Бүгінде Қазақстандағы саяхат ұғымы түбегейлі өзгеріп бара жатыр. Бұрын демалушылар жайлылық пен табиғаттың арасында әрдайым таңдау жасауға мәжбүр болса, бүгінгі озық қонақүйлер бұл мәселені шеше отырып, демалыстың мүлдем жаңа көкжиектерін ашуда. Қазір Іле Алатауының 3200 метр биіктігінде оянып, Бурабайдың қарағайлы орманы мен мөлдір көлдерінің жағасында алаңсыз демалуға болады. Ал Астана мен Алматының қақ ортасындағы отельдер жай ғана аялдайтын орыннан гөрі, шаһар рухын сезінетін алғашқы нүктеге айналып үлгерді. Дәл осы мекендер Қазақстанның жаңа туристік келбетін қалыптастырып жатыр.
Tatler Best in Class байқауы өз санатында оза шапқан ең мықты қонақүйлерді анықтауды басты мақсат етіп отыр. Hotel of the Year, Best Service, Best Resort-тан бастап, Best Destination Hotel-ге дейінгі аталымдар тек жайлылық деңгейін ғана емес, әр мекеннің ішкі рухы мен қайталанбас бейнесін паш етуге арналған. Биылғы жеңімпаздар қатарында әлемдік желілермен қатар отандық жобалар да бой көрсетпек. Тарихи ғимараттар мен тау басындағы отельдер, классикалық курорттар мен жаңа wellness-орталықтар ортақ бір мүдде үшін тоғысып отыр. Олардың әрқайсысы «Қазақстандағы заманауи саяхат қандай болуы керек?» деген сұраққа өзінше, бірегей жауап қатады.
Hotel of the Year – The Ritz-Carlton, Astana
Саяхатшылар үшін локациядан маңызды ештеңе жоқ екенін ескерсек, бұл тұрғыда The Ritz-Carlton, Astana-ның орны ерекше. Елорда тіршілігі қайнап жатқан іскерлік орталықта, Talan Towers ғимаратында орналасқан бұл отель Бәйтерек пен Министрліктер үйінен қол созым жерде орналасқан. Мұнда тоқтап, іскерлік кездесуге бару да, Астананы асықпай аралау да бірдей ыңғайлы. Қонақүйдің 157 нөмірі мен люксі, Club Lounge және 20 метрлік бассейні бар spa орталығы қонақтарға мінсіз жайлылық сыйлайды. Ал Mökki мейрамханасы мен Өzen барынан ашылатын панораманың өзі саяхатыңыздың әдемі бір бөлшегіне айналары сөзсіз. Дегенмен, отельдің басты мақтанышы – қонаққа ерекше ілтипатпен қарайтын, әрі көзге түсе бермейтін биязы сервис. Жоғары талғам мен мінсіз қонақжайлылықтың осынау тамаша үйлесімі The Ritz-Carlton, Astana отельін Hotel of the Year марапатында үздік етті.
Address: Dostyk 16 Astana, Kazakhstan
https://maps.app.goo.gl/a1ZAjRXmj2qRZ2Pz8?g_st=ic
Best New Hotel – Pana Unique Semey
Pana Unique Semey ғимаратының тарихы мұнда алғашқы қонақ келгенге дейін-ақ басталып кеткен. Қонақүй 130 жылдық көне ғимаратта ашылып, оған жаңа тыныс берді. Кезінде Семейдің алғашқы механикалық диірмені, кейіннен зауыт болған бұл орын талай жыл қаңырап бос тұрған еді. Жоба авторлары оны сүріп тастамай, ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып, ішін заманауи отельге айналдырды. Көне кірпіш қасбеттің ар жағында өткен тарихпен таласпайтын, қайта аймақ мәдениетімен әдемі үйлесім тапқан талғампаз интерьер жатыр. Кешен ішіндегі бассейні бар spa мен екі мейрамхана да осы ұлттық нақышты жалғастыруда. Оның бірі – жергілікті тағамдар ұсынатын Tary мейрамханасы. Ал гастрономиядан бөлек, жазда далада падел-корттары бар спорт алаңы да қонақтарға есік ашады. Pana Unique Semey тарихты өшірмей, оған жаңа өмір сыйлауға болатынын дәлелдеп, Best New Hotel аталымын қанжығасына байлады.
