Жапондық философиялық тұжырымдамалар баяғыда-ақ өз елінің шекарасынан асып кеткен. Бүгінде ikigai туралы кітаптар жазылса, kaizen бизнесте белсенді қолданылып, ал wabi-sabi дизайндағы жеке бір бағытқа айналды. Дегенмен бұл әдемі сөздердің астарында ғасырлар бойы қалыптасқан өте прагматикалық идеялар жатыр. Tatler Asia осы қағидалардың жетеуін іріктеп, оларды жұмыс пен күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын талдап көрді.
Ikigai: өмірдің шын мәнін табу
Бұл ұғым iki (өмір) және gai (құндылық) сөздерінен құралып, «өмір сүруге тұрарлық дүние» деген мағынаны береді. Тұжырымдаманың басты идеясы – адамға қуаныш сыйлайтын, қабілетіне сай келетін және өміріне мән беретін істі табу. Ikigai-ді бір ғана тағдыршешті шешіммен табу міндетті емес, ол күнделікті жасалатын таңдаулар арқылы біртіндеп қалыптасатын тепе-теңдік.

Shoshin: үйреншікті дүниеге жаңа көзбен қарау
Дзэн-буддизмнен бастау алатын «жаңадан бастаушының санасы» ұғымы адам өзін сарапшы санайтын салада да үнемі ізденуге шақырады. Бұл идея Судзуки Сюнрюдің кітабы арқылы кеңінен танылды. Мұнда бұрынғы тәжірибе жоққа шығарылмайды. Керісінше shoshin жинаған біліміміздің жаңа сұрақтар қоюға, жаңалықты байқауға және үйреншікті әдістерді қайта қарауға кедергі болмауын ескертеді.

Kaizen: кішкентай қадамдармен даму
«Үздіксіз жетілдіру» деп аударылатын бұл қағида үлкен өзгерістердің кішкентай, бірақ тұрақты әрекеттерден басталатынын алға тартады. Соғыстан кейінгі Жапония өнеркәсібінде кең тараған бұл әдісті Toyota компаниясы бүкіл әлемге танытты. Kaizen радикалды реформалардың орнына уақыт өте келе айтарлықтай нәтиже беретін тұрақты, шағын өзгерістерді таңдауды ұсынады. Бүгінде бұл тәсіл бизнестен бөлек, білім алу мен пайдалы әдеттер қалыптастыруда да сәтті қолданылып жүр.

Ma: үзіліске орын қалдыру
Ma сөзі «кеңістік» немесе «аралық» дегенді білдіреді, бірақ жапон мәдениетінде бұл жай ғана бос кеңістік емес. Мұнда пауза оны қоршап тұрған басқа элементтер сияқты маңызды рөл атқарады. Бұл қағиданы жапон сәулетінен, каллиграфиясынан, музыкасы мен театрынан, тіпті шай рәсімінен де байқауға болады. Күнделікті өмірде ma бізге бір нәрсені еске салады: әрбір минутты бірдеңемен толтырып тастаудың қажеті жоқ. Күнтізбедегі бос уақыттың да, сөйлесу барысындағы үзілістің де өз құндылығы бар.

Wabi-sabi: мінсіздікке ұмтылмау
Бұл қағида сұлулықты мінсіздіктен емес, табиғилық пен уақыт ізінен көруге үйретеді. Wabi ұстамды қарапайымдылықты, ал sabi уақыт өте келе пайда болатын сұлулықты білдіреді. Сол себепті дәстүрлі жапон эстетикасында біркелкі емес пішіндер, тозған бөлшектер мен өз тарихы бар заттар жоғары бағаланады. Кеңірек алсақ, бұл қағида бір нәрсені ұқтырады: өмірдегі мінсіз емес дүниенің бәрін бірдей түзетудің қажеті жоқ.

Omoiyari: өзгелердің қажеттілігін байқау
Omoiyari – басқа адамның сезімі мен қажеттілігін ол сұрамай тұрып ескере білу қабілеті. Бұл ұғымның негізінде байқағыштық, эмпатия және жағдайды түсіне білу жатыр. Адам тікелей өтінішті күтпей-ақ, өзгенің көңіл күйін, жағдайын және ықтимал қолайсыздығын аңғарып, соған сай әрекет етеді.

Kintsugi: сызаттарды жасырмау
Бұл – сынған керамиканы лак және алтын, күміс немесе платина ұнтағы арқылы қалпына келтіретін дәстүрлі жапон өнері. Мұнда сызаттарды жасырмайды, керісінше оларды бұйымның жаңа бейнесінің бір бөлшегіне айналдырып, ерекшелеп көрсетеді. Муромати кезеңінде пайда болған бұл әдіс wabi-sabi эстетикасымен тығыз байланысты. Оның философиясы өте қарапайым: бастан өткен қиындықтарды жасыру міндетті емес, кейде дәл сол нәрсе адамды немесе затты қайталанбас етеді.

