Нені көру керек?
Ең бастысы – фьордтар (теңіздің құрлыққа терең кіріп тұрған жартасты шығанақтары). Футбол десе іші пысатындардың өзі осы сұлулықты көруге ағылады. Бірақ топырлаған туриске толы үлкен круиз кемесіне мінудің қажеті шамалы. Нағыз демалыс оңашалықты сүйеді. Сондықтан жергілікті табиғатты беске білетін капитан тауып, жеке катер жалдаған дұрыс. Мысалы, Берген қаласының маңындағы жүйрік қайықтар пароммен үш сағат баратын жерге бір сағатта-ақ жеткізеді. ЮНЕСКО тізіміндегі Нерёй мен Гейрангер фьордтарының құпиясы да осында – айнадай мөлдір су мен құлаққа ұратын мінсіз тыныштық.

Норвегия бойынша саяхатты одан әрі қыздыра түскіңіз келсе, Флом (Flåmsbana) теміржолымен жүріп өтіңіз. Пойыз Мюрдаль бекетінен таудан төмен түскенде, терезенің дәл тұсынан Кьосфоссен мен Рьоандефоссен сарқырамалары ағып жатады. Тарих пен сәулет өнеріне қызықсаңыз, 1904 жылғы өрттен кейін ар-нуво стилінде қайта салынған Олесунн қаласына барған жөн.

Тромсёде атақты Арктика соборы мен Флёйя тауына шығаратын аспалы жол бар. Ал Эвре-Пасвик ұлттық паркі жасанды жарық мүлдем түспейтін, жұлдызды аспаны өте анық көрінетін сирек аймақтардың бірі саналады.
Қайда бару керек?
Норвегия мұражайлары аумағы жағынан Луврмен жарыспаса да, мағынасы мен тереңдігі жағынан ешкімге есе жібермейді. Ослодағы жаңа Ұлттық мұражай солтүстік дизайны мен өнерін артық пафоссыз, өте талғаммен көрсетеді. Тронхеймдегі PoMo – бұрынғы электр станциясының ғимаратында орналасқан заманауи өнер орталығы. Ал Кристиансанндағы Kunstsilo кәдімгі астық сақтайтын қоймадан жасалған.

Ослодағы Акерсхус – бүкіл қала алақандағыдай көрінетін, бірақ селфи-таяқша ұстаған туристер қаптамайтын ортағасырлық қамал. Егер одан да көне тарихқа үңілгіңіз келсе, дала ортасында жалғызсырап тұрған XII ғасырдың ағаш шіркеулеріне (ставкиркаларға) барыңыз.

