«Салауатты өмір салты» ұғымы іш пыстыратын сөзден нағыз өмір салтына қалай айналды?
Жұманың кеші. Алматыдағы жаңа, сәнді мейрамханалардың біріндемін. Шарап картасы өте бай, таңдау көп. Даяшыдан алкогольсіз сусындар туралы сұраймын. «Су, газдалған су, лимонадтар, шырын, кола...болмаса, шай бар», – дейді ол жігерленіп. Бұл даяшы, сірә, лимон қосылған газдалған судан гөрі қызығырақ, маракуйя қосылған лимонадтан гөрі ерекшерек, шырыннан гөрі тәттілігі аз, матча-тониктен гөрі «кешкі вайбқа» лайықтырақ сусын іздейтін «sober curious» (сау өмір салтына қызығушы – Tatler.) қонақтардың қатары күн санап артып келе жатқанын білмейтін қаладағы соңғы адам шығар. Қалған мейрамханалардың бәрі бұл толқынды ұстап алып, іске кірісіп кеткен сияқты. Менің не қалайтынымды – яғни, алкогольсіз шарапты алу үшін сұрағымды нақтылауға тура келді. Бірнеше минуттан кейін маған керемет биодинамикалық шарап әкелінді. Ал құрбым алкогольсіз джин негізіндегі моктейльге тапсырыс берді.
Біз ол құрбыммен көптен бері таныспыз. 2020 жылға дейін қолымыздан бокал түспейтіні сонша, қазір сол кездерді елестетудің өзі қиын. Біз көп жұмыс істейтінбіз, көп көңіл көтеретінбіз, жалпы, бір кештен екінші кешке дейін өмір сүрген сияқтымыз. Солай бола тұра, мен ешқашан ішкеніме байланысты кінә сезімін немесе мазасыздықты бастан кешпеппін. Маған кездесулерде dry martini-ді созып ішкен, күйеуіммен кешкі ас үстінде қызыл шараптан дәм татқан, достарыммен көңілді әңгіме кезінде шампан ішкен ұнайтын. Ішкен мөлшерімді тоқтату мен үшін ешқашан мәселе болған емес, өмірімде күлкілі мас болған екі-ақ оқиға бар шығар.
Бірақ, пандемия кезінде бәрі өзгерді. Алдымен, іш пысқандықтан, кешкісін Zoom арқылы қолымызға бокал ұстап, жаңалықтарды талқылайтынбыз. Бұл пижамамен өтетін кеш сияқты көрінетін. Біраз уақыттан кейін бұл рәсім де жалықтырды. Мен таңертең тұрғанда, тек физикалық қана емес, эмоционалдық тұрғыдан да ауырсынып, жабырқаулы күйде оянатынымды байқадым. Апатия, көңілсіздік, бастың ауырғаны, ісіну, айнадағы бейнемнің ұнамауы – бәрі жиналып, алған ләззатым салдарынан асып түспейтін болды. Осылайша мен алкогольге деген көзқарасымды қайта қарауға шешім қабылдадым, өміріме «sober curious» – «сау өмір салтына қызығушылық» деген термин енді.
Бұл терминді 2018 жылы британдық жазушы Руби Уоррингтон өзінің кітабында ойлап тапты. Оның мәні – «әдеттегі режимнен» бас тартып, өміріңіздегі алкогольдің рөліне күмәнмен қарау. Бұл міндетті түрде ішімдіктен толықтай бас тартуды білдірмейді. Керісінше, бұл – «ішу керек пе, ішпеу керек пе, егер ішсең – қашан және не үшін?» деген сұрақтарға саналы түрде жауап іздеу. Бүгінде әлемде «mindful drinking», яғни ішімдікті саналы тұтыну дәстүрі жайылып келеді. Бұл маған да жақын: мен өзімді ішімдіктен толық бас тартқандар қатарына жатқызбаймын, бірақ қазір әрбір бокал мен үшін әдет емес, саналы таңдауға айналды.

Қазір бұл тек менің ғана басымнан өткен жағдай емес, бүтін бір буынның, кем дегенде менің айналамдағы жандардың бет-бейнесі. Соңғы бес-жеті жылда менің жақын достарымның барлығы осы жолды таңдады. Арамызда ішетіндер жоқтың қасы. Ішімдіктен толық бас тартқандар бар, ал қалғаны – мен сияқты «қызығушылар». Олар өмір бойы ішпеуге серт бермеген, бірақ кешкі аспен шарап ішуді әдеттен шығарып тастаған.
Бұған әркім әртүрлі себеппен келді. Біреулер ата-ана атанған соң, таңғы алтыда «мамааа» деп айқайлайтын үйде басы ауырып оянуға шамасы келмейтінін түсінді. Енді біреулер сыртқы келбетіне байыппен қарап, ісіну мен бозарған реңнің «көңілді түн» үшін төленетін құн емес, жай ғана алдын алуға болатын келеңсіздік екенін ұқты. Енді біреулер менталды денсаулық пен саналылықты зерттей келе, бұл жаңа өмір салтына алкогольдің қатты кедергі жасайтынын түсінді. Ал біреулер үшін бұл жай ғана іш пыстырарлық әдетке айналып, алкоголь көңіл көтеру құралы болудан қалды.
