Lifestyle|Wellbeing

Барак Обама не оқиды: экс-президент өмірін өзгерткен кітаптар туралы айтып береді

АвторыTatler Kazakhstan
11.08.2026
Барак Обама | Michael Ukas – Pool / Getty Images
IMAGE Барак Обама | Michael Ukas – Pool / Getty Images
Жоба 2026 жылдың 24 қыркүйегінде басталады деп күтілуде

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама өміріне және тұтас қоғамға үлкен ықпал еткен әдеби шығармаларға арналған жаңа подкаст ұсынбақ. The Guardian басылымының хабарлауынша, A Great Book with Barack Obama («Барак Обама және ұлы кітаптар») деп аталатын жоба 24 қыркүйекте Audible платформасында жарық көреді.

Обама отбасына тиесілі Higher Ground продюсерлік компаниясымен бірлесіп жасалған алты эпизод аясында экс-президент арнайы шақырылған қонақтармен өзі таңдаған кітаптарды талқылайды (әзірге олардың есімдері құпия ұсталуда). Тізімге ХХ ғасыр әдебиетінің алтын қорына енген туындылармен қатар, мынадай заманауи шығармалар да енген:

  • Тони Моррисонның «Сүлеймен әні»;
  • Джон ле Карренің «Тыншы, сыртқа шық!»;
  • Джеймс Болдуиннің «Қарашадағы жалын»;
  • Кормак Маккартидің «Тұлпарлар, тұлпарлар...»;
  • Мерилин Робинсонның «Галаад» (бұл тізімдегі ХХІ ғасырда, яғни 2004 жылы жарық көрген жалғыз туынды);
  • Роберт Пенн Уорреннің «Патшаның бүкіл әскері».

«Ұлы кітаптар маған кім екенімді және неге сенетінімді түсінуге әрқашан көмектесіп келді, – дейді Обама. – Бұл топтамаға енген алты шығарма өмір бойы жадымда сақталды, олардың әрқайсысы адамзат тәжірибесіне қатысты маңызды дүниелерді үйрете алады. Мен достарымды шақырып, бұл кітаптардың неге оқырман жүрегінен орын алатынын, біздің өзіміз бен өзгелер туралы түсінігімізді қалай қалыптастыратынын және қазіргі уақытта әдебиеттің неліктен аса маңызды екенін талқыладым. Тыңдармандар өзіне және әлемге деген көзқарасты өзгертетін кітаптарды ашып немесе қайта оқып шығады деп үміттенемін».

Барак Обама | Andrew Holbrooke / Getty Images
IMAGE Барак Обама | Andrew Holbrooke / Getty Images

Айта кетейік, Обама кітап оқуға деген сүйіспеншілігімен көптен бері танымал, ол тұрақты түрде жазғы және жыл сайынғы сүйікті кітаптар тізімін жариялап тұрады. Мәселен, биылғы шілде айының соңында ол өз оқырмандарына Тайари Джонс, Джордж Сондерс және Колсон Уайтхедтің романдарын ұсынған болатын. Бір қызығы, оның әдеттегі таңдауларынан айырмашылығы, бұл подкастта негізінен өткен ғасырдың туындылары талқыланады. Ал «Галаад» романы тізімге енген жазушы Мерилин Робинсонмен Обаманың өте жақын сыйластығы бар: ол кезінде жазушыны Ақ үйге кешкі асқа шақырып, 2012 жылы оған Ұлттық гуманитарлық медаль табыстаған еді.