Lifestyle|Wellbeing

2025 жылғы қысқы күн тоқырауы: жылдың ең қысқа күні нені жасырып тұр?

Автор Виктория Лебедева
21.12.2025
Unsplash
IMAGE Unsplash
Ежелгі мегалиттерден бүгінгі күнге дейін – қысқы күн тоқырауы қалайша адамзаттың басты салтына айналды?

Қысқы күн тоқырауы – жазу пайда болғанға дейін-ақ адамдарға мәлім болған ең көне әрі жұмбақ құбылыстардың бірі. Бұл сәтте Күн аспан сферасындағы ең оңтүстік нүктесіне жетіп, бір сәт тоқтап қалғандай көрінеді. Осы ерекшелігіне байланысты бұл құбылысты «күн тоқырауы» деп атайды. Бұл күні жылдың ең қысқа күндізгі уақыты мен ең ұзақ түні орнайды. Осы межеден өткен соң күндізгі жарық уақыты өткен күнмен салыстырғанда біртіндеп ұзара бастайды. Ежелгі халықтар үшін бұл сәт түннің біржола жеңілуі емес, жарықтың қайта жандануына бағытталған алғашқы қадамы әрі үміт нышаны болған.

Қысқы күн тоқырауы дегеніміз не?

Жер өз өсі бойынша орбита жазықтығына қатысты шамамен 23,5 градус көлбеулікпен айналады. Дәл осы еңістік жыл мезгілдерінің ауысуына негіз болады. Ал күн тоқыраулары, яғни жазғы және қысқы кезеңдер – күн сәулелері Жер бетіне ең қиғаш бұрышпен түсетін шекті нүктелер болып табылады.

Қысқы күн тоқырауы 21 желтоқсанға сәйкес келеді. Осы сәтте Солтүстік полюс Күннен барынша алшақтайды. Нәтижесінде біз жылдың ең қысқа күні мен ең ұзақ түнін өткереміз. Күн тоқырауынан кейін күндізгі уақыттың ұзақтығы біртіндеп артады, бірақ ол тек наурыз айындағы күн мен түннің теңелуіне дейін түннен қысқа болып қала береді. Табиғатпен тығыз байланыста өмір сүрген ежелгі адамдар үшін бұл өзгерістер өте маңызды болды. Себебі егін өнімі күннің шуағы мен жылуына тікелей тәуелді еді.

Стоунхендж және мегалиттер

Адамзат мыңдаған жылдар бойы Күннің қозғалысын бақылап келеді. Мұндай бақылаулардың ең әсерлі іздері мегалиттер мен тас шеңберлерден көрінеді.

Англиядағы Стоунхендж және бүкіл Еуропадағы соған ұқсас құрылыстар Күннің маңызды сәттері тас саңылауларынан көрінетіндей етіп жобаланған. Қысқы күн тоқырауы кезінде жарық сәулесі ерекше бөліктерге еніп, орталық тастарды жарықтандырады. Бұл көрініс ежелгі сәулетшілердің күн сәулесімен салттық қойылым ойнағанын еске түсіреді.

Қызығы сол, неолит дәуірінің қоғамдары, мәселен, Ирландиядағы Ньюгрейндж салушылары күн тоқырауына бағытталған ғажайып дәлізді кесенелер тұрғызған. Ішкі бөлмелер тек қысқы күн тоқырауы маңындағы қысқа уақытта ғана жарыққа толады. Бұл құбылыс түнектен жарыққа өтуді және қайта жандануды бейнелесе керек.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Қысқы күн тоқырауы әртүрлі мәдениеттерде

Қаратүн және Нұртуған – түркі халықтары

Көшпенділер қысқы күн тоқырауы кезеңін «Қаратүн» деп атаған. Бұл түнде тірілер мен өлілер әлемінің арасындағы шекара жойылады деген сенім болған. Сондықтан аруақтар өз туыстарына қонаққа келеді деп есептелді. Алайда олармен бірге қара ниетті күштер де келуі мүмкін болғандықтан, халық барынша сақтық танытқан. Ал 22 желтоқсан таңертең түркі әлемінде қадірлі «Нұртуған» мерекесі басталады. Бұл – Күннің қайта туған сәті.

