8-наурыз мерекесіне орай Tatler Kazakhstan ұсынған «Әйелдер ортасы» арнайы жобасы – Қазақстанның бес жарқын әйелінің өзара еркін пікір алмасқан оңаша сұхбаты. Мұнда әр түрлі салада жүрген, жасы мен өмірлік тәжірибесі әрқилы кейіпкерлер журналистердің қатысуынсыз-ақ бір-біріне толғандырған сұрақтарын қойып, спорт пен музыканың, медицина мен IT саласының, тіпті сән әлемінің басын қосатын ерекше форматта сыр шертіседі.
Төменде Pink Label негізін қалаушы әрі Laureate Grand Cafe құрылтайшысы Айнұр Ахметованың альпинист Анар Бұрашеваға қойған сұрақтары берілген. Анар – әлемнің барлық құрлығындағы ең биік жеті шыңын бағындырған Қазақстаннан, жалпы Орталық Азиядан шыққан тұңғыш әйел.
Егер сенің өмірің туралы кино түсірілсе, басты рөлді қай актриса сомдар еді?
Қазақстандық актрисалардан Айсұлу Әзімбаеваны таңдар едім. Екеуміздің мінезімізде де, өмір салтымызда да ұқсастықтар жетерлік. Ол да жүгірумен айналысқан, тіпті екеумізді бір бапкер жаттықтырған, оның үстіне Хан Тәңіріне экспедицияға да барып қайтқан! Оның бойынан альпинизмге қажетті сол бір ішкі қуатты көремін. Ал Голливудқа келер болсақ, әрине, Шарлиз Терон. Ол өз рөлдерінде рух мықтылығы мен ішкі жігерді сыртқы нәзіктікпен тамаша ұштастыра біледі.
Егер альпинизмді немесе жалпы спортты таңдамағанда, немен айналысар едің?
Қалай болғанда да, қозғалыс пен терең мағынасы бар саладан өзімді іздер едім. Бәлкім, бұл ағартушылық жұмыс немесе табиғат пен экологияға қатысты жобалар болар ма еді.
Өмірде үлгі тұтатын әйел адамың бар ма?
Нақты бір адамды айта алмаймын, бірақ мені шабыттандырып, тамсандыратын тұлғалар бар. Мысалы, Алина Пекова – биіктігі сегіз мың метрден асатын 14 шыңның бәрін бағындыру жобасын сәтті аяқтаған Ресейден шыққан алғашқы адам. Сондай-ақ, өз әпкеме қатты сүйсінемін – ол өте еңбекқор және үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Жетістіктеріңді ер адамдармен жиі салыстыра ма? Неліктен әйелдердің табысы тек ерлермен салыстырғанда ғана салмақты қабылданады?
Өте жиі, өйткені альпинизм әлі күнге дейін тек ерлерге тән спорт саналады. Бұл жерде физикалық күштен бұрын кәсіби дағды мен төзімділік маңыздырақ, сондықтан бұл спортта гендерлік бөлініс жоқ – Тауға сенің ер немесе әйел екенің бәрібір.
Экстремалды спортпен айналыса бастағаныңда айналаңдағылардың реакциясы қандай болды?
Менің айналамдағы жандардың көбі – жүгірушілер, альпинистер, қысқасы, спортқа жақын жандар. Олардан үнемі құрмет пен қолдауды сезінемін. Әрине, Эвересттен оралғанда «қазан-ошақ басында отырмай ма», «бала таппай ма» немесе «неге өмірін қатерге тігеді» деген пікірлерді де оқыдым. Бірақ, қолдау білдіретіндерге қарағанда ондай адамдардың қарасы әлдеқайда аз.
Сатып алғаныңа қатты өкінетін ең қымбат затың қандай? Жабдықтарың емес пе?
Жоқ, себебі мен кез келген нәрсені, әсіресе тау жабдықтарын өте саналы түрде сатып аламын. Жабдық ешқашан артық болмайды: бірі тез тозады, екіншісі жоғалады. Дегенмен... робот-шаңсорғышты алғаныма шынымен өкіндім. Бәрін өзі реттейді деп ойлап ем, бірақ іс жүзінде оған жол ашып беру үшін алдымен өзің бәрін жинап шығуың керек екен.
Сенің басты «guilty pleasure» рахатың қандай?
Coca-Cola! Негізі рационымда зиянды сусындарды мейлінше азайтқым келеді, бірақ тауда шыңды бағындырып қайтқаннан кейін бір құты суық коланы сіміруден асқан ләззат жоқ. Оның өзінде қантсыз емес, кәдімгі нағыз кола болғаны қандай жақсы.
Бүгінгі таңда әйелдер қауымдастығының маңызы қаншалықты? Ол саған не береді?
Мұндай орталар бір-біріне деген жанашырлықты, қолдау мен көмекті сезіндіреді. Өз ортаңда сырлас әйелдердің болуы өте маңызды. Оның міндетті түрде ресми ұйым болуы шарт емес – ол сенің жүгіру тобың немесе жұмыстағы әріптестерің болуы мүмкін. Сені басқа әйелден артық ешкім де түсіне алмайды.
Қазір қоғамда әйелдерге қатысты қандай мифті жою керек деп ойлайсың?
«Әйелдің әлсіздігі» немесе біз үнемі нәзіктік пен күш-жігердің бірін ғана таңдауымыз керек деген түсінікті жою керек. Біз ішкі тепе-теңдікті сақтап, бойымызда түрлі қасиеттерді ұштастыра аламыз. Мен үнемі тауда жүргендіктен, сондағы мықты әйелдерді көп көремін. Егер басқалар да оларды менің көзіммен көрсе, ешқашан олай ойламас еді.
Дәл қазір әйелдер әлемді неге үйрете алады?
Жанашырлыққа. Бізді, әйелдерді айқындайтын басты қасиет – осы сезім. Біз әрқашан көмектесуге, қорғауға ұмтыламыз. Әлемдегі қазіргідей мазасыз жағдайда бұл қасиет сәл тасада қалып қойғандай.
Алдында отырған 15 жасар қызға оның осы өмірдегі рөлі туралы не айтар едің?
Мен оған қателіктерді апат ретінде қабылдамау керектігін айтар едім. Оның бәрі – сенің баға жетпес тәжірибең. Сонымен қатар, армандаудан және жаңа нәрсені байқап көруден қорықпауын ескертер едім. Өйткені сені биікке жетелейтін – дәл сол армандарың.