Қайда тамақтануға болады?
Норвегияда 25 Michelin жұлдызы бар! Бұл жай ғана сан емес, қатал климатта өскен өнімдерден нағыз шедевр жасай алатын шеберліктің дәлелі.
Осло
Maaemo (үш жұлдыз) – норвегиялық табиғи әрі жабайы ингредиенттерден жасалған тағамдар.
Kontrast (екі жұлдыз) – экологиялық таза өнімдер мен маусымдық дәмдер.
Credo (бір жұлдыз, 2026 жылы алған) – норвегиялық аспаздық мәдениетінің түп-тамыры.
Ставангер қаласы
RE-NAA (үш жұлдыз) – теңіз жағалауы мен құрлықтың ерекше гастрономиялық үйлесімі.
Sabi Omakase (бір жұлдыз) – Michelin жұлдызы бар шефтің жетекшілігімен ұсынылатын суши.
Берген қаласында
Gaptrast (екі жұлдыз, екіншісін 2026 жылы алды) – жергілікті өнімдерге заманауи көзқарас.
Omakase (бір жұлдыз) – жергілікті теңіз өнімдерінен жасалған эдомаэ-суши.
Lysverket (бір жұлдыз) – Батыс Норвегияның теңіз өнімдерін жаңаша ұсыну тәсілі.
Қала сыртында
Mirabelle by Ørjan Johannessen, Беккьярвик (бір жұлдыз) – жоғары асхананың кішкентай ауылда да гүлдене алатынын дәлелдеп отыр.
Under, Линдеснес (бір жұлдыз) – әлемдегі ең үлкен су асты мейрамханасы.
Kvitnes Gård, Солтүстік Норвегия (бір жұлдыз, 2026 жылы алған) – осы аймақтағы арктикалық мәзір ұсынатын алғашқы Michelin иегері.
Дегенмен, нағыз гастрономиялық ләззатты тек мейрамханалардан ғана емес, қарапайым ортадан да табуға болады. Мәселен, қазан айында Фагнес қаласында өтетін Rakfisk фестиваліне жолыңыз түссе, дәстүрлі гарнирмен ұсынылатын ашытылған форель балығынан міндетті түрде дәм татыңыз. Ал Тромсёдегі Mathallen гастро-базарына кірсеңіз, бұғы етінен пісірілген жұмсақ стейкке, ал Fiskekompaniet-те алып патша шаянына тапсырыс беріңіз. Тәтті карамель дәмімен тіл үйіретін атақты brunost ірімшігін де назардан тыс қалдырмаған жөн – оны Ослодағы Fenaknoken дүкенінен немесе Mathallen гастро-холлынан оңай табасыз. Ал осы тағамдардың бәрін скандинавтардың дәстүрлі аквавит сусынымен (картоп немесе астық спиртіне зире, аскөк пен анис қосып тартатын ішімдік) немесе Ольмхайм фермасының балғын сидрімен ішкен дұрыс.
Қайда тоқтаған жөн?
Норвегияда теңіз жағасына биік қонақүйлер соғу деген ұғым жоқ. Мұндағы нағыз люкс деңгей – көршілерің сені мүлдем көрмейтін оңашалық.
Juvet Landscape Hotel (Валльдал) – қалың орманға сіңіп кеткен шыны қабырғалар, өзенге ашылатын мінсіз көрініс, одан басқа ештеңе жоқ.
The Bolder – жартас басында орналасқан, фьордқа қарайтын ультразаманауи үйшіктер.
Storfjord Hotel – Суннмёр Альпілеріне көрініс ашылатын 30 бөлмелі қонақүй.
Opus XVI (Берген) – тарихи Брюгген ауданынан екі-ақ аттам жерде, қала орталығында орналасқан бутик-қонақүй.
Nusfjord Arctic Resort (Лофотен аралдары) – жеке спа-кешені бар, бұрынғы балықшылар ауылы.
Қашан бару керек?
Норвегияға жылдың кез келген мезгілінде баруға болады, бәрі сіздің не істегіңіз келетініне байланысты.

Мамыр – қыркүйек
Кулкейшн (салқын демалыс) – ақ түндер, алтын нұрлы жарық пен сарқырамалардың нағыз таситын шағы. Хайкинг, каякинг және ұлттық туристік маршруттарды аралауға таптырмас уақыт. Мамыр айында Осло бақтары гүлдесе, тамыз – ұлттық парктерге жорыққа шығудың ең керемет кезі.
Қыркүйек – қазан
Барқыт маусымы. Туристер азайып, күн нұры жұмсарады, айнала күзгі бояуға еніп, солтүстік шұғыласы (Аврора) қайта оралады. Жеке гид жалдап, қаланы асықпай аралауға таптырмас уақыт.
Желтоқсан – наурыз
Поляр түні, Аврораны аулау, ит жеккен шанамен сырғанау және панорамалы терезесі бар лоджиялар. Ал желтоқсанда Осло мен Бергенде рождестволық жәрмеңкелер қызады: жайлы базарлар мен ыстық глинтвейн

Қорыта айтсақ, Норвегия жай ғана трендке айналған жоқ. Тыныштық пен кеңістікті бәрінен биік қоятын ел аяқастынан миллиондаған адамды өзіне қаратты. Бұл жаққа келген адам мынаны анық түсінеді: қаланың шуы мен қарбаласы тез ұмытылады. Бірақ жартастың басында тұрып сезінген табиғаттың тынысы мен желдің уілі ешқашан естен кетпейді.