Юль – Солтүстік Еуропа

Скандинавия халықтары Юльді Күннің қайта жандану мерекесі ретінде тойлаған. Мереке бір аптаға созылатын және ол Юль бөренесін жағу, жомарт дастарқан, ән-би, сыйлықтар беру және болашақты болжау жоралғыларын қамтыған. Уақыт өте келе Юль христиандық Рождество дәстүрінің бір бөлігіне айналды.

Дунчжи – Қытай

Қытайда Дунчжи немесе қыстың келуі – ежелден тойланатын отбасылық мереке. Бұл күні туыстар бас қосып, «танъюань» деп аталатын тәтті күріш түйіршіктерін дайындайды. Аңыз бойынша, осы сәтте «Инь», яғни суық пен қараңғылық шегіне жетеді. Осыдан кейін «Ян» немесе жарық пен жылу қуат ала бастайды.

Кетцалькоатль және ғарыштық айналым – Мезоамерика

Мая мен ацтек өркениеттерінде күн тоқыраулары күрделі күнтізбелік жүйенің бір бөлігі болған. Мәселен, Чичен-Ицада күн сәулесі ерекше күндері пирамида баспалдақтарымен төмен сырғып бара жатқан жыланға ұқсас көлеңке түсіреді.

Сенімдер, нышандар мен дәстүрлер

Көптеген мәдениеттерде ұзақ түн тек физикалық құбылыс қана емес, сонымен бірге өлім мен қайта туылу туралы астарлы мағына береді. Бұл жарықтың түнекті жеңуі мен жаңа өмір айналымының басталуын білдіреді. Мұндай желі бүкіл әлем аңыздарында кездеседі.

Иллюстрация: Нұртуған мерекесі – қысқы күн тоқырауымен байланысты ежелгі түркілік мереке | Томирис Дәулетова
IMAGE Иллюстрация: Нұртуған мерекесі – қысқы күн тоқырауымен байланысты ежелгі түркілік мереке | Томирис Дәулетова

Славян дәстүрлері бойынша бұл күні күш-қуатты босқа жұмсамауға және ұрыс-керістен аулақ болуға тырысу керек. Сондай-ақ мұңға батпаған жөн, өйткені бұл күннің көңіл-күйі бүкіл болашаққа бағыт береді деп есептеледі. Рухани тұрғыдан алғанда айналаны және ойды тазартуға көңіл бөлген дұрыс. Үйді жинап, керек емес заттарды тастап, кеңістікті жаңа дүниелерге босату үшін үй ішін жусанмен аластауға болады.

Күн тоқырауы және брендтер

Қазіргі таңда қысқы күн тоқырауы дерексіз нышан болудан қалып, сән әлеміндегі маталар мен бөлшектерде көрініс тапты. Мәселен, Bottega Veneta бұл ойды талғампаз минимализм арқылы ашады. «Қысқы күн тоқырауы» науқанына арналған топтама жарық пен материяның үндестігіне негізделген. Алтын түсті парча, тығыз жүн және фирмалық өрімі бар былғары салмақты салтанат сезімін сыйлайды.

Bottega Veneta ресми сайты
IMAGE Bottega Veneta ресми сайты
Bottega Veneta ресми сайты
IMAGE Bottega Veneta ресми сайты

Pairi Daeza-ның 2025–2026 күз-қыс топтамасы болса күн тоқырауын мәдени белгілер арқылы көрсетеді. Ялда мерекесінен шабыт алған бұл топтама Күн мен Айдың және мәңгіліктің нышандарына толы. Мұнда мәңгілік белгісі болып табылатын кипарис мотивтері мен шоқжұлдыз өрнектері үйлесім тапқан.

Pairi Daeza ресми сайты
IMAGE Pairi Daeza ресми сайты
Pairi Daeza ресми сайты
IMAGE Pairi Daeza ресми сайты