Power & Purpose|Front & Female

Өз ережесімен ойнау: Софья Тасмағамбетова театр, отбасы және өзің болып қалу еркіндігі туралы

АвторыМария Подгорбунская
13.10.2026
Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
IMAGE Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
Сценограф әрі киім суретшісі Софья Тасмағамбетова Tatler Kazakhstan басылымына Чечилия Бартолимен бірлескен жобасы, театрдағы он бес жылдық белесі, ұлттық эстетика және неліктен бұдан былай өзгелердің үдесінен шығуға тырыспайтыны туралы сыр шертті

Театр маусымы басталып та кетті. Қазір қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз және олардың арасында сізге ерекше шабыт сыйлайтын немесе үйреншікті кәсіби шеңберден шығуға итермелейтіндері бар ма?

Жақында ғана Монте-Карло опера театрына арналған «Орфей мен Эвридика» операсының түсірілімін аяқтадық. Бұл – Глюк операсының желісі бойынша студияда түсірілген музыкалық фильм. Орфейдің партиясын Монте-Карло операсының көркемдік жетекшісі, әйгілі Чечилия Бартоли орындайды, ал костюмдер үшін тікелей мен жауап беремін.

Кино саласында бұрын-соңды жұмыс істеп көрмегендіктен, бұл мен үшін мүлдем жаңа формат болды. Сценография мен костюм тұрғысынан алғанда театр мен киноның арасы жер мен көктей. Театрда біз көрерменнен жиырма метрдей қашықтықта жұмыс істесек, кинода ірі пландар бар, камера бәрін мүлдем басқаша көреді. Мұнда фактура, түс пен жарықты мүлдем өзгеше реттеуге тура келеді. Сахнада театр жарығымен құлпырып тұратын түстер кинода мүлдем басқаша көрінеді.

«Орфей мен Эвридикадан» кейін мені тағы бірнеше жоба күтіп тұр: келер жылдың қаңтарында Кальяридағы «Дон Карлос» және Сиракуздағы антикалық театрда сахналанатын «Құстар» пьесасы.

Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
IMAGE Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов

Бір сұхбатыңызда театрда ұзақ қаламын деп ойламағаныңызды айтқан едіңіз, бірақ айналып келгенде мұнда он бес жылдай тұрақтап қалдыңыз. Театр сізге кескіндеме немесе дизайннан таба алмаған қандай дүниені берді?

Өмірімнің өнермен тығыз байланысты болатынын іштей әрдайым сезінетінмін. Бала күнімде сурет салуға қатты әуес болғандықтан, ата-анам мені көркемсурет мектебіне берді. Лондондағы оқуымнан кейін Қазақстанға оралып, Жүргенов академиясына түстім. Алайда бір сәтте бұл кеңістік маған тарлық ете бастады да, өзімді театрда – суретші әрі сценограф ретінде сынап көруге тәуекел еттім. Айтпақшы, бұл идеяны әпкем Әсел ұсынған болатын, оған Франко Дзеффиреллидің өмірбаяны қатты әсер етіпті. Сол кезде мен де: «Неге байқап көрмеске?» деп ойладым. Көптеген ұлы суретшілердің жолы дәл осы театрдан басталған емес пе: Дягилевтің балеттерін безендірген Лев Бакст, Александр Бенуа, Николай Рерих, Пабло Пикассоларды алсаңыз да жеткілікті.

Оның үстіне, өз өмірімді музыкасыз мүлде елестете алмаймын – дәл осы музыка арқылы біз ең терең ойлар мен сезімдерді жеткізе аламыз. Кескіндемеде бұл үшін бояулар бар. Ал театр болса осының бәрінің: музыканың, кескіндеменің және сәулет өнерінің басын бір арнаға тоғыстырды. Музыка негізгі ырғақты берсе, сахна оның табиғи жалғасына айналып кете барады. Мен үшін ол – ойдың көзге көрінбейтін сәулеті іспеттес.

Театр – бәріне жан бітетін мүлдем басқа әлем. Нағыз сиқыр дерсіз. Бірде оркестр репетициясы кезінде өз орнымды тапқанымды сезініп, бойымды ерекше қуаныш кернегені әлі есімде.

Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
IMAGE Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов

Сіздің жүріп өткен жолыңыз өте ерекше: Лондон, архитектуралық дизайн, ағылшын бюросындағы жұмыс, одан кейін Алматы және академиялық көркемсурет білімі. Бұл өз тамырыңызға қайта оралу ма, әлде бәрін өз ережеңізбен жаңадан бастауға жасалған талпыныс па?

Бәлкім, екеуі де шығар. Бастапқыда Петербургтегі Көркемсурет академиясында станокты кескіндеме бағытында оқығым келгенімен, ата-анам Англиядағы білім әлдеқайда көбірек мүмкіндік береді деген тоқтамға келді. Сөйтіп, Chelsea College of Arts-ты Fine Arts мамандығы бойынша бітіріп, кейін Мидлсекс университетінде архитектуралық дизайнды меңгердім. Лондондағы архитектуралық бюрода бір жылдай еңбек еттім. Жұмыс ұнағанымен, кескіндемеге деген ішкі іңкәрлік бәрібір мені Жүргенов академиясына алып келді.

Архитектура мен дизайндағы сол тәжірибенің маған қаншалықты көмектескенін қазір ғана ұғынып отырмын. Ол маған кеңістікті, перспективаны, түсті сезінуді және пропорцияларды түсінуді үйретті. Театрда да, кескіндемедегі сияқты, сахна – кәдімгі кенеп. Тек кескіндемеде мен әлемді жасаймын да, оны сол қалпында, қозғалыссыз қалдырамын. Ал театрда мен адам кіретін тірі әлемді тұрғызамын. Ол актермен бірге өмір сүріп, қозғалып, құбыла бастайды. Бұл жерде тек образ ойлап табу емес, оның қалай өмір сүретінін көре білу өте маңызды.

Сіздің мамандығыңыз өнер мен өндірістің қиылысында өмір сүреді десек болады: алдымен суретшінің қиялында образ туады, сосын оны бюджет пен белгіленген мерзімге сыйдыра отырып, ондаған адамның күшімен жүзеге асыру қажет. Сіз көбіне интуицияға сүйенетін адамсыз ба, әлде бәрін бақылауда ұстағыңыз келе ме? Және қиялыңыздағы сурет шынайы өмірмен қабыспай қалғанда не болады?

Біздің кәсіпте бақылаусыз жұмыс істеу мүлде мүмкін емес. Шығармашылық адамдары тәртіпке бағынбайды, жинақы емес, үнемі қиял әлемінде қалықтап жүреді деген стереотип бар. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды.

Жұмысқа кіріскенде, либретто мен музыканы мұқият зерттеп алған соң, режиссермен бірлесіп ортақ визуалды концепция жасаймыз, бюджетті бекітеміз – бұл, былайша айтқанда, техникалық тапсырманың негізі. Одан әрі сахналық кеңістік жобаланып, сызбалар әзірленеді, макеттер мен декорациялардың іргетасы қаланып, костюмдердің мұқият ойластырылған эскиздері дүниеге келеді. Әрине, идея мен оның жүзеге асуының арасы – өте ұзақ жол, ал күткеніңіз бен шынайы нәтиже үнемі сәйкес келе бермейді. Кейде бәрі жоспардағыдай болмай, бастапқы идея саусақ арасынан сусып кетіп жатады. Уайымдайсың, қайта жасайсың, түзетесің. Бірақ уақыт өте келе бұған сабырмен қарауды үйрендім. Мен «өзім осылай көремін, бітті» дейтін суретшілердің қатарынан емеспін. Театр – үлкен команданың үйлесімді жұмысы, және дәл осы синергиядан ғажап дүниелер туады.

Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
IMAGE Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов

Сіз өзіңізге дейін композитор, драматург және режиссер ойлап тапқан кейіпкерге костюм тігесіз. Режиссер немесе театр келіспесе де, өзіңіз ешқашан өзгертуге жол бермейтін дүниелер бар ма?

Бәрі жобаға байланысты. Әдетте музыкалық материал, либретто және режиссердің түпкі ойы дайын тұрады. Олар ортақ бағытты сілтеп, шығармашылық процесті айқындап береді. Бірақ осы шеңбердің ішінде мен үшін үнемі жаңаны іздеу процесі жүріп жатады – мен кәсіби тұрғыда дәл осылай өсемін. Менің басты принципім: форма жағынан ымыраға келуге болады, бірақ мағынаны бұзуға жол жоқ.

