Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Линлин Квон өнер жолын енді бастаған жас актриса болатын, ал бүгінде оның есімі Тайландтың шекарасынан әлдеқашан асып кеткен. Ол танымал сериалдарға түсіп, Париж сән апталығында жарқырап, халықаралық брендтермен тығыз жұмыс істеп жүр. Ал 2026 жылы бұл жарқын тізімге оқырмандардың дауыс беру қорытындысы бойынша The Netizens Choice Magazine басылымы табыстаған «әлемнің ең сұлу әйелі» деген мәртебелі атақ келіп қосылды.
Линлин Гонконгта, қытай мен тай отбасында дүниеге келген. 17 жасында Тайландқа қоныс аударып, сонда оқуын жалғастырды әрі ойын-сауық индустриясында бағын сынай бастады. Сұлулық байқаулары алғашқы баспалдақ болса, одан кейін түсірілімдер мен алғашқы актерлік рөлдері тізбектеліп кете барды. Тегі мен түрлі елдердегі өмірінің арқасында Квон төрт тілде: тай, кантон, мандарин және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.

2024 жыл оның карьерасындағы нағыз бұрылыс сәтіне айналды: экранға The Secret of Us («Біздің құпиямыз») сериалы шықты. Екі әйелдің қарым-қатынасынан сыр шертетін бұл романтикалық драма көп ұзамай-ақ көрермен жүрегінен жол тауып, Линлин тек Тайландта ғана емес, бүкіл Азия көрермендерінің ықыласына бөленді. Жобаның орасан зор табысы оған халықаралық аудиторияға жол ашты.
Актерлік жолымен қатар Квон сән индустриясында да өзін өте сенімді сезініп келеді. Оны Париждегі көрсетілімдерден және люкс брендтердің іс-шараларынан жиі көруге болады. Сонымен қатар, оның стиліне қызығушылық экрандағы образдарынан әлдеқашан асып түскен: актрисаның қызыл кілемдегі және сән әлеміндегі әрбір қадамын түрлі елдердегі жанкүйерлері қалт жібермей бақылап отырады.
The Netizens Choice Magazine атағы Линлин Квонға назар аударуға тағы бір себеп болды. Алайда жұрттың оған деген қызығушылығы тек сыртқы келбетімен шектелмейтіні баяғыда-ақ дәлелденген. Жас болса да, актриса халықаралық аудитория жинап үлгерді және Тайландтың ойын-сауық индустриясындағы ең жарқын жаңа есімдердің біріне айналды. Оның ықпалы біртіндеп сән әлеміне де тамыр жайып келеді.
Гонконг пен Тайланд арасындағы балалық шақ
Линлин Квон 1995 жылы сол кезде британдық басқаруда болған Гонконгта дүниеге келген. Жасөспірім шағында ол Тайландқа қоныс аударды. Линлин бала кезінен қытай және тай мәдениеттерінің тоғысқан ортасында өсіп, бүгінде төрт тілде: тай, кантон, мандарин және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Өмірін ойын-сауық индустриясымен байланыстырмас бұрын, Кхонкэн университетін «Туризм менеджменті» мамандығы бойынша бітірген. Осындай мультимәдени тәрбие мен білім оған Азияның бірнеше елінен өз аудиториясын табуға үлкен септігін тигізді.
Мансабындағы алғашқы қадамдар
Актриса атанбас бұрын, Линлин Квон Тайландтағы түрлі сұлулық байқауларында бағын сынаған еді. 2018 жылы ол Miss Khao Suan Kwang байқауында жеңіске жетсе, Miss Khon Kaen додасында «Мисс Фотогеникалық» атағын жеңіп алды. Дәл осы кезде Линлин алғаш рет жергілікті БАҚ-тың назарына ілігіп, көпшілік алдында өнер көрсетудің алғашқы тәжірибесін жинақтады. Бұл дағды кейіннен оның модельдік карьерасы мен брендтермен серіктестігіне үлкен көмектесті.
Әлемдік танымалдылық
Линлин Квон актерлік жолын телевизиялық жобалардағы шағын рөлдерден бастап, біртіндеп анағұрлым ауқымды жұмыстарға ауысты. 2024 жылы жарық көрген The Secret of Us драмасындағы доктор Фаладаның рөлі нағыз серпіліс болып, оның есімін Тайландтың шекарасынан әлдеқайда алысқа танытты. Сериал әсіресе әйелдер арасындағы романтикалық қарым-қатынасқа құрылған GL (girls’ love) жанрының жанкүйерлері арасында ерекше танымал болды. 2025 жылы Линлин Netflix-тің Only You романтикалық экшн-сериалында басты рөлді сомдап, өз жетістігін одан әрі бекіте түсті. Мұнда оның серіктесі қайтадан Орм Корннапхат болды.
Өзінің лайфстайл-бренді
2024 жылы Линлин Квон заманауи киімдер мен аксессуарларға маманданған Always Wonder атты жеке лайфстайл-брендін таныстырды. Бұл жоба актриса үшін кәсіпкерліктегі алғашқы салмақты қадам әрі өз шығармашылық амбицияларын түсірілім алаңынан тыс жерде жүзеге асырудың таптырмас мүмкіндігіне айналды. Always Wonder арқылы Линлин жанкүйерлерімен одан сайын жақындасып, жеке танымалдылығын дербес бизнеске ұластыра білді.
Жоғары сән әлеміндегі ықпалы
Линлин Квонды жетекші сән үйлерінің, соның ішінде Париж сән апталығы көрсетілімдерінің алдыңғы қатарларынан жиі көруге болады. Оның әрбір шығуы стритстайл-фотографтар мен сән басылымдарының назарын өзіне аудармай қоймайды. Актриса өзінің күнделікті гардеробында классика мен өзекті трендтерді шебер ұштастыра отырып, жинақы силуэттер мен көзге бірден түсетін айшықты бөлшектерге басымдық береді.
Dior-дың жаһандық амбассадоры
2025 жылдың соңында Линлин Квон Dior отбасына жаһандық амбассадор ретінде қосылды. Қазір актриса сән үйінің көрсетілімдерінде үнемі бой көрсетіп, жарнамалық науқандарға қатысады және әлемнің түкпір-түкпіріндегі іс-шараларына барады. Линлин үшін Dior-мен серіктестік карьерасындағы жаңа белес болып, киноиндустриядан тыс үлкен мүмкіндіктердің есігін айқара ашты.
Әлемнің ең сұлу әйелі
2026 жылы тай актрисасы Сирилак Линлин Квон The Netizens Choice Magazine рейтингінің бірден екі номинациясында жеңіске жетті. Осылайша ол «Әлемнің ең сұлу әйелі – 2026» және «2026 жылдың Тайландтың ең сұлу актрисасы» деген қос бірдей титулды қанжығасына байлады. The Secret of Us (2024) және Only You (2025) сериалдарының танымалдылығы Линлинге орасан зор халықаралық қолдау әкелді. Жаһандық дауыс беруде актриса 22 миллионнан астам дауыс жинап, 2025 жылғы жеңімпаз – түрік актрисасы Сыла Тюркоғлуны басып озды. Ал тағы 10 миллионнан астам дауыс оған биыл рейтингте алғаш рет пайда болған жаңа ұлттық санатта жеңіс сыйлады.

