Power & Purpose|Impact

«Әйелдер ортасы»: Ботагөз Қасабек әйелдердің табысы, тең құқықтар және қолдау туралы

АвторыTatler Kazakhstan
11.03.2026
Ботагөз Қасабек | Tatler Kazakhstan
IMAGE Ботагөз Қасабек | Tatler Kazakhstan
8-наурыз мерекесіне орай Tatler Kazakhstan арнайы жоба дайындады. «Әйелдер ортасы» – Қазақстанның 5-жарқын әйелінің өздерін толғандыратын тақырыптар төңірегіндегі жеке әңгімесі. Әртүрлі саланың мамандары, жасы мен өмірлік тәжірибесі бөлек кейіпкерлер бір-біріне журналистердің қатысуынсыз, кәдімгі сұхбаттағыдай сұрақтар қояды. «Әйелдер ортасында» спорт музыкамен тілдессе, музыка – бьюти-саласымен, бьюти – IT-саласымен, IT – сән әлемімен сырласады, ал сән әлемі шеңберді тұйықтап, қайтадан спортқа сұрақ жолдайды

Төменде бизнес-вумен және ЗӨС-инфлюенсері Асель Машанова Smart City жобасымен айналысатын IT-саласының кәсіпкері, Astana Hub комиссиясының мүшесі және «Алма» қалалар мен қауымдастықтардың тұрақты дамуы қоғамдық қорының тең иесі әрі қамқоршысы Ботагөз Қасабекке сұрақтар қояды. Басты назарда – бүгінгі әйелдердің рөлі, әлеуметтік желілердің шуында жоғалып кетпеу қабілеті және болашақтың қаласы қандай болуы керек деген ойлар.

«Ер адам жеткен жетістікке жету үшін әйел адам екі есе көп еңбектенуі қажет» деген пікірге қалай қарайсың? Келісесің бе? Және бұл жағдайды қалай өзгертуге болады?

Жоқ, келіспеймін. Бастысы – ақылмен жұмыс істей білу қажет, біздің елде әйелдер мен ерлердің құқықтары айтарлықтай тең дәрежеде қорғалған. Әрине, тәрбиемен ұштасып жатқан ұлттық діліміздің де әсері бар екені рас. Бірақ жыл өткен сайын ер адамдардан еш кем түспейтін, табысқа жеткен әйелдердің қатары көбейіп келе жатқанын анық байқауға болады.

Ортада өз пікіріңді мойындатып, сөзіңді тыңдату үшін саған да «ерлердің ережесімен ойнауға» тура келген кездер болды ма? Әлде бұндай жағдайды айналып өтуге бола ма?

Ерлердің ережесі деп нені меңзеп тұрғанымызға байланысты. Егер ауыздан шыққан әрбір сөз бен жасалған әрбір қадам үшін жауап беретін нақты жауапкершілік туралы айтар болсақ, онда иә, ондай ережемен жұмыс істедім. Алайда, бұл тек ерлерге ғана тән емес, жалпы іс жүргізуге қойылатын ортақ талаптар деп білемін.

Айтшы, әйел адам әлеуметтік желілердегі ақпарат ағыны мен айналадағы адамдардың күткен үміттерінен, сондай-ақ түрлі трендтердің ықпалынан өзін қалай қорғап қала алады? Жалпы, өзіңнің шын мәнінде кім екеніңді қалай түсінуге болады?

Өте қызық сұрақ. Ең бастысы – өз ақылыңа сүйеніп, өз ойыңмен дос бола білу, ал өзгелердің басында не болып жатқаны сені қатты толғандырмауы қажет. Адамдар әрқашан бірдеңені ойлап тауып немесе өзінен қосып айта беретін әдеті бар, сондықтан мұның бәріне мән бермей, назар аудармаған әлдеқайда оңай.

Қалай ойлайсың, қазіргі заман әйелдерін көбіне не нәрсе қажытады – мойындарына артылған жүктеменің ауырлығы ма, әлде үнемі «бірдеңеге үлгермей жатқандай» немесе «қолынан келмейтіндей» сезініп жүретін ішкі ойлар ма?

Меніңше, адамның өз-өзін өзгелермен тоқтаусыз салыстыра беруі шаршататын сияқты. Әлеуметтік желіден біреудің әдемі өмірін бейнелейтін суретті көргенде, саған да солай істеуге болатындай немесе керісінше, бұл сенің қолыңнан ешқашан келмейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ сол әдемі суреттің артында қаншама еңбек пен қиындық жатқанын екінің бірі түсіне бермейді.

Ал сенің өміріңде дәл осы әйелдердің қолдауы сені қиындықтан алып шыққан немесе құрдымнан құтқарып қалған кездер болды ма? Ол кезде олар саған не істеп немесе не деп көмектесті?

Шынымды айтсам, дәл ондай жағдай болмаған шығар. Маған кез келген уақытта жақсы музыка, заңғар таулар мен тұп-тұнық теңіз жақсы әсер етеді.

Жалпы, сен үшін ең мықты қолдау қандай?

Қиын сәттерде жаныңнан табыла білетін жақын адамдардың болуы. Тіпті артық сөзсіз, жай ғана қасыңда болғанының өзі жеткілікті.

Қалай ойлайсың, дәл қазіргі уақытта әйелдер бүкіл әлемге нені үйрете алар еді – яғни, ер адамдар әлі күнге дейін үйрете алмаған қандай қасиеттерді?

Жаңа дүние жасауды, барды сақтауды және оны аялай білуді – әлемді дәл осыған үйреткім келер еді.

Көз алдыңа елестетіп көрші: алдыңда 15-жастағы қыз бала отыр, ол мына әлемге үлкен алаңдаушылықпен қарап тұр. Оған қандай ақыл айтар едің?

Алаңдаушылық – бұл адамның табиғи күйі, қалыпты эмоция. Оны өткеріп, сезіне білу керек және сен жалғыз өзің бүкіл әлемді өзгерте алмайтыныңды түсінуің қажет. Бірақ сен өзіңді және өзіңнің айналаға деген көзқарасыңды өзгерте аласың. Сол кезде бәрі әлдеқайда жеңілдей түседі.

Ал сен болашақтың қаласын қалай елестетесің? Адамдар өмір сүруге ыңғайлы әрі толық жайлы болуы үшін ол қандай болуы қажет?

Адамдарға арналған жап-жасыл, кең-байтақ әрі тап-таза қала. Үйден шыққан әрбір тұрғын мектепке, университетке немесе жұмысына ешбір қорқынышсыз, қауіпсіз жете алатын және жол бойындағы бүкіл инфрақұрылым оның игілігіне қызмет ететін қала.

Егер саған Алматыға – немесе жалпы кез келген басқа қалаға – қандай да бір өзгеріс енгізіп, оны жақсартуға мүмкіндік берілсе, ол не болар еді?

Әкімдерге нақты әзірленген бағдарламамен 5-жыл бойы тұрақты жұмыс істеуге толық мүмкіндік беру. Және егер ол өзіне алған осы міндеттемелерді орындамаса – ешқандай жеңілдіксіз түбегейлі шаралар қабылдау. Міне, сонда ғана әрбір қаламыз гүлденіп, дами түсер еді.

Және соңғы сұрақ... сен біреуді шын жақсы көретініңді қалай түсінесің?

Жанымдағы адамға өзін өте жақсы, жылы, жайлы әрі түсінікті сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасағым келгенде және соны іске асырған сәтте.