Lifestyle|Travel

Rosewood Guangzhou: аспанмен астасқан эстетика

АвторыTatler Kazakhstan
21.08.2026
Rosewood Guangzhou: аспанмен астасқан эстетика
Қытайдың ең көне шаһарларының бірі саналатын Гуанчжоу бүгінде фантастикалық фильмдердегі футуристік мегаполисті еске салады. Дегенмен, ол өзінің ғасырлар бойғы дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап келеді. Дәл осы топырақта әйгілі кантон асүйі дүниеге келіп, Теңіз Жібек жолы басталған болатын. Ал бүгінде мұнда миллиардтаған долларлық келісімдер жасалып, елдің ең таңдаулы мейрамханалары жұмыс істейді

Көне ғибадатханалар биіктігі жарты шақырымнан асатын зәулім ғимараттармен иық тірестіретін осынау ғажайып қалада Rosewood Guangzhou орын тепкен. Әлемдегі ең биік ғимараттардың бірінің жоғарғы қабаттарын иеленген бұл қонақүй саяхатшылар үшін жай ғана түнейтін орын емес. Ол – заманауи, өршіл әрі сән-салтанатты өмір сүру өнеріне ғашық Гуанчжоудың табиғи жалғасы іспетті.

Қаланың тарихын өнер, дизайн және мегаполис энергиясы арқылы баяндайтын аты аңызға айналған Rosewood Hong Kong-тан айырмашылығы, Гуанчжоудағы басты тіл – дәм. Мұндағы сән-салтанат тек көрініспен емес, гастрономия, жергілікті мәдениет және қонақты алғашқы минуттардан-ақ баурап алатын асқақ биіктік сезімі арқылы ашылады.

Қонақүй әлемдегі ең биік көкпен таласқан мұнаралардың бірі – Guangzhou CTF Finance Centre ғимаратының ең жоғарғы қабаттарында орналасқан. Оның лоббиіне көтерілудің өзі ұмытылмас әсер сыйлайды: ең жүйрік лифт қонақтарды көзді ашып-жұмғанша 108-қабатқа шығарады. Ондағы қызыл лакпен боялған есіктердің ар жағында мүлдем басқа әлем құшақ жаяды. Бұл биіктікте мегаполистің у-шуы төменде қалып, панорамалық терезелерден көрінетін қала пейзажы тұтас бір тірі өнер туындысына айналады.

Yabu Pushelberg студиясы жасаған интерьерлер өткен мен болашақ арасындағы осы нәзік үндестікті жалғастырады. Мұнда заманауи қытай өнері ежелгі қолөнер дәстүрлерімен, ал нәзік жібек шымылдықтар қатаң лаконикалық сәулетпен мінсіз үйлесім тапқан. Тіпті, өзін-өзі тазартатын ақ терракотамен қапталған ғимараттың өзі ежелгі қытай керамикасын заманауи технологиялар арқылы қайта пайымдап тұрғандай.

Гуанчжоуды оның асүйінен дәм татпай жатып толық түсіну мүмкін емес | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Гуанчжоуды оның асүйінен дәм татпай жатып толық түсіну мүмкін емес | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Дегенмен, Гуанчжоудың шынайы рухын оның асүйінен дәм татпай жатып толық түсіну мүмкін емес. Кантон гастрономиясы Қытайдағы ең талғампаз асүйлердің қатарына жатады. Мұнда өнімнің табиғи дәмін түрлі дәмдеуіштермен тұншықтыру мүлдем құпталмайды. Басты құндылық – жаңа сауылғандай балғындық, маусымдылық және әрбір ингредиентке құрметпен қарау. Осы философияны Оңтүстік Қытайдың дербес гастрономиялық мақтанышына айналған, Michelin жұлдызымен марапатталған Lingnan House мейрамханасы мінсіз жүзеге асырып отыр. Кантон асүйінің жетекші шеберлерінің бірі Билл Фэннің басшылығымен мейрамхана командасы жергілікті фермерлермен тығыз жұмыс істеп, аймақтық өнімдерді жоғары гастрономия деңгейіндегі өнер туындысына айналдырады. Кантон асүйі неліктен бүкіл Қытай гастрономиясының негізі саналатынын түсіну үшін, осындағы фирмалық димсамдардың, аты аңызға айналған кантон барбекюінің немесе қара трюфель қосылған геодактың дәмін татып көру жеткілікті.

Гастрономиялық саяхат бұдан да биікте – 107-қабатта орналасқан Black Iron жапон мейрамханасы мен Too High барында жалғасын табады. Бұл Оңтүстік Қытайдағы ең биік бар саналады. Мұнда сакэнің сирек сұрыптары, авторлық коктейльдер және шексіз қала көкжиегінің көрінісі бірігіп, қонаққа ұмытылмас әсер сыйлайды.

Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Қонақүй философиясын екі деңгейлі Asaya Active wellness-кешені толықтыра түседі. Мұндағы өзіңе деген қамқорлық жай ғана демалыс ұғымымен шектелмей, өмір сапасына негізделген: қалпына келтірудің дербес бағдарламалары, заманауи дене тәжірибелері, жаңа буын тері күтімі және қаланың панорамасы көрінетін 25 метрлік хауыз wellness ұғымын мегаполис ырғағының табиғи жалғасына айналдырады.

Rosewood Guangzhou қонақты қаладан оқшаулауға тырыспайды. Керісінше, ол қаламен танысудың ең тамаша бастамасы бола біледі. Бұл – көне шай дәстүрлері шыны мұнаралармен, заманауи өнер қолөнермен қатар өмір сүретін, ал әлемдегі ең танымал асүйлердің бірі өз қағидаларына адал қалпында дамып жатқан қала. Және осы Қытайды дәл осы жерден – болашақ әлдеқашан келіп қойғандай әсер беретін биіктіктен тамашалаған абзал.