Lifestyle|Wellbeing

«Осодзи» дегеніміз не? Үй мен ойды ретке келтіретін жапондық жаңажылдық дәстүр

Автор Лилия Шабутдинова
25.11.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images

Көне ғұрып мереке қарсаңында жан тыныштығын табуға көмектеседі

Егер Жаңа жыл алдындағы қарбалас қажытып, бойыңызды күйзеліс билесе, сабаға түсудің қарапайым жолы бар. Бұл әдіс баспанаңызды ғана емес, ішкі әлеміңізді де ретке келтіруге септігін тигізеді. Жапонияда желтоқсан айының соңында «осодзи» деп аталатын дәстүрлі тазалық шарасын өткізу дәстүрге айналған. «Тазалық» деген сөз құлаққа түрпідей тиюі мүмкін, бірақ жапонша тазалықтың жөні мүлде бөлек.

Әр жылдың желтоқсан айында жапон телеарналары тазалық құралдарын жарыса жарнамалап, әлеуметтік желілер үйді реттеудің түрлі тәсілдеріне толып кетеді. Бүкіл елдегі отбасылар бір мезетте «осодзиге», яғни ауқымды жаппай тазалауға кіріседі. Мұндағы басты мақсат – үйдің әрбір бұрышын мінсіз тазалыққа жеткізу. Бір қарағанда, бұл бізге таныс көктемгі «сенбілікке» немесе үйді ай сайынғы толық тазалауға ұқсауы мүмкін. Алайда «осодзидің» өзіндік ерекшелігі бар: бұл жай ғана ескі-құсқыдан арылып, шаң сүрту емес. Бұл – өткен жылды символдық түрде аяқтап, ескі есікті жабу ғұрпы. Жапондықтар осылайша адам өз өміріндегі жаңа кезеңге орын босатады деп сенеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – «Жаңа жылға – жаңа адам болып кіру» қағидасының өмірдегі көрінісі.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Мың жылдық тамыры бар дәстүр

«Жылдың ең қарбалас шағында мұндай қиын жұмыспен айналысудың қажеті қанша?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл дәстүрдің тамыры Хэйан дәуірінен (794–1185 жылдар) бастау алады. Тарихи жазбаларда адамдардың қаңтар басындағы жаңажылдық рәсімдер алдында еденді мұқият жуғаны айтылады. Сенім бойынша, үйден шыққан қоқыспен бірге зұлым рухтар мен жағымсыз энергетика да аласталады. Кейінірек, Эдо дәуірінде «сусухарай» немесе «күйе қагу» салты пайда болды. Ол 13 желтоқсанда өткізілетін. Бұл күні тіпті қазіргі Император сарайы орналасқан Эдо қамалында да (сёгун резиденциясында) тазалық жүргізілген. Уақыт өте келе бұл дәстүр барлық қоғам өкілдері арасында кеңінен таралып, бүгінгі «осодзиге» айналды.

Эдо дәуіріндегі Токионың еңбекші әйелдері (XVIII ғасыр): кір жуып отырған әйел, иінағашпен су тасыған қызметші, қолына щетка ұстаған көмекші және бала көтерген күтуші. Тойокунэ Утагаваның «Эхон Имайо Сугата» жинағынан алынған, қолмен боялған укиё-э гравюрасы | Getty Images
IMAGE Эдо дәуіріндегі Токионың еңбекші әйелдері (XVIII ғасыр): кір жуып отырған әйел, иінағашпен су тасыған қызметші, қолына щетка ұстаған көмекші және бала көтерген күтуші. Тойокунэ Утагаваның «Эхон Имайо Сугата» жинағынан алынған, қолмен боялған укиё-э гравюрасы | Getty Images

«Осодзи» ережелері: тазалықтан медитацияға дейін

«Осодзи» бастапқыда діни сипатқа ие болғанымен, бүгінде ол көбіне зайырлы жаңажылдық дәстүр ретінде қабылданады. Бұл – үй ішін жинау ғана емес, өмірдің қарыш-қадамын сәл бәсеңдетіп, өткен жылды ой елегінен өткізуге, мерекені таза әрі үйлесімді көңіл-күймен қарсы алуға берілген мүмкіндік.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Күйбең тірлікті байсалды, медитативті процеске айналдыратын арнайы ережелер бар:

  • Таза ауа. Тазалық жұмыстары терезені айқара ашудан басталады. Бұл бөлмені желдету үшін ғана емес, үйдің ішкі атмосферасы мен сыртқы әлемді символдық түрде байланыстыру үшін жасалады.
  • Шеңбер бойымен қозғалу. Бөлмені сағат тілінің бағытымен жинау керек. Толық бір шеңбер жасап, жұмысты бастаған нүктеде аяқтау қажет. Бұл ешбір жердің назардан тыс қалмауын қамтамасыз етіп, істің толық біткенін сезінуге көмектеседі.
  • Жоғарыдан төменге. Жұмыс ең биік нүктелерден басталады. Жеке үйде шатырдан немесе екінші қабаттан, ал пәтерде төбедегі шамдар мен жоғарғы сөрелерден бастаған жөн. Шаң төменге түседі, сол себепті еден ең соңында тазаланады.
  • Алыстан жақынға. Тазалықты ең түкпірдегі бөлмелерден бастап, біртіндеп шығаберіске қарай жылжыған дұрыс. Кіреберіс бөлме ең соңында жиналады. Мұндай бағыт тазаланған бөлмеге қайтадан шаң кіргізбеуге және іс-әрекеттің жүйелі болуына септігін тигізеді.
  • Сабыр мен саналылық. «Осодзи» асықпай, жағымсыз эмоциясыз өтуі тиіс. Дақтарды кетіру кезінде ашу-ызаға берілуге болмайды. Баяу қимылдап, тыныштықта немесе баяу музыка тыңдап жұмыс істеген абзал. Үйге жағымды хош иіс сыйлауға да болады.
Getty Images
IMAGE Getty Images

Кейде ми тынығу үшін телефонды шетке ысырып қойып, қара жұмыспен айналысудың өзі жеткілікті. Мұндай сәттерде тазалық жалықтыратын міндет емес, жан тыныштығын қалпына келтіретін емге айналады.