Lifestyle|Travel

Мехикоға жолбасшы: ӘЧ-2026 сапары кезінде уақытты қалай өткіземіз?

АвторыChonx Tibajia
11.06.2026
Мехикоға жолбасшы: ӘЧ-2026 сапары кезінде уақытты қалай өткіземіз?
Мехикода 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты басталды. Теңіз деңгейінен 2200 метр биіктік қонақтарға кедергі болмай ма? Тамақты стадион маңындағы мейрамханадан ішкен дұрыс па, әлде кіреберісте тұрған такос аль пасторды іліп әкеткен тиімді ме? Футбол көруді Фрида Кало мұражайларын аралаумен қалай ұштастыруға болады? Алаңдағы да, одан тыс жердегі де басты оқиғалардан құр қалмас үшін қайда тұру, қалай жету және не жеу керектігін тарқатып айтып береміз

Мехиконың футбол тарихы өте бай. Қала 1970 және 1986 жылдары әлем чемпионатының матчтарын, соның ішінде турнирдің жаһандық мұрасын қалыптастырған екі бірдей финалды қабылдаған. Енді міне, спорт тарихында ерекше орны бар әйгілі стадионға футбол қайта оралды. Жалпы, Мехико тек футбол емес. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан сәулет өнері, өзіндік стилі бар аудандары мен мәдени ошақтары бар, биік таулы ландшафтқа жайғасқан көпқабатты алып шаһар. Бұл қалада футбол, мұражайлар, базарлар мен жергілікті колоритке толы аудандарды бір сапар барысында тамаша ұштастыруға болады.

Әлем чемпионаты қашан және қайда өтеді?

Матчтар өтетін «Ацтека» (Azteca) – әлемдегі ең тарихи футбол стадиондарының бірі. Дәл осы жерде 1970 және 1986 жылғы әлем чемпионаттарының финалдары өткен. Ал биылғы турнирдің 11 маусымға жоспарланған ашылу матчы осында өтеді. Бұған қоса, арена топтық кезеңнің қосымша ойындарын және кем дегенде бір плей-офф кездесуін (турнир кестесіне байланысты) қабылдайды.

Стадион қаланың оңтүстігіндегі Санта-Урсула ауданында, теңіз деңгейінен 2200 метрден астам биіктікте орналасқан. Бұл алаңдағы ойынға да, қала ішіндегі қозғалысқа да өз әсерін тигізеді. Жолға кететін уақыт көлік кептелісіне тікелей байланысты. Рома, Кондеса немесе тарихи орталық сияқты аудандардан стадионға жету үшін айтарлықтай уақыт қажет. Турнир кезінде, әсіресе танымал матчтар алдында, арена маңындағы кептеліс күрт артатыны сөзсіз.

Кейінгі кезеңдердегі ресми жұптар жеребе мен ойын нәтижелеріне байланысты анықталады, сондықтан әзірге тек ашылу матчы ғана нақты белгілі. Дегенмен, жалпы кестеге сүйенсек, Мехико бір ғана ойынмен шектелмей, бүкіл турнир бойы матчтарды тұрақты түрде қабылдайтын қала болып қала береді.

Матчтар арасында қайда баруға болады?

Матчтар арасындағы үзілісте қаланың бай мәдени мұрасымен танысуға болады. Қалаға алғаш келгендер үшін ең танымал орын – Сокало алаңының маңындағы тарихи орталық. Шағын ғана ауданда ескі сәулет өнері, жаяу жүргіншілер аймағы мен басты мәдени ескерткіштер шоғырланған. Бұл маңда жаяу серуендеген өте ыңғайлы, бірақ туристер көп келетін уақытта мұнда ине шаншар жер болмайды.

Орталықтан оңтүстікке қарай Койоакан ауданы орналасқан. Бұл – базарлары, алаңдары мен мұражайлары бар, тыныш әрі адам аз шоғырланған тұрғын аудан. Егер қаланың екінші шетіне сабылып уақыт жоғалтқыңыз келмесе, турнир кестесі арасындағы қысқа экскурсиялар үшін бұл таптырмас орын.

Шетелдік қонақтар көбіне Рома және Кондеса аудандарына тоқтайды. Екі ауданда да жаяу жүруге арналған көшелер, түн жарымына дейін істейтін мейрамханалар мен көңіл көтеретін орындар жетерлік. Бұл уақытты тиімді жоспарлауға көмектеседі. Олар басты көлік маршруттарының бойында орналасқан, алайда орталыққа жақындығына қарамастан, кептеліс мұнда да үлкен мәселе.

Ірі мұражайларды аралау әбден мүмкін, бірақ оны матч кестесіне қарап мұқият жоспарлау қажет. Мехико – аумағы өте үлкен қала. Қарбалас уақытта орталықтан батысқа қарай барудың өзі ойлағаннан әлдеқайда көп уақыт алуы мүмкін.

Мехикода қайда тамақтанған дұрыс?

«Ацтека» стадионының маңындағы тамақтану орындары арнайы дайындалған фуд-корт емес, Мехиконың күнделікті тағамдарын ұсынады. Ойын күндері стадионға барар жолдың бойында көше саудагерлері мен шағын тамақ дүңгіршектері қаптап кетеді.

Бұл маңдағы ең танымал тағамдар – такос аль пастор, торта (сэндвич) және антохито (жеңіл тіскебасарлар). Олар жайғасып отырып ішетін толыққанды асқа емес, үлкен жанкүйерлер легін жылдам тамақтандыруға арналған. Матч басталар алдында және финалдық ысқырықтан кейін мұндай нүктелердің саны күрт көбейеді.

Егер стадион маңындағы жылдам тіскебасардан гөрі толыққанды кешкі ас ішкіңіз келсе, жақын маңдағы аудандарды (мысалы, Койоакан немесе Тлальпан) таңдаған дұрыс. Мұнда мейрамханалар, дәмханалар мен жергілікті базарлар өте көп. Картада олар «Ацтекаға» жақын көрінгенімен, матч күндеріндегі кептеліс пен жолдардың жабылуына байланысты жолға көп уақыт кетуі мүмкін.

Стадион айналасындағы қауіпсіздік шаралары мен халық көп шоғырланғандықтан, көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Сондықтан көліктен түскен соң, ойлағаннан әлдеқайда ұзақ жаяу жүруге тура келеді. Жанкүйерлердің көбі ойын алдында мейрамхана іздеп сабылмас үшін, стадионға келмес бұрын тамақтанып алғанды жөн көреді.