Медитация тренері әрі Heartful Leadership Academy негізін қалаушы Рада Исламова ауыр қайғы мен күйзелістен кейін өмірге қалай қайта оралғанын баяндайды.
Бұл – алмағайып заманда йоганың жай ғана спорт емес, адамға өмірдің мәні мен ішкі тұрақтылығын қайтара алатын санаулы жүйелердің бірі екені туралы оқиға.
Тағдыр мені екі мәрте қатты сындырды. Алғашында жеке басымдағы ауыр қайғыдан соң, алдағы өмірімді қалай сүрерімді мүлдем білмей қалдым. Кейін, бизнестегі жоспарым іске аспай, толықтай күйзеліске ұшырадым да, барлық бағдарымнан айырылдым. Бүгін менен: «Осы екі ауыр кезеңнен өтуге не көмектесті?» деп сұраса, жауабым күтпеген жерден өте қарапайым болар еді: йога. Бірақ ол мен үшін жалаң физикалық жаттығу емес-тұғын.
Бірнеше жыл бұрын бәрі керемет сияқты еді: экспаттың қайнаған өмірі, карьерамдағы сұраныс және жеке Wonder Women жобам. Мен ол кезде стрессті амбицияның сөзсіз жанама әсері деп қана қабылдайтынмын. Жылына бір рет демалысқа шығу, қысқа саяхаттар немесе телефонсыз өткізген уикенд сияқты үйреншікті тәсілдердің күші таусылғанын байқамаппын да. Ағзамның берген дабылдарын елемей, бар жылдамдықпен алға ұмтыла беріппін. Бір күні бәрі күрт үзілді де түсті. Ағзам жәй ғана «жетер» деді.
Мен сезімге орын қалмаған, нағыз тозақтай күйзелістің ортасында қалдым. Қуаныш та, мағына да жоқ, тіпті өзімнің кім екенімді де ұмыттым. Тез емделіп шығамын деген үмітпен Үндістандағы ашрамға ұшып кеттім. 12 күннің ішінде жылдар бойы жиналған ауыр жүктен арыламын деп аңғалдық танытыппын. Шын мәнінде, бұл екі жарым жылға созылған ұзақ жолдың басы ғана екен.
Елге оралған соң қайтадан қайнаған іске кірістім. Мен «Ешь, молись, люби» фильмінің кейіпкері сияқты бәрін тастап, шынайы өмірден үзіліп кете алмадым. Мойнымда команда алдындағы міндеттемелер мен жан бітіруді талап ететін жобам тұрды. Оның үстіне, жылдам әдістердің жұмыс істемейтінін бұрыннан білетінмін. Жеті жыл бұрын жұмыстың қайнаған ырғағында жүріп отбасылық қайғыны еңсеру үшін неврологқа қаралғанмын. Алайда ол кезде дәрі-дәрмектер қорқынышты жанама әсерлер берді.
Сондықтан өзімді қатаң тәртіп арқылы қайта жинауға тура келді: ерте тұру, толыққанды ұйқы, йога және психологпен терең жұмыс. Бұл жүйе мені жалдамалы жұмыстан кәсіпкерлікке ауысқанға дейін жақсы ұстап тұрды. Бірақ жүктеме мен жауапкершілік еселеп артқанда, мен тағы да «шыдай алмайтын» шекке жетіп қалдым.

Дәл осы кезде йога маған мүлдем жаңа қырынан ашылды. Ол жай ғана кілемше үстіндегі жаттығу болудан қалып, мені тұтастай қайта құрайтын құралға айналды. Яғни, әдеттегі фитнес түсінігінен әлдеқайда кең, біртұтас өмірлік жүйеге ұласты.
Йога – тәннің, жанның және ақылдың үйлесімі. Мен осы іргетастан бастадым. Оның алғашқы екі сатысы – яма мен нияма – адамның қалай жаратылғанын түсініп, ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі. Қазіргі адамдардың көбі сияқты, менің де бойымдағы басты кернеу миымда еді. Оған дейін асана мен пранаяманы, дхарана (зейін қою) мен дхьянаны (медитация) жасап жүргенмін. Ендігі басты міндетім – осы шашыраңқы элементтерді бір жүйеге біріктіру болды. Өмірге деген махаббатты қайтарып, қиындықтарды жеңуге көмектесетін тұтас жүйе құру керек еді. Мұнда ешқандай күрделі концепциялар немесе күрт өзгерістер болған жоқ.


Менің жаңа өмір салтым күнделікті қарапайым әрекеттерден құралды: таңертең йога мен медитация, ал кешке Heartfulness әдісі бойынша тыныс алу жаттығулары мен ментальды тазару. Тіпті күнделікті рутинаның өзін практикаға айналдырдым: тамақ пісіру немесе үй жинау барысында телефонды шетке қойып, музыка немесе подкаст тыңдамай, «осында және қазір» күйіне оралуды үйрендім.
Нәтижесі көп күттірмеді. Ұйқым тынышталып, үрейім барынша төмендеді. Жұмыстағы күтпеген форс-мажорлар бұрынғыдай аяқтан шалмайды: қазір стресс жақындаса, сәл тыныс алып, медитация жасасам жеткілікті – барлық кернеу лезде тарқайды.

Күн өткен сайын жағдайым жақсара түсті. Йоганың біртұтас жүйе ретінде шынымен жұмыс істейтініне өз тәжірибем арқылы көз жеткіздім. Оны қазіргі қарбалас ырғаққа бейімдеу түк те қиын емес екен. Онда біз ойлайтындай қорқынышты немесе күрделі концепциялар жоқ. Бұл – ең алдымен, карьераға да, драйвқа да, көңіл көтеруге де орын табылатын, бірақ өзіңе деген саналы әрі ұқыпты көзқарасқа негізделген лайфстайл.
Біз сыртқы қысым мен кернеуге толы дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Мұндайда уақытша шешімдер мен бір реттік әдістер құтқара алмайды. Осы жүйеге шын ниетімен кірісіп, кейін оны тастап кеткен адамды әлі кездестірмедім. Керісінше, бұл жол адамды шынайы өмірден алшақтатпай, өзімен байланысын тереңдете түседі. Опра Уинфри, Дженнифер Лопес, Стинг, Новак Джокович сынды жұлдыздар мұнымен жылдар бойы айналысып келеді. Бірақ менің ең сүйікті мысалым – Стив Джобс. Ол йоганы өмір бойы зерттеп, өзімен қоштасуға келген әрбір адамға «Йогиннің автобиографиясы» кітабын сыйға тартқан. Бұл – оның соңғы әрі ең терең манифесі еді.

Қазір ойлап қарасам, сол дағдарыс мені толықтай жойып жібермепті, себебі ішкі тірегім одан әлдеқайда бұрын қалыптасқан екен. Оның негізінде өмір салтыма айналған йога жатты. Кейінірек мен одан да әрі кеттім: Үндістанда білім алып, халықаралық йога және медитация тренері атандым. Қазіргі басты тілегім – адамдарды осы жолға ғашық ету. Бұл жол күйзеліс пен депрессиядан шығуға, дүрбелең шабуылдары мен ұйқысыздықты жеңуге көмектеседі.
Әлем қазір қандай турбулентті кезеңнен өтіп жатқанын ескерсек, бізге йога көбірек қажет. Адамға бақытын қайтарып, кез келген сынаққа қарсы тұруға күш беретін нағыз жүйе дәл осы екеніне сенімдімін.
