Этикет туралы сөз болса, көз алдымызға бірден алқалы жиындар немесе ресми кездесулер келе қалады. Алайда адамның нағыз тәрбиесі мен ішкі мәдениеті жұрт алдында емес, өз шаңырағында, жақындарымен бірге отырған кешкі ас үстінде анық байқалып тұрады. Дәл осы сәтте біздің қасымыздағы адамның жанынан табыла алу, оған шын көңіл бөлу қабілетіміз таразыға түседі.
Жақында достарымның үйінде қонақта болдым. Отағасы – табысты банкир, отанасы – танымал галерея иесі әрі ресторатор. Кеш өте көңілді өтті: қызықты әңгімелер айтылып, дәмді ас ішілді. Бірақ менің есімде қалғаны ас мәзірі емес, үй иелерінің өздері үшін бекіткен бір ерекше ережесі болды. Олар: «дастарқан басында телефон қолданбаймыз», – деген талап қойыпты. Бұл әдепті қонақтардың да сақтағанын қалап отырады.

Кешкі ас – бұл жай ғана тамақтану емес, бұл – жан дүниелердің тоғысатын уақыты. Бұл сәтте адамдар экранға емес, бір-бірінің көзіне қарауы тиіс. Бір-біріне сұрақ қойып, дауыс ырғағына үңіліп, жанардан сезімді оқи білуі керек. Бұл – құрғақ хабарлама емес, ішкі қуат пен жан жылуы алмасатын сәт.
Өкінішке қарай, қазір адамдардың тірідей тілдесуі біртіндеп сұйылып бара жатқанын байқау қиын емес. Мысалы, жаңадан көңіл қосқан жас жұпты алайық. Олар дәмханада бір-біріне емес, жарқыраған экранға телміріп отырады. Бұрын басқаша болатын: ер адам кешкі ас үстінде «шұғыл шаруаларын» шешіп отырса, әйелі оған шарасыздықпен қарап қалатын. Қазір жағдай тіпті өзгерді – енді екеуі де телефонға тұңғиықша батып кеткен.

Әрине, жұмыстың немесе жауапкершіліктің маңызын ешкім де жоққа шығармайды. Қазір әлем жеделдеді, бизнес тоқтамайды, тапсырмалар тез шешілуі керек. Ақшаның да оңай келмейтіні бесенеден белгілі. Бірақ «іске – сәт, демалысқа – сағат» демекші, ненің демалыс, ал ненің болашаққа жасалған инвестиция екенін айыра білуіміз қажет.
Мен күнделікті жұмысымда адамдардың бір-біріне деген қызығушылығы қалай сөніп бара жатқанын жиі көремін. Соның салдарынан жылулық кетіп, сенім азаяды. Соңында жатсыну, реніш, опасыздық пен ажырасу белең алады. Ал адамдар «келесі жолы бәрі басқаша болар» деп өздерін жұбатып қояды.
Алайда біз мына бір маңызды жайтты ескере бермейміз: жақындық кенеттен жоғалып кетпейді. Ол ұсақ-түйек дүниелерден басталады. Бір-біріне қадалмаған көзқарастардан, «қазір, бір минут» деген жауаптардан және әркім өз әлемінде отырған кешкі астардан біртіндеп жойылады.
Мен қонақта болған әлгі жұптың да жұмысы бастан асады. Халықаралық серіктестері мен атқаратын шаруалары жетіп артылады. Бірақ олар таңдау жасады: дастарқан басындағы уақыт тек өздеріне және қонақтарына тиесілі. Бұл – олардың телефон хабарламаларынан ада, мамыражай тыныштық орнаған жеке аумағы.
Шындық өте қарапайым: қанша табыс тапсаңыз да, көңіл жылуы мен сезім тереңдігін сатып ала алмайсыз. Қарым-қатынас – бұл табысты мансаптың қосымша жемісі емес. Оған да уақыт пен энергия бөлу керек. Шынайы тілдесу – адамға күш-қуат пен тұрақтылық сыйлайтын басты ресурс.
Ең құнды дүниені сақтап қалу үшін күрделі әдістердің қажеті жоқ. Бір ғана әрекет жеткілікті: телефонды дастарқаннан алып тастаңыз.
