Қазіргі заманда біз бәріне тез жетуге, асығыс өмір сүруге әбден дағдыланғанбыз. Сондықтан Сингапурдан Малайзияның Лангкави және Пенанг аралдарына дейінгі жолға тұтас үш түн жұмсалады дегенді есту – қалыптасқан уақыт ырғағына қарсы шығумен тең. Бірақ пойыздың ішіндегі басты құндылық та осы – асықпау. Дөңгелектердің ырғақты үні мен дизель қозғалтқышының бірқалыпты гүрілі сыртқы әлемді ұмыттырып, адамға ғажап ішкі тыныштық сыйлайды. Алтынмен көмкерілген зүбәржат-жасыл пойыздың ішінде уақытпен жарысудың қажеті жоқ, қайта одан ләззат алу керек.
Осылайша, бұл ерекше саяхатқа шығып, вагонға қадам басқан сәтте-ақ XXI ғасыр артта қалады. Интерьер нағыз отаршылдық дәуірдің сән-салтанатына тұнып тұр: шие ағашынан жасалған шкафтар, тай жібегімен қапталған қабырғалар өткен ғасырдың атмосферасына жетелейді. Мысалы, сіз кешкі асқа шығып кеткеніңізде, көрінбейтін стюард барқыт диваны бар жайлы бөлмеңізді заматта жатын бөлмеге айналдырып, демалысыңызға қамқорлық жасайды.


Пойыздың ішкі кеңістігі де әртүрлі көңіл-күйге арналып арнайы жобаланған. Тамақтануға арналған қос вагонның бірі жарық әрі жасыл реңкке боялып, таулы аймақты еске салса, екіншісі қара-қызыл ағаштан жасалып, джунглидің жұмбақ көлеңкесіндей әсер қалдырады. Ал кешкісін қонақтардың барлығы джаз ойнайтын Piano Bar-ға немесе тропикалық ауамен тыныстап, ашық алаңқайда караоке айтуға болатын Observation Bar-ға жиналады.
Алайда бұл жолғы сапардың басты ерекшелігі тек сән-салтанатта емес еді. Оның басты оқиғасы – тайваньдық шеф-аспаз Андре Чанг ұйымдастырған Tastes of Tomorrow гастрономиялық шоуы. Өзін шеф-аспаздан гөрі саяхат жетекшісі санайтын ол бұл сапарға «фермадан үстелге» бағытының ізашары, британдық аспаз Саймон Роганды арнайы шақырған.
Әрине, жүріп бара жатқан пойызда тамақ пісіру – оңай шаруа емес. Асүйдің көлемі киім ауыстыратын бөлмедей ғана, оның үстіне жол бойы үнемі шайқалып тұрады. «Мұнда бәрін жаңадан үйренуге тура келеді. Сұйық соус тәрелкеден ағып кететіндіктен, біз оны барынша қою етіп жасауға дағдыландық», – дейді Саймон Роган өз тәжірибесімен бөлісіп.


Дегенмен, бұл қиындықтар шеберлердің басты мақсатына кедергі бола алмады. Олардың көздегені – мәзірді терезе сыртындағы табиғатпен мінсіз үндестіру еді. Станцияларда үнемі толықтырылып отыратын балғын өнімдердің арқасында дастарқан Малайзияның жанды гастрономиялық картасына айналады. Бір сағат бұрын ғана терезеден көрініп тұрған жергілікті табиғат сыйы енді тәрелкеңізде жатады.
Осылайша, қонақтар кешкі асқа Чангтің қытырлақ мапо-тофу ролын, қуаттандыратын қара тауық сорпасын және қаз майына піскен палаумен берілетін шошқа төсін жеп тамсанды. Ал Роган өз кезегінде отқа қақталған гуава езбесі қосылған Сабах лобстері мен Баттерворт үйрегін ұсынып, таза жергілікті өнімдерді жоғары деңгейде сөйлетті.




Айта кету керек, бұл саяхат тек тамақ ішумен шектелмейді, ол – тұтас бір мәдени жаңалық. Пойыз тоқтаған кезде қонақтар Малайзияның тыныс-тіршілігімен танысуға шығады. Бірде Перлис штатында балауызбен мата бояу өнері – батикпен танысып, тәтті кокос джемін жасаса, енді бірде Пенангтағы Джорджтаун көшелерімен велорикшамен серуендеп, тарихи сәулет пен көше өнерін тамашалайды.


Сыртқы әлемнің шуынан кейін пойызға қайта мінгенде, оның мүлдем бөлек, тыныш әлем екенін тағы да сезінесіз. Мұнда Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алғашқы Dior SPA орналасқан. Массаж кезіндегі пойыздың бірқалыпты тербелісі адамды гипноздық күйге түсіріп, сыртқы әлемді мүлдем ұмыттырады.
Ал түн ортасында Piano Bar-дағы атмосфера тіптен қыза түседі. Тірі джаз бен дәмді коктейльдердің арқасында ресмилік жоғалып, қызметкерлер мен қонақтардың арасындағы шекара бұзылады. Бәрі қосылып ән шырқайтын нағыз еркін, жылы отырыс басталады.


Тұтастай алғанда, бұл пойыздағы саяхат – уақыт пен қатаң жоспарлауды ұмытып, сән-салтанаттың ең жоғары формасы – толықтай еркіндікке берілу. Екі мықты шеф-аспаздың сілкілеңдеген асүйдегі өнерін тамашалай отырып, бір маңызды нәрсені түсінесіз: үнемі асығып, күйзеліске толы қазіргі әлемде, Шығыс-Азия экспресі – өмірдің шуын бәсеңдетіп, сәтке аялдаудың ең талғампаз тәсілі.