Жалпы, театр – авторлық қырсықтық көрсететін орын емес, біз жекелеген туынды емес, ортақ әлем жасаймыз. Сонымен қатар, ортақ ынтымақтастық дегеніміз – өз ұстанымыңнан толықтай бас тарту деген сөз емес. Мен образдың ішкі логикасын әрқашан табандылықпен қорғайтын боламын.

Егер ұсынылған өзгеріс кейіпкердің мінезін және оның спектакльдегі жолын бұзатын болса – мен үшін принципті әңгіме басталады. Өйткені костюм басты кейіпкердің табиғатына сай келуі керек, ал оны тігу процесі бюджетке және белгіленген мерзімге сыюы шарт.

Сіз тегіңіздің өзі қоғамдық кеңістіктің бір бөлігіне айналған отбасында өстіңіз. Қай кезде өз есіміңізді қалыптастыру маңызды екенін сезіндіңіз? Және жалпы кәсіби тағдырыңызды отбасы тағдырынан бөліп қарастыруға қаншалықты ұмтылдыңыз?

Менде ондай ниет мүлдем болған жоқ. Бала кезден өнер мен музыканы жақсы көрдім, бұл мені қазіргі айналысып жүрген ісіме біртіндеп, табиғи түрде алып келді. Бұл әлдекімге бірдеңе дәлелдеу немесе біреуден бөліну талпынысы емес-тін. Тек сұлулыққа ішкі құштарлық менің мамандығымды өздігінен қалыптастырды. Ата-анам да мені әрдайым қолдап отырды. Олар театрмен немесе кескіндемемен байланысты болмаса да, өнерді жақсы көреді, бағалай біледі. Анам классикалық музыканы жанындай сүйеді, фортепианода ойнайды – бұл біздің ортақ қызығушылығымыз. Ал театрға шынымен де әпкемнің ақыл-кеңесімен келдім. Сондықтан, белгілі бір мағынада, отбасым менің кәсіби жолыма әсер етті – тек көпшілік елестететіндей форматта емес.

Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
IMAGE Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов

Кезекті бір сұхбатыңызда танымал тегіңіз жетістікке жетуге көмектеседі деген пікірлердің жаныңызға бататынын айтып едіңіз. Басқаларға қарағанда сіздің қателігіңізді оңай кешіре салмайтынын түсінгендіктен, екі есе көп еңбектенуге тура келген кездер болды ма?

Әрине, кез келген адам сияқты, мұндай сөздер жаныма батады. Әркімнің өз стереотипі, сенімі мен пікірі бар екенін жақсы түсінемін. Бірақ кейде, әсіресе негізсіз айтылған пікірлер көңілге қаяу түсіреді. Қателікті бәрі жасайды. Маған басқалардан кем кешіреді деп ойламаймын. Керісінше, ұзақ уақыт бойы өзіме қателесуге құқық бермей келдім – өзгелердің қате пікірін растап қоюдан қорықтым. Өзіме тым қатал болдым, босаңсуға жол бермедім.

Ал кейін жұмысты мен үшін ешкім істеп бермейтінін түсіндім. Қазір тек сүйікті ісіммен айналысып жатырмын және ешкімге ештеңе дәлелдеуді мақсат тұтпаймын, өйткені өз мамандығым өзіме орасан зор ләззат сыйлайды.

Әрбір спектакльдің артында орасан зор еңбек жатыр, ал оның басым бөлігі сырт көзге байқала бермейді. Тәулік бойы бір сәт те тыным таппайсың – үнемі ой үстінде, жаңа идеялардың жетегінде, басыңда толассыз музыка ойнап тұрады. Мұны бәрі бірдей түсіне бермес, бірақ шындығы осы.

Қателікті бәрі жасайды. Маған басқалардан кем кешіреді деп ойламаймын. Керісінше, ұзақ уақыт бойы өзіме қателесуге құқық бермей келдім – өзгелердің қате пікірін растап қоюдан қорықтым.