Нәтижесінде, бір үстел басында отырған біз, қырықтағы адамдар, енді бір-бірімізге: «Ал, неге ішпей отырмыз?» деген сұрақты қоймаймыз. Бұл сұрақты басқаларға қоймай, өзіміз де естімейміз. Егер сұрақ туындай қалса, жауабы, сірә, философиялық тұжырым сияқты естілетін шығар: «Есейдік. Бізге бұл енді қажет те емес, қызық та емес». Сөйтсек, ішімдіксіз өмір мүмкін ғана емес, сонымен бірге кереметтей қанық, оқиғалар мен мағынаға толы бола алады екен. Шын мәнінде, мұндай өмірде алкоголь көмекші емес, кедергі болып шықты.
Біз ішімдікті «ортаның дәнекері» деп атайтын ескі мифтің бос сөз екенін ұқтық. Қолымызда бокал болмаса да, әңгімеміз азайып, әзіліміз таусылған жоқ. Тіпті, кейбір жағдайларда әңгімеміз одан да тереңдеп, жылы бола түсті. Себебі, біз адамдар арасындағы жақындықты орнату үшін ішімдіктің «көмегін» күтпей, бір-бірімізді шынымен тыңдай бастадық.
Бұл «сау өмір салты» зайырлы кештерге де әсер етті. Күйзелістің коктейльде ерімейтінін, ал мазасыздықтың шампанмен бірге жоғалмайтынын түсінгендер іс-шараларда су, моктейль, тіпті сәнді комбуча ішеді. Ұйымдастырушылар да бұл трендті растап, оны ішілген алкоголь мөлшерімен өлшейді: шартты жүз бөтелке шампанның кеш соңына қарай отызы ғана ашылғанын көреді. Енді ешкім «Ішесіз бе?» деп сұрамайды, керісінше, «Ішпеуіңіздің себебі неде?» деген сұрақ жиі естіледі. Иә, кештер бұрынғыдай думанды емес, адамдар ертерек тарайды. Бірақ ішімдіксіздік қарым-қатынасқа кедергі келтірмейді. Алкоголь енді ортаның дәнекері болмағандықтан, мүмкін, сол себепті де, қарым-қатынастың өзі тазарып, шынайы бола түскен шығар.
Бұқаралық мәдениеттегі бейненің өзгеруі де маңызды рөл атқарды. Алкоголь романтикалық пердесінен айырылып, көңіл көтеру мен бостандықтың символы болудан қалды. Мен де кезінде «героиндік шикке» еліктеп, Кейт Мосстың Пит Доэртимен қарым-қатынасын тамсана бақылағаймын. 90-шы және нөлдік жылдардағы шампанға толы экрандық кештер, мас кейіпкерлердің тартымды бүлікшілер немесе шығармашылық ессіздер болып көрінгені есімде. Бүгінде бұл образ жоғалды. Қоғамда саналылыққа деген сән күшейді: денеге қамқорлықтан бастап, психиканы бақылауға дейін. Енді мас болу мерекемен емес, өзіңді бақылаудан айырылумен теңестіріледі.
Біз, миллениалдар, зумерлерді жиі мазақ етеміз. Бірақ олардың бізден жолы болды: олар ішімдікке құмар ортада өскен жоқ. Зумерлер ішімдікке бізден әлдеқайда аз ақша жұмсайды. Олардың басым көпшілігіне алкогольдің дәмі мен бір-екі бокалдан кейінгі бас ауруы ұнамайды. Олар алкоголь, есірткі және менталды денсаулықтың бір-бірімен үйлеспейтін нәрселер екенін түсініп, психикалық саулыққа көбірек көңіл бөледі.
Құрбыммен ішімдіксіз өмір туралы сөйлескенде, «Секс в большом городе» сериалының Splat! атты эпизодын еске аламыз. Онда Кэрридің бұрынғы құрбысы, сауықшыл қыз Лекси қатты мас болып, «адамдар көңіл көтеруді ұмытып кетті» деп ашық терезеден құлап, қайтыс болады. Сол кезде бұл бізге әсірелеу сияқты көрінген еді. «Дәуір аяқталды», – деді Кэрри жерлеу рәсімінде.
Ішімдіктің де дәуірі аяқталған сияқты. Ол енді бүгінгі күннің рухына сай келмейді. Бұрын гламур болып көрінген нәрсе, енді басқа шындыққа айналды. Есейіп, ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ болғанда, оның не керегі бар? Кештер ішімдіксіз де керемет өтеді: тосынсыйларға, қызықты әңгімелерге толы; ең бастысы – күмәнді салдарсыз аяқталады. Мұны мен енді нақты білемін.