Address: 45A Ilyashev Street, Semey
https://maps.app.goo.gl/p6TZ3Qf6WsopESp16?g_st=ic
Best Innovation – Tenir Eco Hotel
Tenir Eco Hotel-дің ең басты артықшылығы – тау табиғатымен оңаша қалу мүмкіндігі. Қазақстандағы ең биікте, Шымбұлақтың 3200 метрлік шыңында орналасқан отельде бар-жоғы он нөмір бар, әрі әрқайсысы жеке фин саунасымен және панорамалық тереземен жабдықталған. Қыста шаңғыны есік алдынан киіп, бірден трассаға түсіп кетуге болады. Бірақ бұл қарапайымдылықтың артында табиғатқа зиян келтірмес үшін іргетассыз құрылып, сырты балқарағай шинделімен қапталған күрделі инженерлік шешімдер жасырынған. Қатал климатта үздіксіз жұмыс істеу мақсатында мұнда энергия үнемдейтін жүйелер де қарастырылған. Нәтижесінде бар назарды бөлмеге емес, таудың ұлылығы мен тыныштығына аударатын ерекше мекен дүниеге келіп, осындай жаңашылдығы үшін Best Innovation марапатын иеленді.
Address: Shymbulak Mountain Resort Almaty
https://maps.app.goo.gl/axtZZfttjtxHApoS7?g_st=ic
Best Service – The St. Regis Astana
Есіл өзенінің жағасында, Орталық саябақтың іргесінде орын тепкен The St. Regis Astana қала орталығында тұрса да, толассыз у-шудан мүлдем аулақ. Мұндағы кеңістіктің ауқымы әр бөлшектен байқалады: ауданы 68 шаршы метр болатын стандарт бөлмелердің өзі қаладағы ең кең нөмірлердің қатарында, әрі олардың көпшілігінде саябаққа қарайтын жеке балконы бар. Дегенмен, қонақүйдің басты мақтанышы – қайталанбас сервис. Кез келген қонаққа қызмет көрсететін фирмалық St. Regis Butler Service жеке қызметшісі чемоданыңызды жинап, киіміңізді дайындауға немесе таңғы кофеңізді әкелуге әрқашан әзір. Ал консьерждер мейрамханадан орын алып, қаланы аралауды ұйымдастыруды өз мойнына алады. Мұншама мұқият көңіл бөлінгенімен, қызметкерлер өте биязы әрі ешкімді артық мазаламайды. Бұл мінсіз қызмет ескерусіз қалмай, қонақүй Best Service марапатына лайық деп танылды.
Address: 1 Kabanbay Batyr Avenue Astana
https://maps.app.goo.gl/QEspevm3q2wuoMyr6?g_st=ic
Best Resort – Rixos Borovoe
Жақсы курорттың бір жазылмаған заңы бар: ол жерге барған соң, басқа ешқайда ұзағыңыз келмейді. Бурабайдың қалың қарағайы мен Щучье көлінің жағасында орналасқан Rixos Borovoe бұл талапқа толық жауап бере отырып, дербес бір әлемді қалыптастырған. Жазда жағажайға барып, теннис ойнауға немесе ұлттық саябақты аралауға мүмкіндік болса, күн суытқанда хаммамы мен саунасы бар алып Spa & Wellness орталығы қонақтарға жылу сыйлайды. Бұған мейрамханаларды, отбасылық бөлмелер мен вилланы қоссаңыз, үлкен отбасы үшін де, романтикалық уикенд үшін де мінсіз демалыс ортасына айналады. Бірақ Rixos-тың ең керемет тұсы отельдің ішінде емес, сыртында, өйткені бүкіл курорттық өмір осы көл мен орманның айналасына құрылған. Осындай үйлесімділігі үшін бұл жоба Best Resort аталымына әбден лайық.
Address: Shchuchinsk, Soltüstik Qazaqstan
https://maps.app.goo.gl/uPRc2iGkCSzPfTCy7?g_st=ic
Best Wellness Retreat – NAMMU SPA & Wellness
Адамдар Nammu SPA & Wellness-ке күнделікті күйбең тірліктен қашып, өмір ырғағын бәсеңдету үшін арнайы ат басын бұрады. Ыстық бұлағымен аты шыққан Шонжы ауданындағы бұл орталық бүкіл демалысты су терапиясына және денені қалпына келтіруге арнаған. Термальды бассейндермен қатар SPA, хаммам, сауна мен түрлі массаж бағдарламалары жұмыс істейтін бұл мекенде қонақтар заманауи нөмірлер мен виллаларға тоқтап, қысқа демалысын толыққанды retreat-ке айналдыра алады. Кеңістіктің өзі көзге жұмсақ әрі заманауи етіп жасалған. Мұндағы wellness қала сыртындағы демалысқа қосымша ермек емес, оның басты мақсаты саналады. Қанып ұйықтау, жылы суға түсіп демалу және ешқайда асықпау – Nammu орталығының Best Wellness Retreat аталымын жеңіп алуының басты сыры міне осында.