Әпкеңіз Әсел Тасмағамбетова білім беру және экология мәселелерімен белсенді айналысады. Бір кезде екеуіңіздің кәсіби әлемдеріңізді тоғыстырып, бірлескен жоба жасау ойыңызға келмеді ме?

Бірлескен жобамыз бар деуге болады, дәлірек айтсам, мен оның «Шоқан» мектебінде сабақ беремін. Қатарынан төртінші жыл жоғары сынып оқушыларына AP Art – өнер бойынша тереңдетілген курс жүргіземін, онда біз портфолио жинап, оқуға түсуге дайындаламыз. Кейін оқушылардың дені архитектураға, өнеркәсіптік және интерьерлік дизайнға, визуалды өнермен байланысты басқа да бағыттарға кетеді. Маған бұл буынмен жұмыс істеу өте қызық. Олардың өнерге де, технологияға да көзқарасы мүлдем басқа – солардың арқасында бүгінгі жастардың қалай ойлайтынын жақсырақ түсіне бастадым.

Сіз қазақтың ұлттық материалымен көп жұмыс істейсіз. Бүгінгі таңда ұлттық эстетика сіз үшін нені білдіреді? Ұлттық тақырыпта жұмыс істегенде қорқатын тұстарыңыз бар ма?

Ұлттық жобалар – ең күрделісі. Бұл біздің болмысымыз, біз бірге өмір сүріп, өсіп келе жатқан тамырымыз, өз мәдениетіміз. Және әркім оны өзінше көреді де, тек өз танымын ғана дұрыс деп санайды. Сондықтан мұндай жобалар үнемі сынның астында қалады. Ұлттық материалды тура мағынасында үлкейтіп қарайтындар көп: «мына ою ондай емес», «ал XVIII ғасырда бұл аймақтың таулары басқаша көрінетін» деген сияқты.

Бірақ театр – деректі кино немесе музей экспонаты емес, ол ең алдымен көрерменнің эмоциясына әсер етуге жұмыс істейді. Біз деректі киногер емеспіз, біз суретшіміз, сценографпыз. Мен үшін ұлттық эстетика – жай ғана ою-өрнек, костюм немесе танымал кодтардың жиынтығы емес. Бұл одан әлдеқайда терең қатпар: әлемді көру тәсілі, өлшемді, түсті, кеңістікті сезіну, табиғатқа және тарихи жадыға көзқарас. Мұның бәрін мәдениет біз ұғына бастағанға дейін-ақ бойымызға сіңіріп қойған.

Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов
IMAGE Софья Тасмағамбетова | Фотосуретші: Мирас Баянов

Бәрінен бұрын үстірттіктен қорқамын: ұлттық дүние тек сәндік тәсілге, стилизация үшін жасалған жасандылыққа айналып кетпесе екен деймін. Мен үшін материалдың тереңдігі мен қадір-қасиетін сақтап қалу маңызды, бірақ сонымен бірге дәстүрге музей экспонаты ретінде қарамау қажет. Суретшінің интерпретация жасауға толық құқығы болуы шарт, әйтпесе өнер дамуын тоқтатады.

Мамыр айында Astana Opera театрында «Аппақ – қыпшақ қызы» операсының премьерасы өтті. Бұл біз бір жылдан астам уақыт бойы тізе қосып еңбек еткен орасан зор, шынымен де алып жоба болды. Костюмдер, реквизиттер мен декорациялардың саны бойынша барлық рекордты жаңартқан шығармыз. Дәл осы себепті де мұндай қойылымдарға ерекше жауапкершілікпен қараймын.

Театр – деректі кино немесе музей экспонаты емес. Ол көрерменге әсер ету үшін жасалады.

Сіз – суретші, сәулетші, сценографсыз, 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атандыңыз. Бірақ барлық атақ-дәрежеңізді алып тастасақ, өзіңізді қалай сипаттар едіңіз? Софья Тасмағамбетова деген кім өзі?

Өзімді тек бір мамандық аясына сыйдыра алмаймын. Мен, керісінше, визуалды ойлайтын адаммын, ал театр – қиялдағы сол ойдың нақты пішінге ие болатын кеңістігі. Маған жаңа дүниелер жасау ерекше ұнайды – негізінен мен көргенімді көркем образға айналдыратын бақылаушымын.