Lifestyle|Wellbeing

Неке шарты неліктен ғашықтар үшін жаңа must-have-ке айналуда?

Автор Екатерина Бибекина
17.12.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images
Бүгінгі таңда елімізде неке шартын жасасу мәдениеті қандай деңгейде?

Осы айда жұрттың бәрі Райан Мерфидің басты рөлдерді Ким Кардашьян мен Сара Полсон сомдаған «All’s Fair» атты заңгерлік драмасын талқылап жатыр. Сюжет желісі Лос-Анджелестегі азулы заң кеңсесінің айналасында өрбиді: ондағы құрылтайшы әйелдер ажырасу кезінде қыз-келіншектердің мүддесін тіс-тырнағымен қорғап бағады.

Tatler мұрағаты
IMAGE Tatler мұрағаты

Осыдан біраз уақыт бұрын әлемдік жұлдыз Тейлор Свифт те сүйіктісінен неке қию туралы ұсыныс алған еді. Сол сәтте бүкіл интернет Тейлордың неке шартының неше жүз беттен тұратынын айтып шулай жөнелді. Мерфидің сценарийіне қарасақ, қазіргі бойжеткендердің «ең жақын достары» гауһар тастар емес, білікті адвокаттар сияқты көрінеді. Сонымен, неліктен қазіргі жұптар сезіммен қатар заңдық мәселелерге, әсіресе неке шартына соншалықты мән бере бастады? Келіңіздер, талдап көрейік.

Тейлор Свифт | Getty Images
IMAGE Тейлор Свифт | Getty Images

Жақында мен лондондық 29 жастағы қаржыгер жігітпен танысқан едім. Сөйтсем, ол бұрын үйленген екен. Біз ажырасу тақырыбында әңгіме қозғап, мен Дуа Липа мен Тейлор Свифттің «темірдей» берік неке шарттары туралы қалжыңдағанымда, ол өз басынан өткен қызық жағдайды айтып берді. Оның бұрынғы жары мәскеулік өте дәулетті отбасынан шыққан болып шықты. Үйлену туралы ұсыныс жасаған сәтте, жігіт қалыңдығының активтерін қорғау мәселесін өзі бірінші болып көтеріпті. Өйткені ол кезде жігіттің өзінде «ит арқасы қияда» ештеңе жоқ, тақыр кедей еді. Нағыз «Анора» фильмінің сюжеті, тек керісінше. Бойжеткен бұл ұсынысқа қолды бір сілтегенімен, жігіт неке қию рәсіміндегі қайын жұртының күдікті жүздерін ешқашан ұмытпайтынын айтады. Бақыттарына орай, ажырасуды жігіттің өзі қалағандықтан, ол бұл некеден немен келсе, сонымен-ақ шыға салды. Бірақ ол: «Егер неке шарты болғанда, ажырасу кезіндегі көптеген заңдық кедергілерден әлдеқайда оңай өтер едік», – деп, бұл құжатты кез келген жұпқа нық сеніммен ұсынатынын жеткізді. Онымен қарым-қатынасымыз бірнеше кездесуден әрі аспаса да, мен «пренап» (неке шарты) туралы байыппен ойлана бастадым.

Шынымды айтсам, мен үшін неке шарты әрқашан америкалық фильмдердегі бір абстракт дүние болатын. «Секс в большом городе» телехикаясындағы Шарлоттаның: «Мен миллионға лайықтымын!» деген атақты сөзі жадымда жатталып қалса да, оның астарында не жатқанын толық түсіне бермейтінмін. Бірақ бүгінде бұл мәселе тек Еуропада немесе АҚШ-та өскендерді ғана емес, қазақстандық жастарды да қатты толғандыра бастапты.

Ең алдымен, бұл – ерлі-зайыптылардың неке кезіндегі және ажырасқан жағдайдағы мүліктік құқықтарын реттейтін ресми келісімі. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл құжат барлық қаржылық мәселелерді алдын ала шешіп қоюға мүмкіндік береді: кім қандай шығындарға жауапты, үй, көлік немесе бизнес қалай бөлінеді? Мәселен, некеге дейін алған жылжымайтын мүлік еш бөліске түспей, иесінің атында қалатынын нақты жазып қоюға болады. Сондай-ақ, бұл құжат несиелер мен қарыздар үшін жауапкершілікті де шегелеп береді. Ал біздің елде қарыз мәселесіне келгенде қаншама дау-дамайдың туындайтынын бәріміз білеміз.

Tatler мұрағаты
IMAGE Tatler мұрағаты

2024 жылы Қазақстанда АХАТ (РАГС) органдары 123 600 некені тіркеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға көп. Ал неке шарттарын жасасу статистикасын Республикалық нотариаттық палата жүргізеді, себебі бұл келісім түрі міндетті түрде нотариалды куәландыруды талап етеді. Аумақтық палаталар мен БНОЖ (ЕНИС) ақпараттық жүйесі жинақтаған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы неке шарттары 2022 жылмен салыстырғанда 4%-ға көп жасалған. Нақтырақ айтсақ: 2023 жылы – 5 993 шарт, ал 2022 жылы – 5 781 шарт жасалды. Өсім аса үлкен болмаса да, тренд байқалады, демек, бұл концепт біздің қоғам үшін «таңсық» дүние болудан қалып барады.