Address: Nammu SPA & Wellness
https://maps.app.goo.gl/KmvDwYZwDAxkAyix8?g_st=ic
Best Boutique Hotel – The Veil
Астананың оң және сол жағалауын жалғап тұрған The Veil қонақүйі италиялық Archea Associati студиясымен бірлесіп жобаланған. Оның жұмсақ сызықтары мен аркалары ғимаратты жай ғана отель емес, нағыз өнер туындысына айналдырып тұр. Ішінде бар-жоғы 47 нөмір болғандықтан, ол бес жұлдызды қызмет көрсете отырып, әр қонаққа жеке көңіл бөліп, оңашалық сезімін сақтай білген. Бұл бутик-отельге тән басты қасиет. Оның үстіне, бір шатырдың астында spa орталығы мен Cantinetta Antinori, Di Wang және Line Brew Reserve сияқты тәуелсіз гастрономиялық жобалар жинақталғандықтан, мұндағы өмір бөлме есігімен шектелмейді. Ерекше мінезі, мықты дизайны және шағын қонақүйде толыққанды қалалық тәжірибені біріктіре алғаны үшін The Veil биыл Best Boutique Hotel марапатын иеленді.
Address: 4 Kadyrgali Zhalayiri Street, Astana
https://maps.app.goo.gl/tSRvHKSi4uHumF1aA?g_st=ic
Best Family Hotel – Swissôtel Wellness Alatau Almaty
Отбасылық демалыс нағыз табиғат аясындағы саяхатқа айналып кететін сүйікті қалалық қонақүй – Swissôtel Wellness Alatau Almaty. Қала шуынан аулақ, Іле Алатауының бөктеріндегі жап-жасыл аумақта орналасқан бұл мекенге жету үшін Алматыдан алысқа ұзаудың да қажеті жоқ. Мұнда балаларға арналған ойын алаңдары, бассейндер, теннис пен баскетбол корттары қарастырылған. Ал Pürovel Spa & Sport орталығы 5000 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. Осының арқасында отбасының әр мүшесі өзіне ұнайтын іспен айналыса алады. Мәселен, бірі спортпен шұғылданса, екіншісі spa-да демалады. Ал таңғы ас кезінде немесе таза ауада серуенге шыққанда бүкіл отбасы қайта бас қосады. Ересектерді де, кішкентай қонақтарды да бірдей қуанта білгені үшін осынау қонақүй биыл Best Family Hotel марапатын қанжығасына байлады.
Address: Tausamaly 50A, Аlmaty
https://maps.app.goo.gl/eULoQFgRF3w6rETB8?g_st=ic
Best Destination Hotel – The Ritz-Carlton, Almaty
The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйінде қаламен танысу сіз сыртқа шықпай тұрып-ақ басталып кетеді. Тіркеу өтетін 30-қабатқа көтерілген бетте қонақтарды ыстық алма шайы мен атақты апорт қарсы алады. Отель Esentai Tower ғимаратында орналасқандықтан, оны шаһардан бөліп қарау мүлдем мүмкін емес. Панорамалық терезелерден Іле Алатауының аясында тұрған қаланың ғажайып көркі ашылса, Ботаникалық бақ, Көктөбе мен іскерлік орталық бірнеше минуттық қашықтықта ғана тұр. Жоғарғы қабаттардағы мейрамханалар мен барлар, spa, Club Lounge және Ritz-Carlton-ның атақты сервисі қонақүйдің өзін дербес саяхат нүктесіне айналдырып үлгерген. Бірақ ең басты керемет бәрібір терезе сыртында қала береді. Аялдау сәтін қаламен алғашқы танысуға ұластыра білген шеберлігі үшін The Ritz-Carlton, Almaty биыл Best Destination Hotel аталымын жеңіп алды.
Address: 77/7 Al-Farabi Avenue Almaty
