне мән беремін.

Музыка, спорт пен өнердегі әйелдің рөлін қалай көресің? Өзіңді ер адамдарға қарағанда көбірек дәлелдеу керек деген сезім бола ма?

Иә, академиялық музыка саласында әйелдерге оңай соқпайтын кездер болады. Көптеген туындылардың ер адамдар тарапынан жазылуы, тіпті фортепианоның өзі көбіне ерлердің қолына лайықталып жасалуы – біз аттап өте алмайтын ащы шындық. Оған қоса, «нәзік қыз бала дыбыстың ауқымы мен қуатын жеткізе алмайды» деген стереотип те жоқ емес. Бірақ мен үшін музыка – физикалық күш емес, бұл – интеллект, тереңдік пен ішкі қуаттың көрінісі. Иә, кейде көбірек тер төгуге тура келеді. Бірақ мен ешкіммен таласпаймын – тек сахнаға шығып, өз ісімді істеймін. Сол сәтте бәрі өз-өзінен түсінікті болады.

Сеніңше, әйелдерге табысқа жетуге қандай қасиеттер көмектеседі?

Еңбекқорлық, төзімділік және өзіңе деген мызғымас сенім.

Музыка мен спорттан тыс сені тағы не шабыттандырады?

Мені қасымдағы адамдар – достарым, спортшылар мен кәсіби мамандар шабыттандырады. Олардың өскенін, жетістікке жеткенін көргенде шын жүректен қуанамын. Бұл менің де алға жылжуыма күш береді. Менің ортам – әрқайсысы өз уақытында пісіп-жетілетін берекелі бақша сияқты. Біз бірімізбен біріміз жарыспаймыз, керісінше, бірге өсуге тырысамыз.

Сабырлылық пен жинақылықты сақтауға көмектесетін күнделікті ритуалдарың бар ма?

Таңғы уақытымды ештеңеге айырбастамаймын. Әсіресе таңғы ас ішу сәті – мен үшін өзіммен-өзім қалып, күнімді жоспарлайтын қасиетті уақыт. Кем дегенде жарты сағат телефонсыз, еш асықпай отыруға тырысамын. Ал басқа уақытта жай ғана жаяу серуендеудің орны бөлек.

Жаттығу мен репетициядан қолың босағанда уақытыңды қалай өткізесің?

Достарыммен өткіземін. Бірақ кейде жалғыз қалып, кино көргенді немесе Тиктоктағы қызықтарға қарап күліп отырғанды да ұнатамын.

Өмір жолыңа ерекше әсер еткен адам немесе оқиға болды ма?

Бұл жерде әкемді (Қазақстанның Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов – Tatler.) айтпасқа болмас. Ұзақ уақыт бойы «әкесінің атымен жүр» деген сөзге қалмау үшін, бұл биікке тек өз еңбегіммен жеткенімді дәлелдеуге тырысып бақтым. Осы ішкі күрес мені қазіргі Нұргүл ретінде қалыптастырды. Бүгінде мен үшін бәрі артта қалды: фамилиямның салмағын өз еңбегіммен ақтадым. Қазір бұл есім тек Халық артисі әкемнің абыройы ғана емес, өз жолын тапқан пианист қыздың да аты болып естіледі.

Өнер немесе спорт жолын жаңа бастаған қыздарға қандай кеңес берер едің?

Мен музыка әлеміне алты жасымда келдім. Қазіргі биігімнен жасөспірім шағыма қарап отырып айтарым: сені тек сахнада немесе жарыс үстінде көріп, сыртыңнан тон пішетіндердің сөзіне мән берме. Сенің ішкі әлеуетің мен әлсіз тұстарыңды өзіңнен артық ешкім білмейді. Сондықтан барыңды салып еңбектен, бірақ өмір тек өнер мен спорттан тұрмайтынын да есте сақта. Достарыңмен аралас, жаңа дүниелерді таны, тәуекелге барудан қорықпа. Осының бәрі кейін сенің рухани қорыңа айналып, сені тек маман ретінде емес, кемел тұлға ретінде қалыптастырады.

Мұндай өмір салтын қаржылай қолдау қиын емес пе? Музыка адамды асырай ала ма?

Ең жанды жеріме тидің-ау! Академиялық музыкамен айналысып, өзіңді-өзің қамтамасыз ету – оңай шаруа емес. Тәуелсіз болғың келсе, үнемі шығармашылық ізденісте болуың керек. Дәл осы қиындықтар әр концерттің құнын арттыра түседі. Қазіргі таңда бұл – мен үшін ең өзекті мәселе. Командаммен бірге Қазақстан бойынша тур ұйымдастыру үшін қаржы іздестіріп жатырмыз. Болашақта тек концерттерім арқылы табыс тапсам деймін, бірақ әзірге негізгі күнкөріс көзім – оқытушылық қызмет.