Мамандар бұл үрдісті халықтың құқықтық сауаттылығынан бұрын, өмірлік қажеттілікпен байланыстырады. Мысалы, 15 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер, Kunekei Group консалтингтік компаниясының негізін қалаушы Күнекей Нұрланның айтуынша, бұған жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуі қатты әсер еткен. Қазақстандықтар өз иелігіндегі барлық мүлікті декларациялау қажеттілігіне тап болған сәтте, сол дүние-мүлікті бөлу мәселесі де өткір тұрды.

Бірақ қаржылық коуч ретінде Күнекей неке шартын тек дайын активтері барларға (әдеттегі мақсат – мүлікті қорғау) ғана емес, отбасын нөлден құрып жатқандарға да жасауға кеңес береді. Өйткені неке, егер оның романтикалық жағын ысырып қойсақ, заңдық саланың құрамдас бөлігі болып қала береді. Бақытымызға орай, онда көптеген жағдайларды алдын ала жазып қоюға болады. Мәселен, Күнекеймен әңгімелескенде ол бала туу және соған байланысты қаржылық, мансаптық және физикалық шығындар мен жоғалтулар сияқты маңызды сәтті көтерді. Әйел адам некеге тұру шарттарының бірі ретінде бала туғаны үшін өтемақыны және мансабы мен денсаулығын қалпына келтіруге кететін шығындарды белгілей алады. Менің бір жақын құрбым босанғаннан кейінгі күтім талаптарын ине-жібіне дейін егжей-тегжейлі жазып шықты. Оның толық тізімінде өзін қалпына келтіруге қажетті бала күтушілердің нақты саны, физиотерапевттер, нутрициологтар мен эстетистер қызметі де көрсетілген. Көптеген клиникалар мен курорттық орталықтар босанғаннан кейінгі оңалтуға (постматернити) баса назар аударатыны белгілі. Олай болса, мұны неге құжатта көрсетпеске?

Кинолардан опасыздық мәселесі қалайша қанды заңдық шайқастарға айналатынын жиі көрдік. Мұндай нәзік мәселелерді де мамандар құптайды. Шартта моральдық өтемақы шарттарын жазуға болады және жазу керек те. Білікті маман сіз үшін опасыздық деген не және оны қалай анықтайтыныңызды міндетті түрде сұрайды. Мұндай сәттерде «артық деталь» деген болмайды. Күнекей бір мысал келтірді: оның бір клиенті дәл осындай адюльтердің кесірінен ауыр ажырасу процесін бастан өткерген. Күйеуі өтемақы ретінде пәтер мен көлік – яғни классикалық «джентльмендік жиынтықты» ұсынған. Әйел бұл процесті тезірек жабу үшін келісуге дайын болған. Бәрі дұрыс-ақ сияқты, бірақ сол сәтте күйеуінің байлығы миллиардтаған теңгелік активтермен өлшенетін еді. Ал әйелі бұдан мүлдем бейхабар болған. Егер оның неке шарты болғанда, жалғыз пәтер мен көліктен әлдеқайда қомақты өтемақы алуына болар еді.

Дуа Липа | Getty Images
IMAGE Дуа Липа | Getty Images

Шартқа тағы не қосуға болады? Шын мәнінде, сіз үшін маңызды кез келген дүниені. Ата-аналық міндеттерді бөлу, қаржылық міндеттемелер, қызығушылықтар және тағы басқалар. «Неке шарты – бұл сіздің отбасыңыздың конституциясы», – дейді Privileged Few YouTube-арнасының негізін қалаушы Альбина Әлиева. Бойжеткен өзінің рилс видеосында неліктен жігітімен бірге неке шартын жасасуға шешім қабылдағандарын және оны қалай жүзеге асырғандарын егжей-тегжейлі айтып берді. «Біз өте ашық сөйлесіп, көптеген жұптар бір-біріне қоюға ұялатын сұрақтарды бірден талқыладық. Көбі бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп, «ылғи солай болады» деп болжам жасайды. Бірақ кейбір мәселелерді бір суға түспей тұрып, «жағада» ақылдасып алған дұрыс, – дейді Альбина. – Сондай-ақ, екеуміз де байлығы бізден бұрын құрылған отбасылардан шыққанбыз, сондықтан біз үшін тек өз мүддемізді емес, әулетіміздің мүддесін қорғау маңызды болды. Маған отбасыма бөтен адамды алып келмейтініме көз жеткізу маңызды еді».

Қазіргі цифрлық заманда «ықпал ету» және «актив» ұғымдары жылжымайтын мүліктен асып түсті. Күнекей Нұрлан ажырасу кезінде тіпті бірлесе жүргізген Instagram-аккаунтты бөлісе алмай қиналған танымал жұптардың болғанын айтады. Енді парақшаларды да мүлік ретінде қарастыру қажет. Альбина Әлиева болса өз шартына: «Ажырасқан жағдайда медиа кеңістікте бір-біріміз туралы жаман сөз айтпау» деген тармақ қосқан. Тіпті, «ажырасқаннан кейін балаларымыз жаңа серіктестерімізді «әке» немесе «ана» деп атай ала ма?» деген сұрақтың өзін алдын ала шешіп қоюға болады.

Неке шартына деген үрейді түсінуге болады. Бұл – екі адамның бір-біріне ең ашық сұрақтарды қоятын сынағы. Бірақ бұл қадамға «сенімсіздікпен» емес, бір-біріңізді жақсырақ танып, жаңа өмірге инвестиция немесе маңызды бизнес-жоба ретінде жауапкершілікпен қарау арқылы бару керек. Өйткені неке, шын мәнінде, өте маңызды әрі салмақты процесс.