Егер сіз жайлы курорт іздеп, бірақ стандартты қонақүйлердің шектеулерінен шаршасаңыз, Ikos Resorts желісіне назар аударғаныңыз абзал. Бұл желінің Грекия мен Испания жағалауларында сегіз бірдей демалыс кешені бар: Халкидики түбегіндегі Ikos Olivia мен Ikos Oceania, Корфу аралындағы Ikos Dassia мен Ikos Odisia, Костағы Ikos Aria, Марбельядағы Ikos Andalusia, Майоркадағы Ikos Porto Petro және биыл Крит аралында жаңадан ашылған Ikos Kissamos. Барлық курорттар бірдей жоғары стандартпен қызмет көрсетеді, алайда әрқайсысының табиғаты мен өзіне тән жағажайы бар.

Желінің басты ерекшелігі – all inclusive à la carte тұжырымдамасы. Бұл үйреншікті all inclusive форматына мүлдем ұқсамайды. Мұнда ас-ауқат буфетке емес, таңдаулы мейрамханаларға құрылған. Ондағы мәзірді арнайы Michelin жұлдызымен марапатталған шеф-аспаздар жасайды. Жолдаманың құнына осы мейрамханалардағы тамақ, небір сусындар мен шараптар, балаларға арналған клубтар, тіпті бір күнге MINI электромобилін тегін айдау мүмкіндігі де кіріп отыр. Демалыс кезінде қалтаңыздан артық ақша шықпайды десек те болады, өйткені негізгі қажеттіліктердің бәрі алдын ала төленген.


Тағамдардың да түрі өте көп. Атап айтсақ, курортта бірнеше бағыттағы мейрамханалар жұмыс істейді. Егер грек асханасын ұнатсаңыз, Ouzo-ға барыңыз. Ал италиялық дәмді іздесеңіз, Michelin жұлдызды шефтің Fresco жобасы күтеді. Француз асханасын сүйетіндерге Provence, ал шығыс дәмдерін қалайтындарға Anaya мейрамханасы есігін айқара ашады. Таза ауада тамақтанғысы келетіндер үшін Garden жұмыс істейді. Дәстүрлі буфетке үйреніп қалған қонақтар да назардан тыс қалмаған. Олар үшін Flavors мейрамханасы ашық. Оның мәзірі тіпті ең талғампаз саяхатшылардың өзін таңғалдырады. Шарап картасында жүзден астам атау бар: жергілікті грек және испан маркаларынан бастап, халықаралық таңдаулы шараптарға дейін табылады. Сусындар мен коктейльдердің барлығы тегін.

Отбасылық демалысты таңдайтындар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Курорт аумағында балалар арбасын жалға алуға болады, бөлмелерде сәбилерге арналған ванналар мен бөтелкелер қойылған. Мейрамханаларда арнайы балалар мәзірі мен жаңа сығылған езбелер ұсынылады. Тәулік бойы жұмыс істейтін күтуші қызметі қосымша ақыға көрсетіледі, оны алдын ала брондап қойған дұрыс. Балалардың бос уақытын көңілді өткізуі үшін жасына қарай үш бөлек клуб ашылған. Олар: алты айлықтан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған Heroes Crèche бөбекжайы, 4 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған Heroes Kids Club және жасөспірімдердің Just4Teens клубы. Олар мұнда түрлі шығармашылық сабақтарға қатысып, спорттық ойындар (футбол, баскетбол, теннис, падел, пинг-понг) ойнайды. Ал кешке Hero's Supper Club аясында ата-аналарынан бөлек өз алдына кешкі ас ішеді.

Қонақүй аумағынан тыс жерде де зерікпейсіз. Демалушыларға күні бойы қаланы аралау үшін MINI Countryman электромобилі беріледі (тек жүргізуші куәлігі болса жеткілікті). Сондай-ақ қонақтарға мәдени орындарды емін-еркін аралауға арналған арнайы Culture Pass рұқсат қағазы ұсынылады. Оның көмегімен жергілікті мұражайлар мен жүзімдіктерге тегін кіруге болады. Мысалы, Ikos Olivia курортынан шарап зауытына арнайы экскурсия мен дегустация ұйымдастырылады. Тіпті қаласаңыз, дәстүрлі тавернада курорт есебінен түскі ас іше аласыз. Бұл дегеніміз қонақүйге байланып қалмай, көлік пен кіру билеттеріне артық ақша жұмсамастан айналаны еркін аралауға болады деген сөз.

Оңаша демалысты қалайтындар үшін Ikos Deluxe Collection санаты бар. Бұл пакетті таңдағандар бассейн мен жағажайдағы жабық аймақтарға және мәзірі кеңейтілген жеке барға кіре алады. Оның ішіне тегін спа-процедуралар, жағажайда шам жарығымен өтетін романтикалық кешкі ас пен бөлмедегі PlayStation кіреді. Оған қоса, қонақтарды келген бетте арнайы Taittinger шампанымен күтіп алады. Демалушылар қонақүйге кезексіз орналасып, жылдам шыға алады. Бұған қоса, демалыс бойы ұйымдастыру мәселелерімен айналысатын жеке консьерж тәулік бойы қызмет көрсетеді.

