Индонезиядағы жеке финиси яхтасы
Соңғы жылдары Индонезия туристер көп жете бермейтін сирек мекендердің біріне айналды. Мұнда ешкіммен ұшыраспай бірнеше күн еркін демалуға болады. Бірақ бұл жердегі сөз зәулім мегаяхталар туралы емес, әңгіме архипелаг бойымен ұзақ саяхаттауға арнайы бейімделген дәстүрлі ағаш кемелер – яғни, финиси жайында. Бұл кемелердің жүру маршруты Комодо, Раджа-Ампат және Молукка аралдарын қамтиды. Неге десеңіз, бұл мекендерге кездейсоқ немесе бір күнде жетіп бару мүмкін емес, сондықтан олар бұрынғы тыныштығын сақтап қалған.
Кеме бортында әдетте бірнеше каюта, жеке шеф-аспаз, дайвинг жабдықтары және спа-аймақ болады. Ал саяхат кестесі алдын ала жазылған экскурсиялармен емес, тек ауа райы мен қонақтардың қалауына қарай өзгереді. Prana, Lamima немесе Celestia деген заманауи жобалар бар. Олар үйреншікті круизден гөрі, су үстіндегі қалқымалы вилланы көбірек еске салады. Мұндай демалыстың басты артықшылығы – үнемі бір жаққа асығып, көшіп-қонудың қажеті жоқ. Табиғат көрінісі өздігінен ауысып отырады: таңертең адам аяғы басқанбаған шығанақ болса, кешке – қызғылт құмы бар арал шығады алдыңыздан. Ал түнде тек жұлдызды аспан мен судың сылдырын ғана естисіз.

Belmond Eastern & Oriental Express
Саяхатшылардың басым бөлігі қалалар арасында жылдам ұшақпен жүруді таңдайды. Дегенмен, пойызбен жүру – көпшілік мән бере бермейтін, бірақ ешқайда асықпай, рахаттанып жететін көлік түрі. Belmond компаниясы жаңартқан Eastern & Oriental Express пойызы Малайзия мен Сингапур арасында қатынайды. Бұл дегеніміз – чемоданды қайта-қайта жинап, қонақүйден қонақүйге көшпей-ақ, 3 немесе 4-күндік ғажап сапарға шығасыз деген сөз. Пойыз ішінде мейрамхана-вагондар, бар және тіпті Dior Spa кеңістігі жұмыс істеп тұр.
Еуропалық теміржол маршруттарына қарағанда, мұнда терезе сыртынан қалалар емес, ну джунгли, күріш алқаптары мен шағын ауылдар көз тартады. Бұл саяхаттың басты мәні – көрікті жерлерді жүгіріп қарап шаршау емес, жолдың ырғағына еліп, ләззат алу. Қарбалас маусымнан кейін өмір ырғағын осылай баяулатып қою – кезекті мұражай экскурсиясынан әлдеқайда маңыздырақ.

Умбриядағы көне вилла
Италия туралы сөз қозғалса, жұрттың бәрі бірден Тоскана, Амальфи немесе Комо көлін еске алады. Бірақ жазда дәл осы жерлерге халық көп баратындықтан, демалу қиынға соғады. Бұған әлдеқайда тыныш балама ретінде Умбрияны айтуға болады. Рим мен Флоренция арасында орналасқан бұл аймақты жиі «Италияның жасыл жүрегі» деп атайды.
Мұнда зәйтүн тоғайлары мен жүзімдіктер ортасындағы хаузы бар тарихи вилланы немесе ауылдық мекенді жалға алу оп-оңай. Күндіз Орвието, Сполето немесе Монтефалько сияқты ортағасырлық шағын қалашықтарды аралап қайтуға тамаша мүмкіндік бар. Танымал курорттармен салыстырғанда, Умбрия топтық туристік маршруттардың міндетті тізіміне сирек кіреді. Сондықтан нағыз туристік маусымның өзінде мұндағы өмір асықпай, бірқалыпты өтеді. Бұл жерде жазғы демалыс дегеніміз – террасада асықпай ас ішіп, қыр басында серуен құру және уақытты тоқтатып қойғандай рахатқа бату.

Кешке жайлы қонақүйге оралатын Алматы маңындағы тау жорығы
Алматы маңындағы таулар тек альпинистер жүретін жерлер болудан баяғыда қалған. Бүгінде саяхатшылар Алматыға табан тіреп, осы жерден тауға қысқа серуенге шыққанды әдетке айналдырған. Яғни, күндіз тауға шығып, ал кешке жайлы қонақүйге немесе таудағы шале-үйшікке қиналмай қайтып оралуға болады.
Іле-Алатау ұлттық паркі бір күн ішінде мұздық көлдерді, альпі шалғындары мен тамаша көру алаңдарын аралап қайтуға мүмкіндік береді. Содан кейін бірнеше сағаттан соң таудың көркіне тамсанып, террасада қайтадан демалып отырасыз. Мұндай демалыс кімдерге көбірек жағады? Ақпараттық шудан сәл де болса арылғысы келетін, бірақ бірнеше күн тауда шатыр тігіп түнеуге немесе от жағып тамақ пісіруге жоқ жандар үшін бұл – таптырмас нұсқа.

Тек демалысқа құрылған ретрит
Соңғы жылдары «ретрит» сөзі түрлі стереотиптерге толып үлгерді. Дегенмен көптеген заманауи жобалар қонақтар саны шектелген, өте жақсы ұйымдастырылған каникулды көбірек еске салады. Еуропа мен Азияда бағдарламасы қатаң тәжірибелер мен аскезаға емес, серуендеуге, медитацияға, йогаға, гастрономия мен цифрлық детоксқа арналған арнайы демалыс орындары көбейіп келеді.
Мұндай орындардың басты құндылығы – бірнеше күнге болса да, үнемі байланыста болу міндетінен құтылу. Мұнда алдын ала бекітілген қатаң кестеге бағынбайсыз, ондаған хабарламалар мазаламайды және үнемі бірдеңеге үлгеру керек деген асығыстық жоқ. Ірі іс-шаралар мен қаланың қайнаған тіршілігінен кейін дәл осындай демалыс нағыз сирек кездесетін сән-салтанатқа айналады. Өйткені бұл кезде күнтізбеңізде ешқандай жоспар белгіленбегені қандай ғанибет!

