Fika мейрамханасының тең құрылтайшысы Инга Макогон Дубайға барғанда, ат басын бұрмай кетпейтін 11 орын туралы айтып берді. Сіздер де түртіп алып отырыңыздар.
Tatler-Гид арнайы айдарында түрлі саланың мамандары қызықты орындар, ерекше қызметтер, жан сарайын ашатын демалыс түрлері, сатып алуға тұрарлық заттар мен көруге лайық жерлер жайлы кеңес береді. Жаңа айдардың алғашқы кейіпкерлерінің бірі – алматылық Fika мейрамханасының тең құрылтайшысы әрі маркетинг директоры Инга Макогон. Ол дәмді тағам мен сапалы кофені бағалайтындар үшін Дубайдағы үздік 11 орынды іріктеді.
3Fils
3Fils – Дубайдағы ең танымал азиялық асханалардың бірі. Көпшілік мұнда бұрыннан барып жүрсе де, мен үшін бұл әлі де ең үздік орындардың бірі.
Kokoro Hand Roll and Sushi Bar
Мұнда келсеңіз, көкжелке тунец (Bluefin tuna) асына тапсырыс беруді ұмытпаңыз. Қонақтардың көз алдында балғын балықтың сүбе етін тіліп алады. Бұл – керемет атмосферасы бар, жоғары сапалы өнім ұсынатын үздік ролл-барлардың бірі. Орналасқан жері – Alserkal шығармашылық кеңістігі.
The Grey
Таңғы ас ішу үшін тамаша орын. Барлығы шынымен де өте дәмді.
bkry
Демалыс күндері мұнда тек осы жерде пісіретін тоқаштар үшін ұзын-сонар кезек болады. Өз басым бұл бәліштерді аса ұнатпасам да, барға жоғары баға бергім келеді: V60 – қаладағы үздіктердің бірі, матчасы да керемет. Сондай-ақ сапалы кофені Koncrete пен ABC кофеханаларынан табуға болады.
Duo
Мен Дмитрий Блинов пен оның жобаларының үлкен жанкүйерімін. Оның қолынан шыққан туындының бәрі дәмді. Қазір Duo екі жерде бар: Dubai Hills және жақында ашылған Creek Harbour.
Kinoya
Егер нағыз дәмді рамен ішкіңіз келсе, таңдауыңыз Kinoya болсын.
21 grams
Бұл – Балқан асханасын ұсынатын бистро. Мезесі мен балық тағамдары ерекше. Дубайдағы ең сүйікті орындарымның бірі.
11 Woodfire
Мұнда мәзірдегі кез келген тағам дәмді. Ал ешкі сүтінен дайындалған ірімшіктен жасалған чизкейктің дәмі тіл үйіреді!
Orfali Bros Bistro
Мұнда үстелді алдын ала брондаған жөн, себебі мейрамхана Дубайдың гастрономиялық рейтингінде көш бастап тұр. Бұл – The World’s 50 Best Restaurants тізіміне енген осы шаһардағы жалғыз орын. Вагю бургері – мен жеп көрген ең керемет бургер!
Birch
Терезесінен жаңа піскен нан сататын шағын әрі жайлы наубайхана. 15:00-ге дейін бәрі сатылып кетеді.
Matcha Padel Club
Бұл жерге тек ас мәзірі үшін ғана емес, жалпы атмосферасы үшін де бару керек. Егер сіз падел-тенниспен айналысатын болсаңыз, Дубайдағы ең жақсы қауымдастық пен орта дәл осы жерде.
