Төменде пианист Нұргүл Нүсіпжанова Lulu Group компаниялар желісінің, Metabody және Metafarm жобаларының негізін қалаушы Әсел Машановаға сұрақтар қояды. Әңгіменің арқауы – бүгінгі сұлулық стандарттары, өзіңді күту және әйелдер туралы қалыптасқан жаңсақ пікірлермен күрес.
Хейтке қалай төтеп бересің? Өз-өзіңе деген күмән пайда болған сәттерде не нәрседен тірек табасың?
Хейтке менің ісіме ауған назардың бір түрі деп қараймын. Мейлі жақсы, мейлі жаман болсын – бұл, ең алдымен, жұрттың менің еңбегіме деген көзқарасы. Хейт дегеніміз нақты негізі бар орынды сын емес, ол бар болғаны эмоцияның көрінісі ғана. Сондықтан мен оны өз болмысыма қатысты деп қабылдамаймын және ол үшін жауапкершілік арқаламаймын. Бұл менің атқарып жатқан ісімнің адамдарды бейжай қалдырмайтынын көрсетеді, сол себепті бұған өте сабырмен қараймын.
Бұрын қиын сәттерде отбасыма және жақындарыма сүйенетінмін, қазір, ең алдымен, өз ішкі күшіме арқа сүйеймін. Мұндай сәтте өзіме: «Менің бойымда күмән тудырып тұрған кім?» деген сұрақ қойып, барынша байсалды қалыпқа ену арқылы өзімді қолдауға тырысамын. Сырттан тірек іздеп әуре болмай, оны өзіме-өзім сыйлап үйреніп жатырмын.
Сен сұлулық индустриясында жұмыс істейсің. Қалай ойлайсың, қазіргі сұлулық стандарттары әйелдерге қалай әсер етеді?
Қазір сұлулық стандарттары түбегейлі қайта қаралып жатыр. Бүгінде әйел адам барлық жағынан мінсіз болуды талап ететін, бір-біріне қайшы келетін ережелерге сай болуға міндетті емес. Қоғамда шынайылық көбірек бағалана бастады: қазір шаршағаныңды, басыңнан өткен қиындықтарды немесе ішкі күйіңді ашық айту қалыпты жағдай. Бұл кезеңді ескірген қалыптарнан бас тартып, адамның өз болмысын қайта іздейтін уақыты дер едім.
Бүгінгі таңда әйел денсаулығы туралы ең қауіпті қате түсінік қайсы?
Ең қауіпті қате түсінік – барлық мәселені лезде шешіп беретін түрлі процедураларға, қоспаларға немесе сәнді технологияларға, яғни «сиқырлы құралға» соқыр сену.
Шын мәнінде, денсаулықтың негізгі тірегі – дұрыс ұйқы, жүйелілік және өз денеңе ұқыптылықпен қарау. Шектен тыс диеталар, арықтауға арналған тоқтаусыз марафондар мен шамадан тыс жүктемелер адамға күтім жасау емес, керісінше, ағзаны стреске ұшыратады. Сондықтан сандарға тым шұқшиып қалмай, өз-өзіңді қалай сезінетініңе көбірек мән берген маңызды.
«Бизнестегі әйел» туралы ең ауыр стереотиптердің қайсысын өз тәжірибеңмен жоққа шығардың?
Әйел адам ауқымды бизнесті тек отбасы мен жеке қарым-қатынасын құрбан ету арқылы ғана құра алады деген түсінікті жоққа шығардым.
Мен де осындай кезеңнен өткенмін, бірақ бұл міндетті сценарий емес екенін түсіндім. Егер әйел адам қатал ерлер моделінде бәсекелесуге тырысса, бұл шынымен де ішкі шиеленіске әкеледі. Бірақ егер өзіңнің мықты жақтарыңды – икемділік пен түйсікті, сондай-ақ мәмілеге келе білу қабілетіңді дұрыс қолдансаң, жеке өміріңе нұқсан келтірмей-ақ табысты бизнес құруға болады.
Қазіргі әйелдерге бір мезгілде ана, жар және кәсіби маман рөлін қатар алып жүруге тура келеді. Қай рөлде ішкі немесе сыртқы қысым көбірек сезіледі?
Кез келген қысым адамның ішінде үрей бар жерде ғана пайда болады. Егер әйел «нашар ана болып қалам ба» деп қорықса – шиеленіс те сонда болады. Егер өзінің кәсіби біліктілігіне күмән келтірсе – қысым да сол жерден туындайды.
Сондықтан, ең алдымен, адам өзіңің ішкі ұстанымдарымен және қорқыныштарымен жұмыс істеуі керек. Сыртқы жағдайлар көбінесе іштегі күйді тек күшейтіп көрсететін құрал ғана.
Әйел адам әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынында, өзгелердің күткен үміттері мен трендтердің ішінде адасып кетпеуі үшін не істеуі керек? Өз болмысын қалай тани алады?
Әлеуметтік желілерді пайдалануда тәртіп қажет. Желіде өткізетін уақытты қысқартып немесе жазылымдарды қайта қарап, тек пайдалы мазмұнды қалдыруға болады. Әлеуметтік желідегі көптеген дүниелердің шынайы өмір емес, бар болғаны адамның сезімін қоздыратын жасанды бейнелер екенін түсіну маңызды. Ең бастысы – өзіңді үнемі өзгелермен салыстырмау және біреудің әдемі суретін өзіңе бағдар етіп алмау.
Неліктен бүгінде жастық шақ пір тұтылып, ал жастың ұлғаюы тәжірибе емес, керісінше, мәселе ретінде қабылданады?
Медиа кеңістікте көбінесе жастық шақтың энергиясын көрсетеді де, кемел жастағы жарқын әрі белсенді адамдардың үлгісін аз береді. Содан барып негізгі құндылық тек жастықта ғана деген қате түсінік қалыптасады. Бірақ бұл – насихаттың аздығынан туған мәселе. Өзін-өзі дамытқан, мықты әрі жетістікке жеткен кемел жастағы үлгі боларлық адамдар көбейген сайын, жас ұлғаюынан қорқу сезімі де азаяды.
Егер жастың ұлғаюын «құлдырау» емес, «жаңа деңгейге көтерілу» деп елестетсек, жылдар өте келе бойыңда қандай қасиеттер ерекше дамыды?
Жас ұлғайған сайын адамның өзін және айналасын тереңірек түсінетін саналылық деңгейі артады. Бойыңда ішкі сабырлылық пен ой айқындығы пайда болады. Бірақ бұл тек денсаулыққа – жүйке жүйесіне, гормоналдық тепе-ңдікке және ағзаның жалпы күйіне ұқыпты қараған жағдайда ғана мүмкін болады.
Қазіргі әлемге әйелдер қандай маңызды қасиет немесе құндылық әкеле алар еді? Бүгінде не нәрсе жетіспейді?
Бүгінгі әлемге байсалдылық пен үнемі баға бермей-ақ, сол сәтте өмір сүре білу қабілеті жетіспейді. Сондай-ақ үнемі бөлініп, қақтығысуға емес, керісінше, бірігуге ұмтылу қасиеті өте маңызды.
Егер сен Қазақстанның әрбір әйелін бір ғана нәрсемен күшейтіп, бойына жігер бере алсаң – ол не болар еді?
Мен оларды барлық сұрақтардың жауабын сырттан іздеуді доғарып, өз-өзіне көбірек құлақ түруге шақырар едім. Өйткені адамның ішкі бағдарлары сыртқы күткен үміттерден әлдеқайда сенімдірек болады.
